Жаңа Конституция жобасы – Қазақстанның құқықтық дамуының жаңа белесін айқындайтын, мазмұны мен мәні терең құжат. Оның басты ерекшелігі – адам құқықтары мен бостандықтарының мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде алғаш рет Преамбулада тікелей жариялануы. Бұл қағидат Конституция мәтінінің әрбір бөлімінде логикалық әрі мазмұндық тұрғыда жалғасын табады.
Конституцияның «Негізгі құқықтар, бостандықтар және міндеттер» бөлімі әзірленген кезде Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы, Қазақстан ратификациялаған халықаралық пактілер мен жалпыға бірдей танылған халықаралық-құқықтық стандарттар барынша ескерілді. Соның нәтижесінде адам мен азаматтың жеке, әлеуметтік-экономикалық және саяси құқықтарының мазмұны тереңдетіліп, оларды іске асыру мен қорғауға берілетін кепілдіктер айтарлықтай күшейтілді.
Жаңа редакцияда өмір сүру құқығының абсолютті сипаты, жеке басына қол сұқпаушылық, цифрлық дәуір жағдайында жеке деректерді қорғау, сондай-ақ «Миранда ережесінің» конституциялық деңгейде бекітілуі – құқықтық мемлекеттің нақты көрінісі. Сонымен қатар сөз бостандығы, ғылыми, техникалық және шығармашылық еркіндік, зияткерлік меншік құқығын қорғау мәселелері де кеңінен қамтылған.
Әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауға ерекше назар аударылуы да Конституция жобасының әлеуметтік бағдарын айқындайды. Дін мен мемлекеттің бөліну қағидаты нақтыланып, рухани және діни білім беру ұйымдарын қоспағанда, білім беру мен тәрбие жүйесінің зайырлы сипаты бекітіледі. Неке – ер мен әйелдің ерікті әрі тең құқықты одағы ретінде айқындалып, бұл норма дәстүрлі құндылықтарды қорғаумен қатар әйелдердің құқықтарын нығайтуға бағытталған.
Аталған реформалар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған бір палаталы Парламент құру бастамасының аясында өрбіді. Президент бұл идеяны 2025 жылғы 8 қыркүйектегі халыққа Жолдауында елдің саяси жүйесін кешенді жаңғырту және жасанды интеллект дәуіріндегі әлеуметтік-экономикалық серпінді қамтамасыз ету қажеттілігімен байланыстырды. Осыдан кейін Парламенттік реформаны іске асыру жөніндегі жұмыс тобы құрылып, оның жұмысына ғалымдар, сарапшылар, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар өкілдері тартылды.
Талқылау үдерісіне азаматтардың кеңінен қатысуы реформаның айрықша белгісіне айналды. e-Otinish және eGov порталдары арқылы мыңдаған ұсыныс жолданып, олардың екі мыңнан астамы жүйелі түрде қаралды. Осылайша, жаңа Конституция жобасы қоғаммен ашық әрі инклюзивті диалог нәтижесінде қалыптасты.
2026 жылғы қаңтарда өткен V Ұлттық құрылтай отырысында Мемлекет басшысы атқарылған жұмысты қорытындылап, бастапқыда жоспарланған өзгерістер ауқымының айтарлықтай кеңейгенін атап өтті. Бұл реформаның тек институционалдық емес, мазмұндық тұрғыдан да терең екенін көрсетті.
2026 жылғы 21 қаңтарда құрылған Конституциялық комиссия құрамына елдің барлық өңірлері мен әлеуметтік топтарының өкілдері еніп, оның жұмысы толық ашық форматта жүргізілді. Комиссия Қазақстанның жаңа Конституциясын әзірлеу арқылы мемлекеттің адамға бағдарланған, әділетті және заманауи құқықтық жүйесін қалыптастыруды басты мақсат ретінде айқындады.
Жаңа Преамбулада бірлік пен ынтымақтастық, ұлтаралық және дінаралық келісім, егемендік пен аумақтық тұтастық өзгермейтін құндылықтар ретінде бекітілді. Әділеттілік, Заң мен Тәртіп, табиғатқа жауапкершілікпен қарау алғаш рет конституциялық қағидат деңгейіне көтерілді. Сонымен қатар мемлекеттің болашағы табиғи ресурстармен емес, адами капиталмен, біліммен, ғылыммен және инновациямен айқындалатыны нақты көрсетілді.
Жаңа Конституция жобасының басты өзегі – адам құқықтарына бағдарланған мемлекет тұжырымдамасы. Бұл құқықтар тек декларативті сипатта емес, бүкіл конституциялық құрылымның мағыналық тірегіне айналып отыр. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа Конституция Қазақстанның сенімді түрде болашаққа қадам басқанын көрсететін стратегиялық құжат ретінде бағаланады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Заң факультетінің деканы
У.А. Ахатов


