Соңғы жылдары Түркістан облысы демографиялық өсімі жоғары, инвестиция тарту қабілеті күшейген және кәсіпкерлік белсенділігі артып келе жатқан аймақ ретінде ерекшеленіп отыр. Бұл үрдіс әрі қарай да жалғаспақ. Мұны облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің Елордадағы Орталық коммуникациялар қызметінде журналистерге берген брифингінен аңғардық.
Қолға алынып жатқан істерден экономикаға жан бітіретін нақты жобалар, кəсіпкерге берілетін қолжетімді мүмкіндіктер жəне жаңа жұмыс орындары секілді аймақ өмірінің жаңа белесі көрініп тұр. Облыста əлеуметтік-экономикалық дамудың оң динамикасы сақталған. Алдын ала жасалған есеп бойынша 10 айда өндірілген жалпы өнім көлемі 4 387,8 млрд теңгеге жетіп, қысқа мерзімді экономикалық өсім 114,8%-ды құрады. Осы көрсеткіш бойынша Түркістан облысы рес публикада екінші орында тұр.
Инвестиция – өмір сапасына әсер ететін күш Аймақта 10 айда 1,2 трлн теңге инвестиция тартылып, жаңа зауыттар ашылған. Бұл – сыртқы экономикалық байланысты дамытудың нәтижесі. Әрбір инвестор үшін арнайы экономикалық және индустриалды аймақтарда дайын алаңша қарастырылды. Олардың барлығы мемлекет тарапынан қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ салықтық жеңілдіктер де көзделіп отыр. Инвестициялық әлеует зерделеніп, облыс экономикасының дамуына тың серпін беретін, жалпы құны 2,6 трлн теңгелік 111 инвестициялық жоба пулы әзірленген. Энергетика және ауыл шаруашылығын терең қайта өңдеу негізгі басымдық болып айқындалды. Жобаларды іске асыру нәтижесінде 24 мыңға жуық жұмыс орны ашылып, бюджетке қосымша 100 млрд теңге салық түседі деген болжам бар. Биыл 340 млрд теңгеге 58 жобаны іске асырып, 8 220 жұмыс орнын ашу жоспарланды. Өткен 10 айда 41 жоба (180 млрд тг) іске қосылып, 5 322 жұмыс орны ашылды. Осы бағытта атқарылған жұмыс нәтижесінде өңір экономикасына 1,2 трлн теңге инвестиция тартылып, өсім 124,2 пайызды құрады. Бастысы бұл цифрлар Түркістанның баяғыдай ауыл шаруашылығына ғана сүйенетін өңір емес екенін көрсетеді. Бұл – өз экономикасын өзі құра алатын, жаңа өндіріс ашатын, елдің ішкі нарығын толықтыруға қабілетті аймақ. Отандық өндіріске қолдау зор Түркістан маңында отандық өндірісті дамыту және қайта өңдеуді қолдау мақсатында «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы іске асырылуда. – Өндірістік парк аумағында жиһаз, жаңбырлатып суғару, сусын, мұздатқыш және құрылыс заттарын шығаратын зауыттар ашылды. Отандық өндірісті дамыту есебінен 27 млрд теңгеге импорттық тауарларды алмастыруға қол жеткіздік. Алдағы уақытта бейнекамера, медициналық жиhаз, тұрмыстық химиялық бұйымдармен елімізді қамтамасыз етуге және экспортқа шығаруға мүмкіндік болады. Шағын өндірістік алаңдарды дамыту үшін жергілікті кәсіпкерлер белсенді атсалысуда. Біздің әрбір аудан мен қалада, халық тығыз орналасқан ауыл округтерінде өндірістік алаңдар құрылып, кәсіпорындар мен зауыттар ашылады, – деді Нұралхан Көшеров. Осы жұмыстар нәтижесінде Сауран ауданында жеке инвестиция есебінен 5 шағын өндірістік алаң құрылды. Мұнда 30 млрд теңгеге 115 жобаны іске асырып, 1 124 жұмыс орнын құру жоспарланған. Бүгінгі таңда «Қарашық», «Иассы», «Шорнақ», «Үшқайық» және «Жүйнек» өндірістік алаңдарында 37 ғимараттың құрылысы жүргізілуде. Ордабасы ауданында аумағы 10,5 гектар болатын «Темірлан» өндірістік алаңында 5 ғимарат салынуда. Жобаның мультипликативтік тиімділігін ескеріп, барлық ауданда осы тәжірибені енгізу жұмысы басталып кетті. Түркістан – жасыл экономика жақтаушысы Жасыл экономика, оның ішінде баламалы энергия көздерін дамыту – ұзақ мерзімді тұрақтылық кепілі. Түркістан қажетті электр қуатының 75%-ын сыртқы көзден тасымалдауға мәжбүр. Көшеров мырзаның айтуынша, бұл мәселені шешу үшін, су және жел электр станцияларын көбейту бағытында инвесторлармен келіссөз жүргізіліп, маңызды жобалар іске қосылды. Мәселен, «Самұрық-Қазына» қорының көмегімен Сайрам ауданында қуаттылығы 1000 МВт болатын бу-газ станциясының құрылысы басталды. Құны 800 млрд теңге бұл жоба келесі жылы іске қосылмақ. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы жеке инвестор есебінен Кентау қаласында қуаты 240 МВт болатын жалпы құны 155 млрд теңге газ құбыры станциясы салынады. Бүгінгі таңда конкурстық рәсімдер мен келісімшарт түзу жұмысы аяқталды. Нысан құрылысын 2 жылда аяқтау жоспарланған. Түлкібас ауданында 320 МВт болатын бу-газ және Сауран ауданында 485 МВт болатын 2 күн электр станциясының жобалары әзірленуде. Бәйдібек ауданында қуаттылығы 350 МВт болатын жел электр станциясының құжаттары рәсімделуде. Іске асыру мерзімі – 2026–2028 жылдар. Аталған жобаларды іске асыру есебінен экономикаға жалпы 1,8 трлн теңге инвестиция тартылып, 2,4 ГВт электр қуаты өндіріледі. Нәтижесінде өңір жаңа өндірістерді ашуға қажетті электр қуатымен қамтамасыз етіледі. Аймақ ауылшаруашылығы саласында көш бастап тұр Түркістан облысы биыл ауыл шаруашылығында 1,1 трлн теңгенің өнімін өндірді. Бұл республика бойынша ең жоғарғы көрсеткіш. Облыс әкімінің айтуынша, агроөнеркәсіптік кешені саласында құны 295,5 млрд теңгелік 78 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. – Түркістан – ауыл шаруашылығын дамытуға қолайлы өңір. Біз өнімді шикізат күйінде сатып қана қоймай, ауыл шаруашылығы саласында терең өңдеуге басымдық береміз. Атқарылған жұмыс нәтижесінде агроөнеркәсіп кешенінде экономикалық өсім қамтамасыз етілді, – деді осы орайда Нұралхан Көшеров. Бүгінде облыста ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 355,5 млн АҚШ долларын құрап, 1,1 есеге артыпты. Жалпы өнім көлемі 182,5 млрд теңгеге ұлғайып, 1 трлн 86,9 млрд теңгеден асты. Бұл бойынша өңір республикада бірінші орында тұр. Сонымен қатар өңірдің географиялық-климаттық ерекшелігіне сай мақта, ет және жүгері кластерін дамыту қолға алынды. Су үнемдеу технологияларын қолдана отырып, мақтаның элиталық сорттарын өсіруді және шикізатты терең өңдеуді қамтитын мақта-тоқыма кластері құрылды. Мақта кластерінде 5 жобаны іске асыру нәтижесінде 7 мыңнан аса адам жұмыспен қамтылып, 201 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланды. Осының арқасында мақта өнімділігі 2-3 есеге артып, жылына 229 мың тонна мақта өндіріледі. Биыл Отырар ауданында 32 мың гектар алқапқа жаңа әдіспен мақта егілді. Түсім өте жақсы болды. 2 мақта өңдеу зауыты іске қосылды. Жіп иіру фабрикасының құрылысы аяқталу сатысында. Сонымен қатар Орталық Азияда теңдесі жоқ 50 мың бас ірі қара мал бордақылау және ет өнімдерін терең қайта өңдейтін ірі кешендер, заманауи мал биржасы салынуда. Бүгінде «Kaz Eco Meat», «Turkestan Agro.kz» және «Бес қара» ет өңдеу кешендері іске қосылды. Бұл қосымша 35 мың тонна ет өңдеуге мүмкіндік береді. Жалпы кластерлік бағыт отандық терең қайта өңдеуді дамытып, шаруалардың өз өнімін кепілді түрде нарыққа сатуына мүмкіндік береді. Тоқетерін айтқанда, Түркістанның экономикалық моделінде «өндіріс, кәсіпкерлік және инфрақұрылым» формуласы қалыптасып келеді. Бұл өңірдің ЖӨӨ құрылымындағы индустрияның үлесі артып, бюджет кірісінің көбеюіне ықпал етеді. Туризм мен қызмет көрсету саласы да жедел дамуда. Экономикалық тұрғыдан алғанда, қабылданған шаралар жүйелі болса Түркістан алдағы бес жылда елдің оңтүстігіндегі өндірістік және кәсіпкерлік белсенділіктің жаңа полюсіне айналады деген үміт бар.
А.ТҰРМАҒАНБЕТОВА, «Заң газеті»


