12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Экологиялық қылмыстар бойынша сот тәжірибесі

Экологиялық қылмыстық құқық бұзушылықтар Қылмыстық кодекстің 13-тарауымен бекітілген. Онда суды, атмосфераны, теңіз айдынын ластау, жерді бүлдіру, жер қойнауын, балық қорларын қорғау және пайдалану ережелерін бұзу, орманды жойып, бүлдіру, заңсыз аң аулау әрекеттеріне жауапкершілік қарастырылған.

Экологиялық қылмыстар соттарда аз қаралмайды. Сот тәжірибесінен айтар болсақ,  Ақтау қалалық сотында Қылмыстық кодекстің 339-бабы 1-бөлігімен  экологияға қарсы ауырлығы орташа санаттағы қылмыстық құқық бұзушылық ісі қаралды. Маңғыстау облыстық Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы қызметкерлерінің анықтауынша, сотталушы Қазақстанның қызыл кітабына енгізілген бекіре тұқымдас балықтарды заңсыз  сақтаған.

Басты сот талқылауында сотталушы өзіне тағылған айыпты толық мойындамай, көлігінен табылған 55,9 кг бекіре тұқымдас балықты дүкеннен сатып алғанын,  бұл туралы фискалдық чегі мен анықтамасы барын алға тартты. Оның сөзінше, тоңазытқышы бұзылып қалып балықтарды досының үйіне апарып қойған. Біраз уақыттан кейін досының да тоңазытқышы бұзылып, ол ұялы телефон арқылы балықтарды алып кетуін сұраған. Өзіне тиесілі  балықтарды алып қайтып бара жатып ұсталғанын, қылмыс жасамағанын айтып ақтауын сұрады. 

Іске куә ретінде тартылғандар сотталушының сөзін жоққа шығармады. Дүкеннің есепшісі бекіре тұқымдас балықтың дүкенде басымен және бассыз іші тазаланған күйде сатылатынын, сотталушының аталған балықтарды сатып алғанын, бұл жөнінде фискалдық чек пен анықтама бергенін растады. Басты сот талқылауында Маңғыстау облысы ҰҚҚКБ және тергеу органдары қызметкерлері  сотталушыны ұстау барысында орын алған жайттарды айтып, көрсетті.

ҚР Жоғарғы Сотының  №4 «Сот үкімі» туралы нормативтік қаулысы бойынша, үкім заң талаптары сақтала отырып жиналған және тікелей сот отырысында толық, жан-жақты және объективті тексеріліп, талданған, тиісті баға берілген дәлелдемелерге негізделеді. Сот іс бойынша жинақталған дәлелдемелер мен басты сот талқылауында анықталған мән-жайларды салыстырып, жан-жақты зерттеу нәтижесінде сотталушының іс-әрекетін Қылмыстық кодекстің 339-бабы 1-бөлігінде  көзделген қылмыстық құқық бұзушылық деп дәрежеледі.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру органымен айыптау «иемдену, тасымалдау»  белгілері  алып тасталды. Себебі,  басты сот талқылауында бұл айыптаудың артық тағылғаны дәлелін тапты. «Жануарлар дүниесі объектілерін, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға шектеу мен тыйым салуды енгізу, оларды пайдалану орындары мен мерзімдерін белгілеу туралы» Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасы міндетін атқарушысының 24.07.2015 жылғы №190 бұйрығының 25-тармағына сәйкес, Жайық-Каспий балық шаруашылығы бассейнінен жеке және заңды тұлғаларға бекіре тұқымдас балық түрлерін аулауға, бекіре тұқымдас балықтарды және оның дериваттарын(уылдырығын) пайдалануға тыйым салынған.

Қылмыстық іс бойынша тағайындалған жануар тектес нысандарға сот биологиялық сараптамасына берілген сарапшының қорытындысында көрсетілгендей,  зерттеуге ұсынылған №1 нысан бас құйрықсыз тұздалған балық кеспесі – бекіре тұқымдасына жатады. №2 нысан тұтас балық – орыс бекіресі. Сондықтан, сотталушының бұл әрекеті сотта өзінің қылмыстық жауапкершілігін жеңілдету және құтылу  мақсатында жасап отырған қорғану әдісі ретінде бағаланды.

Себебі, дүкенде  бекіре балығы басымен немесе бассыз іші тазаланған күйінде сатылатыны көрсетілген. Ал, сотталушының  автокөлігінен шыққан бекіре балығы сот биологиялық сарапшының қорытындысымен тұтас бекіре балығы екені анықталды. Яғни, қорытынды сотталушының бекіре балығын дүкеннен сатып алдым деген жауабын теріске шығарды. Істі зерттеу барысында сотталушының Қылмыстық кодекстің 339-бабы 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны жан-жақты дәлелденді.

Қылмыстық кодекстің 11-бабына сай, сотталушының әрекеті орташа  дәрежедегі қылмыстар санатына кіреді.  Жаза түрі мен мөлшерін анықтауда  Қылмыстық кодекстің 52-бабының негізінде жасалған қылмыстың сипаты мен қоғамға қауіптілік дәрежесі, сотталушының жеке басы, жауаптылық пен жазаны жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар, сондай-ақ, тағайындалған жазаның оның түзелуіне әсері, жаңа қылмыстардың алдын алуға қажетті жазаны тағайындау туралы қағидалар басшылыққа алынды.

Қылмыстық заңнама бойынша сотталушының жауаптылығы мен  жазасын ауырлататын немесе жеңілдететін мән-жайлар анықталған жоқ.  Жаза тағайындау барысында оның жасаған қылмыстық іс әрекеті орташа дәрежедегі қылмыстар санатына кіретіні, бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылмағаны ескерілді. Сотталушыға 339-баптың  1-бөлігіне сәйкес,  қосымша жаза аңшылық және балық аулаумен айналысуға тыйым салу және бас бостандығын шектеу  жазасы тағайындалуға жатады.

 «Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заңы 2-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында  адамдарға залал келтіруге алып келмеген не оны толық өтеген немесе олар бойынша азаматтық талап қойылмаған ауырлығы орташа қылмыстар жасаған адамдардың босатылатыны көрсетілген.

Қылмыстық іс құжаттары бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруде сотталушының меншігінде қылмыстық жолмен табылған қаражат, сондай қаржыға сатып алынған мүлік, қылмыстық құқық бұзушылық жасау каруы немесе құралы болып табылатын мүлік анықталмады.

Сот үкімімен сотталушы Қылмыстық кодекстің 339-бабының  1-бөлігімен көзделген қылмысты жасауда кінәлі деп танылып, оған аңшылықпен және балық аулаумен айналысуға екі жылға тыйым салынды және бір жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. «Қазақстан Республикасы Конституциясына отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заңның 2-бабының 1-бөлігінің 2) тармақшасы қолданылып сотталушы бас бостандығын шектеу түріндегі негізгі жазадан босатылды.

Қылмыстық істерді қарау кезінде соттар экологияны қорғау заңнамасының бұзылуына ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтауға байланысты мән-жайларды мұқият зерделеуге міндетті. Сондай-ақ, мемлекеттiк органдардың, қоғамдық ұйымдардың, шаруашылық жүргiзушi субъектiлердiң қызметiндегi нақты кемшiлiктер мен олқылықтарды, жекелеген лауазымды адамдардың табиғатты қорғау заңнамасын бұзуға мүмкiндiк туғызған заңсыз әрекеттерi туралы фактiлерді анықтап, қажет болған жағдайда нақты қаулылар шығарады.

Айнұр Қызылбаева,

Ақтау қалалық сотының төрағасы

Құқықтық мәдениеті дамыту қажет

Жаңа Қазақстанды дамытуда заңгерлердің атқаратын қызметі  зор. Осы орайда...

Система хочет купировать риски

Политолог, глава «Политической экспертной группы» Константин Калачев – об обновлении политической системы...

Жетісу облысында жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігі кеңеюде

Жетісу облысының Денсаулық сақтау басқармасы халықты қолжетімді әрі сапалы...

В области Жетысу расширяется доступность высокотехнологичной медицинской помощи

Управлением здравоохранения области Жетісу проводится системная работа по обеспечению...