Тəуелсіздік – бір сəттік шешім емес. Ол күн сайын қабылданған заңмен, Парламент мінберінде айтылған жауапты сөзбен, халық алдындағы адал міндетпен қайта-қайта дəлелденіп отыратын тарихи жауапкершілік.
Қазақстан үшін егемендік жолы – күрделі, бірақ саналы таңдау болды. Бұл таңдау қарумен емес – құқықпен, ұранмен емес – заңмен, кездейсоқ шешіммен емес – жүйелі мемлекеттік саясатпен бекіді. Сондықтан тəуелсіздік ұғымы біздің елде ең алдымен заң үстемдігімен өлшенеді. Парламент қабылдаған əрбір заң – қағаз бетіндегі мəтін ғана емес. Ол – ауылдағы мектептің жарығы, жас отбасының үміті, кəсіпкердің сенімі, мемлекеттің ертеңіне салынған іргетасы. Ел тарихында заң қабылдау – техникалық рəсім емес, ұлт тағдырына қатысты шешім болған кезеңдер аз емес. Тəуелсіздік жылдарында Қазақстан дəл осындай сындарлы жолдан өтті. Əр реформа, əр заң қоғамның ішкі сұранысына жауап беруі тиіс болды.Бүгін Парламент қабырғасында қабылданған заңдар мемлекеттің əділетке бет бұрғанын, биліктің халыққа жақындай түскенін, тəуелсіздіктің жаңа мазмұнға ие болғанын көрсетеді. Тəуелсіздік жылдары қабылданған заңдар мемлекеттің даму бағытын айқындап, қоғамның тұрақтылығын қамтамасыз етті. Алғаш 1991 жылы қабылданған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тəуелсіздігі туралы» Конституциялық заң еліміздің дербес даму жолын ашты. Осыдан кейін қабылданған Конституциялар мен заңдар Қазақстанды халықаралық қауымдастық мойындаған құқықтық мемлекетке айналдырды. Ал, соңғы жылдары, əсіресе 2024–2025 жылдары қабылданған заңдар тəуелсіздіктің жаңа мазмұнын, яғни əділетті, ашық жəне жауап ты мемлекет моделін қалыптастыруға бағытталды. Бұл орайда əрине, Парламентке жүктелетін жауаптылық зор. Бүгінде еліміздің жоғарғы заң шығарушылық органы осы міндеттердің бəрін қазіргі заманғы заңнамаға енгізіп отыр. 2025 жылы Парламент ел дамуына тікелей əсер ететін бірқатар маңызды заңдарды мақұлдады немесе олардың іргетасын қалады. Бұл жылда қабылданған ең ма ңызды құқықтық актілердің бірі – «Жасанды интеллект туралы» заң. Бұл құжат алғаш рет ел заңнамасына жасанды интеллекттің (ЖИ) негізгі ұғымдарын, оның қауіпсіздік талаптары мен қолдану қағидаларын енгізеді, сондай-ақ технологиялардың ашықтығы мен деректер қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған құқықтық жүйені айқындады. Заңның мақсаты – ЖИ жүйелерін классификациялау мен тəуекел дəрежесіне қарай реттеу. Жоғары тəуекелді технологиялар үшін арнайы бақылау тетіктерін қалыптастыру. Жеке деректерді қорғау сияқты жаңа міндеттемелер енгізу. Өйткені, жасанды интеллект – бұл тек технологиялық құбылыс емес, біздің экономика мен қоғамымыздың жаңа негізі. Тағы бір маңызды құжат – «ЛГБТ насихатына тыйым салу туралы» заң жобасы. Қоғам тарапынан қызу пікірталас тудырған бұл бастама алғаш рет бірнеше депутаттар атынан жасалды. Заңның мақсаты – БАҚ, интернет жəне қоғамдық орында «пропаганда» деп бағаланатын материалдарды таратуды шектеу. Бұқаралық ақпарат құралдары мен əлеуметтік желілерде тыйым салынатын контенттерді құқықтық тұрғыда негіздеу. Бұл норма əлеуметте үлкен реакция туғызғанымен, Парламенттің заң шығару жүйесінің тəуелсіздігін көрсеткен жағдай болды. 2025 жылғы тағы бір маңызды құқықтық акт – Республикалық бюджет туралы заңдар пакеті. Бұл құжаттар 2025–2027 жылдарға арналған əлеуметтік жəне экономикалық бағыттарды белгілеп, халықты əлеуметтік қолдау, инфрақұрылым мен аймақтық даму стратегиясын құқықтық тұрғыдан қамтамасыз етеді. Заңдар қашанда болашаққа бағдар беріп, қоғам мен мемлекеттің өзара қарым-қатынастарын құқықтық деңгейде дамыта түседі. Ал, бюджет туралы заңдар пакеті ел тəуелсіздігінің экономикалық тірегі. Бұл құжат арқылы мемлекет əлеуметтік жауапкершілігін нақты көрсетіп отыр. «Қоғамдық бақылау туралы» заң азаматтардың мемлекеттік шешім қабылдау процесіне қатысуын кеңейтті. Бұл қоғамдық кеңес тердің, сарапшылар мен азаматтық сектордың рөлін заң жүзінде күшейту арқылы жүзеге асты. Депутаттардың айтуынша, аталмыш заң тəуелсіздіктің демократиялық мазмұнын тереңдеткен құжат болды. Халық пен билік арасындағы сенім заң арқылы осылай бекімек. «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару жəне өзін-өзі басқару туралы» заңға енгізілген өзгерістер мəслихаттардың өкілеттігін кеңейтіп, жергілікті деңгейдегі шешімдердің дербестігін арттырды. Осылайша заң өңірлердің дамуына серпін беріп, «күшті өңір – күшті мемлекет» қағидатын нығайтады деген үміт бар. Ал, «Əйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мəселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң əлеуметтік əділеттілікті күшейтіп, отбасы институтын қорғау ға бағытталды. Мұны тəуелсіз мемлекеттің адамға бағдарланған саясатының көрінісі деуге болады. Тоқетерін айтқанда, Қазақстан тəуелсіздігі – тарихтың сыйы емес, осылайша заңмен бекіген мемлекеттілік. Егемен ел болудың басты шарты – дербес құқықтық жүйе қалыптастырып, оны уақыт талабына сай үздіксіз жетілдіру. Өйткені, бүгін қабылданған əрбір заң – ертеңгі Қазақстанның бет-бейнесі.
А.ТҰРМАҒАНБЕТОВА, «Заң газеті»


