Мемлекеттік тілдің сот жүйесіндегі стратегиялық маңызы. «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы контексінде
Қазақстан Республикасының құқықтық саясаты мемлекеттік басқару мен қоғамдық институттардың тиімділігін арттыруға, азаматтардың құқықтарын қорғауды жаңа сапалық деңгейге шығаруға бағытталады. Осы үдерісте мемлекеттік тіл – қазақ тілінің сот ісін жүргізу мен сот жүйесіндегі рөлін күшейтуде ерекше маңызға ие.
Қазақстан Республикасының Конституциясы, «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңы, сондай-ақ тілдерді дамыту мен қолданудың мемлекеттік бағдарламасының сабақтастығы ретінде іске асырылып жатқан жаңа стратегиялық құжаттар мемлекеттік тілдің барлық мемлекеттік органдарда толыққанды қолданылуын көздейді.
Әскери соттар үшін мемлекеттік тілді дамыту – тек заң талабы ғана емес, ол мемлекет жүргізіп отырған «Заң және тәртіп» қағидатын іске асырумен тікелей байланысты, әскери қызметтің рухы мен тәртібін нығайтатын маңызды фактор.
Бүгінгі таңдағы сот жүйесіндегі өзекті мәселелердің бірі, мемлекеттік тілдің үлесін арттыру, «Заң және тәртіп» қағидаты мен сот төрелігінің қолжетімділігін қарастыратын жұмыстарды қарқынды ұйымдастыруға бағытталған.
Сот төрелігі азамат үшін түсінікті әрі қолжетімді болуы тиіс. Сот процесінің тілі – осы қолжетімділіктің негізгі өлшемдерінің бірі.
Мемлекеттік тілде жүргізілетін сот ісі тараптарға өз ұстанымын еркін жеткізуге, дәлелдерін толық ұсынуға және қабылданған сот актісінің мәнін терең түсінуге мүмкіндік береді.
2026 жылғы сот жүйесінің алдында тұрған міндет – мемлекеттік тілді қолдануды формальды құқық ретінде ғана емес, нақты және басым тәжірибе ретінде орнықтыру. Бұл бағытта:
— сот істерін бастапқы кезеңнен мемлекеттік тілде қозғау;
— сот отырыстарын қазақ тілінде жүргізу үлесін арттыру;
— сот актілерін, қаулылар мен үкімдерді мемлекеттік тілде сапалы әзірлеу – негізгі басымдықтар болып табылады.
Мемлекеттік тіл саясаты ұлттық даму жоспарлары мен құқықтық саясат тұжырымдамаларымен тығыз байланысты. Бұл құжаттарда:
— мемлекеттік қызметтің тілдік стандарттарын жетілдіру;
— кәсіби салаға бейімделген тілдік құзыреттерді дамыту;
— ресми құжаттардың сапасын арттыру міндеттері айқындалған.
Сот жүйесінде бұл міндеттер іс жүргізу тіліне, сот құжаттарының мазмұны мен сапасына тікелей әсер етеді. Сондықтан соттарда қазақ тіліндегі құқықтық терминологияны біріздендіру, үлгілік процессуалдық құжаттарды жетілдіру және оларды күнделікті тәжірибеде қолдану – өзекті бағыт болып қала береді.
Әскери соттар ерекше құқықтық кеңістікте жұмыс істейді. Әскери қызмет – тәртіпке, заңдылыққа және мемлекетке адал қызмет етуге негізделген. Осы тұрғыдан алғанда мемлекеттік тіл әскери ортада біріктіруші әрі тәрбиелік мәнге ие.
Әскери соттарда мемлекеттік тілдің қолданылуын кеңейту:
— әскери қызметшілердің құқықтық санасын арттырады;
— сот билігінің беделін күшейтеді;
— әскери тәртіп пен заңдылықты нығайтады.
Сот отырыстарында, үкімдер мен қаулыларда мемлекеттік тілдің сапалы қолданылуы әскери қызметшілер үшін құқықтық талаптардың айқындығын қамтамасыз етеді және сот шешімдерінің орындалуына оң ықпал етеді.
Мемлекеттік тілді дамытудағы басты фактор – адам ресурсы. Судья мен сот әкімшілігі, сот әкімшісінің мамандары мен мемлекеттік қызметкерлер қазақ тілін тұрмыстық деңгейде ғана емес, кәсіби-құқықтық деңгейде меңгеруі тиіс.
Бұл бағытта:
— судьялар мен сот қызметкерлері үшін мақсатты тілдік оқыту;
— құқықтық мәтіндерді қазақ тілінде сауатты жазу дағдыларын дамыту;
— әскери-құқықтық терминологияны жүйелеу жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуі қажет.
Сот билігінің ашықтығы мен қоғам алдындағы жауапкершілігі тіл арқылы да көрініс табады. Мемлекеттік тілде сөйлейтін және жазатын сот – мемлекетпен, әскермен және қоғаммен бір тілде сөйлейтін сот болуы тиіс.
Бұл тұрғыда сот жүйесінің міндеті – мемлекеттік тілді қолдануды сандық көрсеткішпен ғана емес, сапалық мазмұнмен өлшеу. Бұл сот актілерінің дәлдігіне, құқықтық уәждердің айқындығына және құқық қолдану тәжірибесінің біркелкілігіне тікелей байланысты.
«Заң және тәртіп» қағидаты сот, құқықтық орган жүйесінің қызметін айқындайтын негізгі бағдарлардың бірі болып табылады. Осы қағидатты іс жүзінде қамтамасыз етуде мемлекеттік тілдің рөлі ерекше. Мемлекеттік тілдің сот ісін жүргізудегі үлесін арттыру – уақыт талабы және стратегиялық міндет. Әскери соттар үшін бұл бағыт мемлекеттік тәртіпті, заңдылықты және әскери қызметтің мәнін нығайтудың маңызды тетігі болып табылады.
2026 жылғы сот жүйесі үшін қазақ тілінің толыққанды әрі сапалы қолданылуы – әділ сот төрелігінің, азаматтардың құқықтарын қорғаудың және құқықтық мемлекетті дамытудың ажырамас бөлігі.
Алматы гарнизоны
Әскери сотының төрағасы
Нариман Садырқұлов


