Заманымыздың заңғар перзенті Бауыржан Момышұлы «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген екен. Расында заң мен тәртіп барлық мемлекеттің қауіпсіздігі мен дамуының алғышарты. Әрбір азамат заң талаптарын сақтап, құқыққа қайшы әрекеттер жасамаған жағдайда ел болашағы баянды болып, заңсыздыққа жол берілмейді. Өкінішке қарай, өркениетті елдер көшіне енді ілескен Қазақстанның заң, құқықтық саласында әлі де жетілдіруді, жаңғыртуды қажет ететін тетіктер аз емес. Біздің қолданыстағы заңдарымыздың жиі өзгеріп, толықтырылулардың ұдайы ензілетіні сондықтан.
«Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2025 жылғы 10 қаңтардағы заңына сай қолданыстағы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске жаңа әкімшілік жаза түрінің енгізілгенін көпшілік жақсы хабардар. Ол – қоғамдық жұмыстарға тарту.
Бұл жаза түрін енгізудің өзіндік мәні бар. Әкімшілік құқық бұзушылықтарға қатысты жаза белгілегенде жазалаудан гөрі, тәрбиеге және әлеуметтік жағдайға көбірек ден қойылатыны түсінікті. Қоғамдық жұмысқа тарту жазасының да негізгі мақсаты құқық бұзушыға өзінің кінәсін еңбек арқылы өтеуге мүмкіндік беруге бағытталған. Яғни, заңнамаға осы жаза түрін енгізу арқылы құқық бұзушыларды қоғамға пайдалы еңбекке тарту және баулу, қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыру, құқық бұзушылықтың алдын алу және өз іс-әрекетінің салдарын түсіну мақсаты көзделіп отыр. Бұл жаза адамды қоғамнан оқшаулауға емес, керісінше, қоғаммен байланысын нығайтуға бағытталған.
Қоғамдық жұмыстарға тарту айыппұл немесе әкімшілік қамауға алу жазасымен салыстырғанда азаматтарға айтарлықтай тиімді. Себебі қамаққа алу құқық бұзушының жақындарымен арадағы сыйластығына сына түсіріп, қоғамнан алыстатса, айыппұл тек құқық бұзушының ғана емес, отбасының қаржылық ахуалына салмақ салады. Осы айыппұл төлеуге мүмкіндігі жоқ азаматтар үшін қоғамдық жұмыс – тиімді және әділетті балама. Ол құқық бұзушыны қоғамнан оқшауламайды, қайта сол қоғамның игілігіне еңбек етуге бағыттайды, мемлекет үшін экономикалық жағынан да айтарлықтай тиімді.
Қоғамдық жұмыстарға тартудың тәртібі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 49-1-бабында дәйектелген. Аталған бапқа сәйкес сот жеке тұлғалардың келісімі болған кезде ғана қоғамдық жұмыстарды негiзгi әкiмшiлiк жаза ретiнде ғана қолданады. Қоғамдық жұмыстардың ұзақтығы сағатпен есептеледі және олар 10 (он) сағаттан 100 (бір жүз) сағатқа дейінгі мерзімді қамтиды. Қоғамдық жұмыс уақыты күніне бір сағаттан аз болмауы және төрт сағаттан көп болмауы тиіс. Әрі ол жұмыстан және оқудан бос уақытта орындалуы шарт. Жалпы қоғамдық жұмыстарды орындаудың жалпы ұзақтығы төрт айдан аспауға тиіс.
Қоғамдық жұмысқа тарту жазасы қолданылмайтын категориялар да бектілген. Бұл қатарға жүкті әйелдер, үш жасқа дейiнгi жас балалары бар әйелдер, үш жасқа дейiнгi жас балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған ерлер, он сегіз жасқа толмағандар, бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар, елу сегіз жастағы және ол жастан асқан әйелдер, алпыс үш жастағы және ол жастан асқан ерлер, Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұрмайтын шетел азаматтары және азаматтығы жоқ адамдар кіреді. Бұдан бөлек әскери қызметшiлер мен әскери жиында жүрген әскери мiндеттiлер, арнаулы мемлекеттік органдар мен құқық қорғау органдарының қызметкерлерiне қызметтік міндеттерін атқару кезінде жасаған әкiмшiлiк құқық бұзушылықтары үшiн қоғамдық жұмыстарға тарту түрiндегі әкiмшiлiк жазаны қолдануға болмайды.
ӘҚБтК-нің 744-бабының 3-бөлігіне сай қоғамдық жұмыстарға тартуға қатысты iстердi қарауға әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылатын адамның қатысуы мiндеттi. Ал осы кодекстің 914-1-бабына сәйкес адамды қоғамдық жұмыстарға тарту туралы сот қаулысы заңды күшіне енгеннен кейін міндетті түрде орындалуы тиіс. Егер қоғамдық жұмыстарды орындаудан жалтарған жағдайда Ішкі істер органдары бұл факт бойынша хабарламаны үш күнде қарайды және кодексте белгіленген тәртіппен шаралар қолданады.
Ербол Төкеш, Алматы қаласы әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының бас маман — сот отырысының хатшысы


