2025 жылдың қорытындысы бойынша коммуналдық қызмет тарифтері еліміз бойынша орта есеппен 10,99%-ға өсті. Бұл ел экономикасына әжептеуір серпін береді. Осы тұрғыда өзекті мәселелерді сараладық, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Соңғы жылдары Қазақстанда тұрғын үй-коммуналдық қызметтердің тарифтері айтарлықтай өсіп келеді. Электр энергиясы, жылу, газ және қоқыс шығару қызметтері үшін тұрғындар шамамен 1 бөлмелі пәтер үшін 12-15 мың теңге төлесе, 2-3 бөлмелі пәтер үшін 25-30 мың теңгеге дейін қаражат жұмсап отыр. Бұл күн көріс деңгейінің 20-30%-ын құрайды. Не себеп: тариф бағасының жылдам өсімі ме, әлде тұрғындар жауапкершілігінің аздығы ма?
Тариф өсіміне әсер етуші факторлар
Коммуналдық қызметтердің тарифтерінің өсуі бірқатар факторлардың жиынтығымен айқындалады. Өндірістік шығындардың құрамына стратегиялық тауарлар мен ресурстардың (отын, көмір, мазут, газ, электр энергиясы), материалдар мен үшінші тарап ұйымдарының қызметтері, салықтар, желілерді күтіп ұстау және олардың ұзындығы, активтердің құны мен өзге де шығындар кіреді.
Сонымен қатар тариф деңгейіне коммуналдық инфрақұрылымның жоғары тозуы, оның жаңғыртылуының қажеттілігі, инвестициялардың ұлғаюы, қызметкерлердің еңбекақысының көтерілуі, сондай-ақ электр энергиясы мен газ салаларындағы тарифтердің өзгеруі әсер етеді.
Бұл ретте тариф уәкілетті органмен реттелетін қызметтерді көрсетуге тікелей байланысты, экономикалық жағынан негізделген және құжатпен расталған шығындар негізінде ғана бекітіледі. Осылайша, тарифтердің динамикасы табиғи монополия субъектілерінің өтінімдеріне, инфрақұрылымның жай-күйіне және өңірлердегі әлеуметтік-экономикалық жағдайға байланысты қалыптасады. Тарифтердің өсуі Үкімет айқындайтын инфляциялық дәліз шегінде ғана рұқсат етіледі,- дейді Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының орынбасары Анар Байтукенова.
2025 жылдың қорытындысы бойынша халық үшін коммуналдық қызмет тарифтері еліміз бойынша орта есеппен 10,99%-ға өскен. Сарапшылардың мәліметінше, соңғы бірнеше жылда қызмет түріне қандай тарифтер жылына орта есеппен 20-30% шамасында артқан. Электр энергиясы мен судың, жылу мен қоқыс шығарудың құны еліміздің барлық аймағында біркелкі емес. Мысалы, Астанада 1 шаршы метр үйді ұстау құны — 60-70 теңге болса, кейбір Оңтүстік аймақтарда ол 25 теңгені құрайды.
Су мен кәріз қызметтері де орта есеппен 1 текше метр суға 170 теңге, ал ағын суды әкетуге 100-110 теңге төленеді. Мұндай айырмашылықтар әр аймақтың инфрақұрылымына, энергия ресурстарының өзіндік құндарына байланысты өзгеріп отыр.
Экономист Бауыржан Ысқақ коммуналдық қызметтердің өсімі ел экономикасындағы барлық секторға әсер ететінін айтады.
Біріншіден, инфляцияның өсуіне тікелей әсер етеді. Коммуналдық қызмет тарифтері өскенде, бүкіл өндістердің шығыны көбейіп, тауарлар мен қызметтердің бағасы қымбаттайды. Екіншіден, халықтың табысының төмендеуіне алып келеді. Егер баға көтеріліп, жалақы сол қалыпта қалатын болса, сатып алу қабілеті төмендеп, экономиканың белсенділігінің баяулауына алып келеді,- дейді ол.
Сондай-ақ сарапшы пікірінше, өндістегі тауарлардың қымбаттауы оның құлдырауына әкеліп, бәсекелестіктің жойылуына алып келуі мүмкін.
Ең негізгі себеп – коммуналдық қызметтер тарифтерінің өсімі мемлекетке субсидия бөлу қажетіллігін тудырады,-дейді ол.
Бағаның тұрақтылығы –жақсы өмір сапасының кепілі
Тариф қалыптастыру мәселелерін шешу – табиғи монополиялар саласындағы уәкілетті органның жауапты миссиясы. Бұл саладағы кез келген қадам халықтың әлеуметтік көңіл күйіне, билік бастамаларына деген сеніміне тікелей әсер етеді.
2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы коммуналдық инфрақұрылымның жоғары тозуы мәселесін көтеріп, жаңа тарифтік саясатқа көшуді тапсырды. Осы тапсырманы орындау мақсатында Табиғи монополияларды реттеу комитеті біршама жұмыстар атқарылғаны туралы айтады.
2023–2024 жылдары тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйесін жетілдіру бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді.
Табиғи монополиялар саласындағы заңнамаға өзгерістер енгізілді, оның ішінде:
- коммуналдық кәсіпорындардың өндірістік персоналының еңбекақысын арттыру;
- қосымша жөндеу жұмыстарын қаржыландыру үшін инвестицияларды көбейту;
- қараусыз қалған желілер мен жабдықтарды теңгерімге немесе сенімгерлік басқаруға беру мәселелері қарастырылды.
Еңбекақының өсуі білікті кадрлар тапшылығын азайтуға, мамандардың кету деңгейін төмендетуге және саланың тартымдылығын арттыруға мүмкіндік берді,- дейді төраға орынбасары Анар Байтукенова.
Маман сөзінше, аталмыш жылдары табиғи монополиялар саласына 605 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылып, 12,3 мың км инженерлік желі жөнделген. Олардың тозуы орта есеппен 6,2 пайыздық тармаққа төмендеді. Бұл апаттылықты азайтып, технологиялық шығындарды төмендетуге және тұтынушыларды жылу, су, электр энергиясымен сенімді қамтамасыз етуге ықпал етті.
Тартылған инвестициялар жылу энергетикасы кәсіпорындарының жұмысын жақсартуға оң әсер етіп, 2024-2025 жылдардағы жылу беру маусымында маңызды нысандардағы апаттар санының алдыңғы кезеңмен салыстырғанда айтарлықтай қысқаруына себеп болды.
Үкімет 2024 жылдың желтоқсанында «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын қабылдаған болатын. Жоба мақсаты бойынша 2030 жылға дейін шамамен 6,8 трлн теңге инвестиция тартуды көздеген еді.
Сонымен бірге жоба аясында генерацияны дамыту, отандық өндірушілерді қолдау, әлеуметтік осал топтарға көмек көрсету, процестерді автоматтандыру үшін цифрлық технологияларды енгізу қарастырылған.
Жобаны іске асыру коммуналдық инфрақұрылымның техникалық жай-күйін жақсартып, оны нормативтік деңгейге жеткізуге, ұзақ мерзімді және қолжетімді қаржы ресурстары арқылы саланы жүйелі жаңартуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде ел экономикасына мультипликативтік әсер беріп, энергия тиімділігін арттыруға және халықтың тарифтік саясатқа деген сенімін күшейтуге ықпал етеді,- дейді Анар Байтукенова.
Тарифтік реттеу — экономикалық саясаттың маңызды құралы, ол халықтың әлеуметтік жағдайына тікелей әсер етеді. Қолданыстағы тарифтік модель өз тиімділігін дәлелдеп, тұтынушылар мен энергетика саласының мүдделері арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етіп келеді.
Үкімет алға қойған негізгі міндеттердің бірі — инфляция деңгейін кемінде екі есе төмендету. Осыған сәйкес тәуелсіз экономикалық реттеушінің басты мақсаты — инфляциялық дәлізді сақтау.
Сонымен қатар макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету және экономикалық реформалардың теріс әсерін азайту жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында табиғи монополиялар саласындағы уәкілетті орган электрмен жабдықтау, жылумен қамту, сумен жабдықтау, су бұру және газбен жабдықтау бойынша тарифтерді төмендету жөнінде шаралар қабылдады.
Бұған қоса, коммуналдық тарифтердің өсуі ағымдағы жылғы қазан айынан бастап 2026 жылғы I тоқсанның соңына дейін тоқтатылған болатын. Бұл халық пен үкімет арасындағы сенімге, халықтың әл-ауқатын жақсартып, тұрақтандыруда елеулі үлес болды.
Сонымен қатар, тарифтердің өсуіне жол бермеу мақсатында Комитет те біршама жұмыстарды атқарып жатқанын жеткізді.
Бұрын жоспарланған тариф түзетулерін кейінгі мерзімге шегеру, тұтынушылар жүктемесін азайту үшін ұзақ мерзімді қаржыландыру тарту, табиғи монополия субъектілерінің операциялық шығындарын қайта қарау, әлеуметтік маңызы бар тауар өндірушілеріне жеңілдетілген жағдайлар белгілеу секілді жұмыстармен айналысып жатырмыз. Бағаның тұрақты болуына әлі де бірқатар шаралар жасалынбақ,-дейді төраға орынбасары.
Әлемде баға тұрақты ма?
Коммуналдық қызмет үшін әлемнің біршама елдерінде баға жоғары. Бірақ, баға қаншалықты жоғары болса, сапа да соншалықты жоғары көрсетіледі. Халықаралық статистикалық мәліметтерге сүйенсек, ең жоғары қызмет құны Европа елдерінде көрінеді. Мысалы, Германия, Дания, Швециялықтар бір жылда бірнеше мың доллар төлейді екен. Коммуналдық қызмет тарифтерінің бағасы инфраструктуралары дамыған, өмір салты жақсы, энергия мен экологиялық қабілеттері жақсы елдерде едәуір қымбат.
Азия мен Африка елдерінде керісінше, баға арзан. Бірақ, мұндай арзан бағада қызметтердің де сапасы сол шамалас деңгейді көрсетіп отыр.
Келер жылы баға өсе ме?
2025 жылы тұрғындардың коммуналдық қарызы 18 млрд теңгеден асқан. Бұл нені көрсетеді? Табыс пен тариф арақатынасының ажырағанын және төлем мәдениетінің әлсіреуінің әсерінен осындай нәтиже көріп отырмыз. Осы мақсатта да елімізде 2026 жылдың бірінші тоқсанына дейін тариф бағасын өсірмеу туралы шешім қабылданған болатын.
Экономист сарапшы, қаржыгер Бауыржан Ысқақ мараторийден кейін баға өсімі болуы мүмкін деп болжайды.
Келер жылдың екінші тоқсанынан бастап 20-30%-ға өсім болуы мүмкін. Себебі энергетикада да, жылуда да инфрақұрылымдар ескірген. Оларды жаңғырту, дамыту керек,-дейді ол.
Алайда әлеуметтік осал санаттағы азаматтар үшін тұрғын үй көмегі көрсету тетігі жұмыс істейтінін айта кеткен жөн. Ол коммуналдық қызметке төлемдер отбасының жиынтық кірісінің 5–10%-ынан асқан жағдайда шығынның бір бөлігін өтеуді қарастырады.
Мамандар сөзінше, тұрғындар коммуналдық қызмет көрсеткіштерін ай сайын арнайы орындарға толық жібермейді. Сондықтан кейде өсім, кейде қарыз жиналып қалып жатады.


