Əділет полковнигі, отставкадағы судья Советхан Сəкеннің есімі аталса əріптестері бұл кісі сот саласының саңлағы ғой дейді. Елден ерен, озат деген мағынаны білдіретін «саңлақ» сөзі мыңнан, миллионнан бір адамға ғана айтылатынын ескерсек бұл кəсіби судья үшін ең үлкен марапат екені анық. «1985 жылы, қазіргі əл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің заң факультетін бітірдім. Құқық қорғау органдарындағы 40 жылдық еңбек жолымда қайда жүрсем де қатардағы көп маманның бірі болып қалмай, атаның емес, адамның ұлы болып елге қызмет етуді алдыма мақсат етіп қойдым. Бұл жолда өз ұстанымыма адал болып, қанша қиындық көрсем де отбасындағы ата-анамның, мектеп пен университеттегі ұстаздарымның атына ешқашан кір келтірмегенім үшін өзімді бақытты адаммын деп ойлаймын», – деді Алматыдағы ҚазҰУ-дың заң факультетінде «Судья» деп аталатын кітабының таныстырылымын жасаған Советхан Сəкен.

Оның алғысөзінде ҚР Судьялар одағының төрағасы Досжан Əмір: «жинақта əріптесіміз сот саласының барлық болмысын, қыры мен сырын, жетістігі мен кемшілігін шынайы жанашырлықпен көрсеткен екен. Ондағы кестелі ойлары, терең толғамдары, батыл ұсыныстар мен кесек пікірлер судьяның өз принципіне табандылығын, кəсібіне адалдығын аңғартады. Кітаптың алғашқы беті Советхан Сəкенұлының «Судьяға (биге) үміткерге қандай талаптар қойылуы қажет?» деген 2002 жылы жазылған мақаласынан басталады. Талаптары орынды, ретті, дұрыс. Ал осы талаптар араға жеті жыл салып 2009 жылдың 18 қаңтарында өткен ҚР Судьяларының V құрылтайында Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың сот жүйесіне жүктеген тапсырмасында көрініс тапқан. Осының өзі əріптесіміздің көрегендігін, өзі қызмет етіп отырған саланы жақсартсақ, жетілдірсек деген ізгі ниетін көрсетеді. Сонымен бірге, бұл автордың өзі байқаған мəселелерді жылы жауып қоймай, батыл айта алатын, тайсалмай жаза білетін принципшілдігін аңғартса керек. Қазақстанда үш мыңға жуық судья бар. Ал осы судьялардың ішінде өзіне жүктелген міндетті талапқа сай орындаумен шектеліп, бұйығы тірлік кешіп жатқандары қаншама! Осындай əріптестерімен салыстырғанда Советхан Сəкенұлы шеңберге сыймайтын, қалыпқа бағынбайтынымен ерекше. Мұны əріптестеріміздің бұқаралық ақпарат құралдарына жазған мақалаларынан, журналистерге берген сұхбаттарынан байқау қиын емес.
Журналистермен еркін, емен-жарқын тілдесіп, пікірлесуді жақсы дəстүрге айналдырған əріптесіміздің заң, сот, құқық қорғау саласында талқыламаған, көтермеген, пікір білдірмеген мəселесі, тақырыбы аз. Əрі олардың қай-қайсысын алсаңыз да көпшілікке ой саларлықтай, жас буынға өнеге көрсетерліктей» – деп жазған екен. Əл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Басқарма мүшесі, тұрақты əлеуметтік даму жөніндегі проректор Бақытжан Омаровтың айтуынша, Советхан Сəкеннің «Судья» деп аталатын бұл кітабының таныстырылымы қазақстандық сот жүйесінің өткені мен бүгініне терең үңілуге мүмкіндік беретін маңыз ды зияткерлік оқиға болды. Бұл еңбек бір адамның кəсіби жолының шежіресі ғана емес, ол сот билігінің ішкі философиясының, судья мамандығының айрықша жауапкершілігі. Əділдік пен заң алдында адалдықтың күрделі табиғатын ашып көрсететін маңызды туынды. «Автордың көпжылдық судьялық тəжірибесіне сүйене отырып жазылған ой-толғамдары оқырманды сот төрелігінің ішкі мəніне, адам тағдырымен тікелей байланысты салдарын білуге жетелейді. Əсіресе қоғамда кеңінен талқыланған «Қорғас ісіне» қатысты жеке естеліктер мен пайымдары сот қызметіндегі кəсіби батылдықтың, жауапкершіліктің жəне ар-ожданның көрінісі ретінде бағалы. Сонымен қатар, əр жылдары бұқаралық ақпарат құралдарына жарияланған мақалалар мен сұхбаттардың бір жинаққа топтастырылуы бұл еңбектің қоғамдық-саяси, публицистикалық салмағын арттыра түседі.
Тұсаукесер рəсімін əл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Заң факультеті мен «ЗАҢ» Медиакорпорациясының бірлесіп ұйым дастыруы ғылыми-тəжірибе жəне қоғамдық пікір кеңістігінің өзара тиімді тоғысуының жарқын үлгісі», – деген Б.Омаров алдағы уақытта Заң факультетінде кітап авторының жастарға арнайы келіп, жеке дəрістерін өткізуіне жағдай қарастырылатынын жеткізді. Советхан Сəкенұлының өмір жолына үңілген адам оның адвокат, тергеуші, криминалист, прокурор, судья болып құқық қорғау органдарының барлық саласында қызмет етіп, үлкен тəжірибе жинағанын аңғартады. Ол атап айтқанда 1985–1986 жылдары адвокат, 1986– 1999 жылдары аудандық прокуратурадан ҚР Бас прокуратурасына дейін Бас Əскери прокуратура, Жоғарғы Сотта, Бас əскери полиция басқармасында əртүрлі жауапты, басшы лауазымдарында қызмет істеген. 2000–2010 жылдары ҚР Əскери сотының судьясы, 2010–2014 жылдары Алматы қаласындағы аса ауыр қылмыстар қарайтын мамандандырылған ауданаралық əскери сотының төрағасы. 2014–2020 жылдары Алматы облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы. 2020–2024 жылдары Алматы қалалық сотының судьясы болып, 2024 жылы құрметті отставкаға шыққан. «DAT» медиажобасының редакторы Құтмағамбет Қонысбайдың сөзіне қарағанда Қазақстанда Советхан Сəкендей 100 судья болса Қазақстанда əлдеқашан əділеттік орнайтын еді.
Ол толық орнамаған соң Мемлекет басшысы жыл сайынғы жолдауында «Əділетті Қазақстан» құрам деп шырылдап жүр. «Сондықтан болашақта құқық қорғау органдарында қызмет етем деген əрбір жас алдына мен əділ судья, əділ прокурор, əділ полиция болам деп мақсат қоюы керек. Бұл кітап сіздер үшін бағдаршам болсын. Қатарларыңызда жемқор, парақор, жағымпаз, жалтақ, қорқақ жан болмасын. Өйткені «Əділетті Қазақстанды» құратын сіздерсіздер. Сол жолда сіздерге табыс тілеймін» деп студенттерге өзінің ізгі тілегін жеткізді. Таныстырылым кезінде автор əйгілі «Қорғас ісінде» айыптау қорытындысының қазақшасы – 35, орысшасы – 35 том болып, орыс тілінде жүрген істің үкімі 7 том болғанын айтты. Осы үкімнің бірінші нұсқасы Астанадағы қарулы күштердің музейінде тұрса, бүгін оның екінші нұсқасын болашақ мамандарды оқытуда үлгі болсын деп Заң факультетіне сыйлады. Ол енді университеттің əл-Фараби кітапханасының құнды мұрағаты.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті»


