
– Уалихан Ақыпбекұлы, сіздің кəсіби еңбек жолыңыз қалай басталды?
– Мен 1996 жылы əл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің табалдырығын аттап, 2000 жылы «Құқықтану» мамандығын үздік дипломмен тəмамдадым. Сол жылы-ақ осы оқу орнының заң факультетінің магистратурасына қабылданып, 2002 жылы «Мемлекеттік құқық жəне басқару» мамандығы бойынша магистр дəрежесін де үздік қорғадым. 2002 жылдан бастап əл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультетінде мемлекет жəне құқық теориясы мен тарихы, конституциялық жəне əкімшілік құқық кафедрасында ассистенттен бастап, оқытушы, аға оқытушы, доцент қызметтерін атқарып келемін. Студенттік кезеңді жеңіл болды деу қиын. Ол жылдары елдегі экономикалық жағдай тұрақсыз, шəкіртақы мардымсыз еді. Алайда ең үлкен қиындық – қазақ бөлімінде оқысақ та, негізгі оқу əдебиеттерінің басым бөлігі орыс тілінде болатын. Соған қарамастан, біз мойымадық. Бір-бірімізге демеу болып, түсінбеген тақырыптарды бірге талқыладық, өзара ғылыми үйірмелер мен пікірталас клубтарын құрдық. Біздің ең үлкен бақытымыз – Қазақстандағы құқық ғылымының іргетасын қалаған көрнекті тұлғалардан тікелей дəріс алу мүмкіндігіне ие болғанымыз. Атап айтқанда, академиктер Сартаев, Сапарғалиев, Баймаханов, Зиманов сынды заң ғылымының алыптары бізге сабақ берді. Сол ұлы ұстаздардың ғылыми мектебі мен үшін кəсіби ғана емес, өмірлік бағдарыма айналды.
– Студент кезіңізде оқулықтардың басым бөлігі орыс тілінде болғанын, белгілі бір қиындықтар кездескенін айтып қалдыңыз. Ал қазіргі студенттер үшін жағдай жеңілдеді деп айта аламыз ба?
– Бүгінгі жағдай біздің студенттік кезеңмен салыстыруға келмейді. Қазір Қазақстанда заңгер мамандарын даярлайтын 50-ден астам жоғары оқу орны бар, соған сəйкес құқықтық білім беру жүйесі де айтарлықтай дамыды. Бүгінде заң білімін алу үшін қажетті оқу əдебиеттері бірнеше тілде қолжетімді. Егер бұрын негізінен орыс тіліндегі оқулықтарға тəуелді болсақ, қазір қазақ, орыс жəне ағылшын тілдерінде оқулықтар, монографиялар, ғылыми еңбектер мен зерттеу жұмыстатары жарық көріп отыр. Сонымен қатар, Scopus базасына кіретін беделді журналдарда қазақстандық жəне шетелдік ғалымдардың қылмыстық, еңбек, конституциялық, əкімшілік құқық жəне басқа да салалар бойынша ғылыми зерттеулері тұрақты жариялануда. Бұл отандық құқық ғылымының деңгейі өсіп келе жатқанын көрсетеді. Əл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де электронды кітапхана жүйесі де жақсы дамыған. Студенттер кез келген жерден онлайн форматта қажетті əдебиетті еркін пайдалана алады. Негізгі оқулықтар, оқу-əдістемелік құралдар мен қосымша дереккөздер жеткілікті. Біздің басты мақсатымыз – студенттерге оқу процесінде барлық қажетті жағдайды жасау. Ал ең маңызды фактор – студенттің өз ынтасы, ізденісі мен еңбекқорлығы. Мүмкіндік бар жерде нəтиже де болады.
– Сіздерде білім беру бағыттары қандай? Заң факультетінде қандай бағдарламалар бойынша маман даярланады?
– Қазіргі білім беру бағдарламалары мемлекеттік стандартқа сəйкес бірнеше ірі бағытқа бөлінеді. Негізгі бағыттар – «Құқық» жəне «Құқық қорғау қызметі». Сонымен қатар ұлттық қауіпсіздік саласына қатысты арнайы білім беру бағдарламалары да бар. Бакалавриат деңгейінде алты негізгі білім беру бағдарламасы жүзеге асырылады. Олар: құқықтану, кеден ісі, қаржы құқығы, корпоративтік құқық жəне мемлекеттік қызмет. Магистратура деңгейінде 12 білім беру бағдарламасы бар, ал докторантурада 1 білім беру бағдарламасы іске асырылады. Біздің басты ұстанымымыз – студентке таңдау мүмкіндігін беру. Яғни, студент оқуға түскен сəттен бастап заң саласының қай бағытына бет бұратынын ойланып, саналы түрде шешім қабылдауы тиіс. Біз өз тарапымыздан бағыт-бағдар беріп, кеңес ұсынамыз. Ал прокурор болу, ішкі істер органдарында қызмет ету, сот жүйесіне бару немесе адвокатураны таңдау – студенттің жеке таңдауы.
– Бұл – теориялық дайындық. Ал практикалық жағынан қалай ұйымдастырылған?
– Қазіргі заман талабы – тəжірибеге негізделген білім. Сондықтан бізде оқыту үдерісі теория мен практиканы қатар ұштастыруға бағытталған. Мен студент болған кезде өндірістік тəжірибе тек 2-курс пен 4-курс соңында ғана қарастырылатын. Қазір əр оқу курсында тəжірибелік компонент бар. Көптеген сабақтар соттарда, банктерде, ішкі істер департаменттерінде, əкімдіктерде жəне өзге де мемлекеттік əрі құқық қорғау органдарында өтеді. Осылайша студент аудиторияда алған білімін тікелей практика барысында бекітеді. Бұл болашақ маманның кəсіби тұрғыдан қалыптасуына елеулі ықпал етеді.
– Студенттердің шетелде білім алу мүмкіндігі бар ма?
– Иə, бізде академиялық ұтқырлық бағдарламасы белсенді түрде жүзеге асырылып келеді. Студенттер, магистранттар мен докторанттар əлемнің жетекші университеттерінде бір немесе екі семестр білім алу мүмкіндігіне ие. Аталған бағдарлама Ғылым жəне жоғары білім министрлігі тарапынан қолдау табуда. Қазіргі таңда əл-Фараби атындағы ҚазҰУ əлемнің 600-ден астам университетімен ынтымақтастық туралы келісімшарт жасасқан. Ал заң факультетінің өзінде шамамен 50 шет елдік жоғары оқу орнымен тікелей келісім бар. Бүгінде біздің студенттер Баку мемлекеттік университеті, Адам Мицкевич атындағы университет (Польша), Ка’ Фоскари университеті (Италия), Солтүстік-Батыс саяси ғылымдар жəне құқық университеті (Қытай), Стамбул университеті, сондай-ақ Бейжің қаласындағы Саяси ғылымдар жəне құқық университеті сияқты оқу орындарында білім алуда.
– Академиялық ұтқырлықтың студент үшін басты пайдасы неде?
– Бұл, ең алдымен, студенттің білім көкжиегін кеңейтеді. Олар шетелдік профессорлардың дəрістерін тыңдап, өзге елдердің құқықтық жүйелерімен танысады, тілдік дағдыларын дамытады. Сонымен қатар халықаралық ортада білім алған студенттің кəсіби сенімі артып, ой-өрісі кеңейеді. Мұның барлығы бəсекеге қабілетті, заманауи заңгерді қалыптастырудағы маңызды тетік болып табылады.
– Академиялық ұтқырлық бағдарламасына тек студенттер ғана қатыса ма, əлде оқытушылар құрамына да мүмкіндік қарас тырылған ба?
– Əрине, бұл мүмкіндік тек студенттерге ғана арналған емес. Біздің оқытушылар да шетелдік жетекші университеттерде білімін жетілдіріп, тəжірибе алмасып келеді. Қазіргі таңда Заң факультетінде шамамен 27 оқытушы «500 ғалым» мемлекеттік бағдарламасы аясында шетелдік тағылымдамадан өтті немесе өтіп жатыр. Бұл бағдарлама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып, жоғары білім саласындағы кадрлық əлеуетті күшейтуге бағытталған. Бағдарлама шеңберінде оқытушылар əлемнің жетекші университеттерінде 6 айдан 2 жылға дейін тағылымдамадан өтіп, заманауи оқыту əдістемелерімен, жаңа зерттеу тəсілдерімен жəне білім беру технологияларымен танысады. Жиналған тəжірибе кейін оқу үдерісіне тікелей енгізіледі. Өз басым да осы бағдарламаның қатысушысымын. 2023–2024 жылдары АҚШ-тың астанасы Вашин гтон қаласындағы George Washington University базасында бір жылдық ғылыми тағылымдамадан өттім. Сол кезеңде конституциялық жəне əкімшілік құқық саласындағы заманауи зерттеулермен танысып, халықаралық əріптестермен бірлескен ғылыми жұмыстар жүргіздік. Мұндай тəжірибе оқытушының кəсіби деңгейін арттырып қана қоймай, студенттерге берілетін білім сапасына да тікелей əсер етеді. Яғни, халықаралық тəжірибе факультеттің жалпы дамуына ықпал ететін маңызды фактор.
– Қазіргі заңгерлер нарығында бəсекеге қабілетті болу үшін қандай дағдылар маңызды?
– Қазіргі еңбек нарығында заңгерге қойылатын талаптар айтарлықтай күшейді. Ең алдымен, мықты теориялық база қажет. Заң нормаларын үстірт білу жеткіліксіз, олардың мəнін, қолданылу тетіктерін жəне өзара байланысын терең түсіну маңызды. Сонымен қатар аналитикалық ойлау қабілеті жоғары болуы тиіс. Заңгер нақты жағдайды жан-жақты талдап, бірнеше ықтимал шешім нұсқасын көре білуі қажет. Сыни ойлау, дəлелдерді сауатты құрастыру жəне өз құқықтық ұстанымын негіздей алу – бəсекеге қабілетті маманның негізгі белгілері. Қазіргі кезең – цифрландыру дəуірі. Осыған байланысты заңгердің цифрлық сауаттылығы ерекше маңызға ие. Электронды дерекқорлармен жұмыс істеу, онлайн платформаларды пайдалану жəне құқықтық ақпаратты жедел таба білу күнделікті қажетті дағдыларға айналды. Тілдік құзыреттілік те маңызды рөл атқарады. Мемлекеттік тілді еркін меңгерумен қатар, орыс жəне ағылшын тілдерін білу халықаралық құжаттармен жұмыс істеуге жəне шетелдік тəжірибені зерделеуге мүмкіндік береді. Ең бастысы – кəсіби этика, жауапкершілік жəне үздіксіз өзін-өзі дамытуға деген ұмтылыс. Заң үнемі өзгеріп отырады, сондықтан заңгер де үнемі білімін жаңартып, ізденісте болуы тиіс. Осындай қасиеттердің жиынтығы ғана бүгінгі еңбек нарығында сұранысқа ие маманды қалыптастырады.
– Пандемиядан кейін көптеген үдеріс онлайн форматқа көшті. Бүгінде кейбір сот отырыстары да онлайн өтіп жатыр. Бұл үрдіске көзқарасыңыз қандай?
– Иə, пандемия құқық саласына да елеулі өзгерістер əкелді. Қазіргі таңда көптеген қызметтер онлайн форматта көрсетіліп, сот процестерінің бір бөлігі қашықтан өткізіліп жатыр. Бұл – уақыт талабы. Біз технология қарқынды дамыған кезеңде өмір сүріп отырмыз. Соңғы жылдары цифрландыру мен электронды қызметтерді енгізуге байланысты бірқатар заңнамалық өзгерістер қабылданды. Мұның нəтижесінде сот төрелігінің қолжетімділігі артты, азаматтардың уақыты мен ресурстары үнемделе бастады. Мен бұл үрдіске қарсы емеспін, себебі бүкіл əлем осы бағытта дамып келеді. Алайда онлайн формат пен дəстүрлі сот отырыстары арасында белгілі бір тепе-теңдік сақталуы тиіс деп есептеймін. Кейбір күрделі істер бойынша сот процесінің тікелей, офлайн форматта өтуі маңызды.
– Жасанды интеллектті құқық саласында қолдану мəселесіне көзқарасыңыз қандай? Бұл бағытта факультетте қандай жұмыстар атқарылуда?
– Жасанды интеллект – бүгінгі күннің ең өзекті тақырыптарының бірі. Осы бағытта Заң факультетінде ірі ғылыми жоба жүзеге асырылып жатыр. Жобаның негізгі мақсаты – заң шығару процесінде жасанды интеллект элементтерін қолдану арқылы құқықтық үдерістерді оңтайландыру. Бұл ғылыми жобаның жетекшісі өзіммін. Қазіргі таңда жобаға 35-ке жуық маман тартылған. Əл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де Ақпараттық технологиялар жəне жасанды интеллект факультеті жұмыс істейді. Аталған факультет пен заң факультетінің оқытушылары бірлесіп, пəнаралық негізде зерттеу жүргізіп келеді. Əртүрлі сала мамандарының қатысуы жобаның сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Біз бұл бағытта екінші жыл қатарынан жүйелі түрде жұмыс істеп жатырмыз. Биыл осы ғылыми жобаның негізінде жасанды интеллектке сүйен ген ауқымды бағдарламаны іске қосу жоспарланып отыр. Бұл бастама отандық құқық ғылымының дамуына жəне заң шығару сапасын арттыруға өз үлесін қосады.
– Жасанды интеллектті оқу процесінде студенттер қалай қолдана алады?
– Жасанды интеллект студент үшін, ең алдымен, көмекші құрал ретінде қарастырылады. Ол ақпарат іздеу, тақырыпты түсіну, материалды жүйелеу сияқты үдерістерде пайдаланылуы мүмкін. Алайда тапсырмаларды, курстық жұмыстарды, дипломдық немесе ғылыми еңбектерді жасанды интеллект арқылы орындатуға жол берілмейді. Бұл – академиялық этикаға қайшы. Біз үшін басты қағида – студенттің білімді өз бетінше меңгеруі жəне жеке ойлау қабілетінің қалыптасуы. Осы талапқа сəйкес факультетте барлық жазбаша жұмыстар міндетті түрде антиплагиат жүйесі арқылы тексеріледі. Сонымен қатар оқытушылар жұмыстың мазмұнына, логикалық құрылымына жəне стильдік ерекшеліктеріне де мəн береді. Яғни, жасанды интеллект ойды алмастыратын емес, керісінше, ойды дамытуға көмектесетін құрал болуы тиіс. Бұл ұстаным факультет үшін негізгі бағыт болып қала береді. Қазіргі уақытта бұл бағыттағы зерттеулер жүйелі сипат алып отыр. Соның нəтижесінде биыл жасанды интеллект технологияларына негізделген ауқымды бағдарламаны іске қосу көзделуде. Бұл бастама ұлттық құқық ғылымының дамуына жəне заң шығару үдерісінің сапасын арттыруға оң əсерін тигізеді.
– Жеке тəжірибеңізге сүйене отырып, студенттерге қандай кеңес берер едіңіз?
– Менің ойымша, студенттерге берілетін ең басты кеңес – теориямен шектеліп қалмай, оны міндетті түрде тəжірибемен ұштастыру. Заң – қағаз жүзіндегі ереже ғана емес, оны нақты өмірде дұрыс қолдана білу маңызды. Сондықтан кез келген мүмкіндікті пайдаланып, практикалық істерге қатысу, сот отырыстарын көру, адвокаттармен жəне заңгерлермен байланыс орнату қажет. Сонымен қатар коммуникациялық жəне жазбаша дағдыларды дамыту аса маңызды. Өз ойын нақты, логикалық жəне сенімді жеткізе білу студентті өзгелерден ерекшелендіреді. Құжаттар дайындау, келіссөз жүргізу, презентация жасау – мұның барлығы кəсіби өмірге дайындықтың бір бөлігі. Технологияларды меңгеруге де көңіл бөлу керек. Құқықтық дерекқорлармен жұмыс істеу, LegalTech құралдарын қолдану – қазіргі заманғы заңгер үшін қалыпты талапқа айналды. Бұған қоса, сыни ойлау мен стратегиялық көзқарас ерекше мəнге ие. Ақпаратты жай қабылдап қана қоймай, оны талдап, негізделген шешім қабылдай білу қажет. Ең бастысы – ұзақ мерзімді мақсатты айқындап, өзіне деген сенімді сақтай білу. Алғашқы кезеңде тəжірибе аз болып, қателіктер кетуі мүмкін, бірақ əрбір қателік – кəсіби дамуға мүмкіндік. Үнемі əрекет етіп, өз-өзіңді жетілдіріп отыру – табыстың негізгі кепілі.
Аружан МАУЛЕНБАЙ, «Заң газеті»


