Еліміз егемендік алған жылдардан бастап беріге дейін ауылдың экономикалық әл-ауқатын жақсартып, ажарын ашатын бағдарламалар, жобалар қабылданды. Тек, кейінгі жылдары сол ауылдарды жоспарлы, жүйелі дамытуға басымдық берілгенін байқаймыз. Мысалы, шалғайдағы ауылдардың ішінде екінің-біріне емес, дамуға әлеуеті жететін елді мекендерге қаражат көп бөлінеді. Мұның артықшылығы, бюджеттен бөлінген қаржының мақсатты жұмсалып, экономиканы жүйелі дамытуға кепіл болады.
Кейінгі деректерді басшылыққа алсақ, елімізде6 124 ауылдық елді мекен бар. Онда 7,5 млн адам тұрады. Пайызға шаққанда бұл жалпы халықтың 36,9%-ы. Иә, салыстырмалы түрде жыл өткен сайын ауылдан қалаға көшкендердің үлес салмағы көбейіп келеді. Бірақ бұл ауылдықтардың саны аз деп айтуға келмейді. Себебі дамуға әлеуеті жететін, инфрақұрылымы, шағын және орта кәсіпкерлігі ілгерілеген ауылдарда тұрғындар саны көбейген үстіне көбейіп келеді. Осының арқасында көкжиегі кең ауылдардың іргесіндегі шағын ауылдар да көркейіп, жаңа кейіпке еніп жатыр. Ел экономикасында да ауыл-шаруашылығының үлесі артып, негізгі бағыттардың біріне айнала бастады. Мұны ауылдағы бейнеткен ағайынның есіл еңбегі, маңдай терінің ақталғаны деп бағаласақ болады. Әрине, ауылдарды дамыту бойынша Үкімет тарапынан үйлескен жұмыстарды ескермеске болмайды. Мәселен, 2023 жылдан бері елімізде ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасы іске асып келеді. Оның негізгі мақсаты ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартумен байланысты. Ауыл халқының табысын арттыруға, өмір сүру сапасын жоғарылатуға бағытталған. Жалғай берсек, мемлекет тарапынан қабылданған жобалар көп. Оны тағы жалғай жатармыз. Ал қазір өңірлерді дамыту бойынша осыған дейін қалыптасқан диспропорция жайында айталық. Осы тұста Экономикалық зерттеулер институты өңірлерді дамыту және өмір сапасы орталығының директоры Нұрболат Құрметұлының пікірін келтіргенді жөн көрдік.
–Өңірлердің дамуындағы диспропорцияның басты себебі – бұрыннан қалыптасқан жүйесіздіктен деп айтар едім. Ол жүйесіздік жұмыс күші мен инфрақұрылымның дамуындағы кемшіліктермен байланысты. Кеңес үкіметі тұсында өндірістік инфрақұрылым бөлек индрустриялық орталықтарға шоғырланып, сонда дамыды. Тиісінше, ауылдар өз алдына аграрлық аумақ секілді қалыптасып, урбанизация іркілді. Біздің білетініміз, урбанизациясы ілгерілеген өлкелердің өндірістік әлеуеті мықты болады. Әрі сол аймақтарда халықтың өмір сапасы жоғары келеді. Егемендік алып, нарықтық экономикаға көшкен соң да тұрғыны аз ауылдар бірден көркейіп кете алмады. Себебі ауылдардың егемендік жылдарынан кейінгі тағдырына да бұрынғы әлеуеті әсер етті,– дейді сарапшы.
Яғни, бұрыннан шикізат өндірісімен айналысатын, инфрақұрылымы дамыған өңірлер инвестиция тартуға мүмкіндік алды. Есесіне, жұмыспен қамту көрсеткіші, ауылдың жалпы кірісі ұлғайған. Сол кезеңдерде өкінішке қарай аграрлы аймақтар төмен экономикалық көрсеткіш көрсетті. Оған инфрақұрылымның әлсіздігі әсер етті. Салдарынан халқы аз, шаруашылығы шатқаяқтаған ауылдардан тұрғындар көше бастады. Кейіпкеріміз диспропорцияға ықпал ететін тағы бір мәселе, жергілікті атқарушы органдардың қолының келтелігімен байланысты деп түсіндірді. Түйгеніміз, мұндағы мәселе өңірлерде инфрақұрылымды дамытуға, экономиканың табысты бағыттарын ілгерілетуге тағысын-тағы осы бағыттағы жұмыстарға көп қаражат бөле алмауда болып тұр. Жағдайды адам капиталының бірдей дамымауы да қиындатады. Яғни, ауыл халқының барлығының бірдей жоғары білім алмайды. Сапалы медициналық көмекпен қамтылмағандар жетеді. Біліктілік арттырып, бәсекеге қабілетті болуға жағдай жасала бермейді. Ауыл мен қала арасындағы алшақтыққа кейбір аймақтардағы экономиканы диверсификациялау төмендігі әсер етеді. Себебі біздегі көптеген аграрлық өңірде экономиканың басқа салаларын дамытуға басымдық бере бермейді. Салдарынан аталған өңірлер экономика жағынан артта қалып, өзге индустриялық өлкелерге бәсекелес бола алмайды. Сосын, кейбір ауылдардың дамуына көлік және цифрлық байланыстың жеткіліксіздігі әсер етеді. Сарапшының пікірін басшылыққа алып пайымдасақ, өңірлердегі диспропорцияның қалыптасуына бір емес, бірнеше себеп бар. Соның барлығы реттелсе, ауылды дамытудың мықты стратегиялық жобасы әзірленсе, жағдай оңалады. Бүгіннің өзінде бюджет қаражатын тиімді пайдалану мақсатында ауылды дамыту саясатында басты назар экономикалық даму әлеуеті бар ауылдарға аударылып отырғанын мақаланың басында айттық. Ашып айтсақ, елдегі 6,1 мың ауылдан 3,5 мың ауыл таңдалып алынған. Осы 3,5 мың ауылды толық кешенді дамыту мақсатында 2019 жылдан бері инфрақұрылымды дамыту бойынша жобалар іске асып келеді. Бұл ауылдарда ауыл халқының 90%-дан астамы тұрады. 2019-2024 жылдары ауылдың инфрақұрылымын жақсарту мақсатында «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша бюджеттен 701 млрд теңге бөлінген.
–«Ауыл – ел бесігі» жобасы 2019 жылы басталды. Осы арқылы ауылдың инфрақұрлымын дамытуға басымдық берілді. Жоба аясында дамуға әлеуеті жетеді деп таңдалған 3 500 ауылда қазір білім ұйымдары, медицина нысандары, мәдениет, спорт, инженерлік инфрақұрлым, инженерлік желілер, автожолдар салу сынды басқа да жобалар іске асып келеді. 2024 жылға дейін аталған жоба аясында ауылдық жерлерде 6,6 мың инфрақұрылым жобасы іске асқан. Дәл осы жобалармен 2,7 мың ауыл қамтылған. Елде 2019 жылдан бері елді мекендерді дамытудың өңірлік стандарты бекітілген. Оның ішінде ауылдардан бастап, республикалық маңызы бар қалалар қамтылған. Осының арқасында енді мемлекет инфрақұрлым жағынан артта келе жатқан аймақтарға көбірек қаражат бөледі. Өңірлердің дамуына серпін беретін «Ауыл аманаты» жобасы 2023 жылдан бері іске асып келеді. Жоба барысында 2 инструмент қарастырылған. Біріншісі – микронесие беру. Екіншісі – техника мен жабдықтар алуға лизингке қаражат бөлуге қатысты. Яғни, бұл жоба да ауылдағы жалпы ахуалды түзетуге, көші-қон процесін баяулатуға әсер етеді деп ойлаймын. Осы уақытқа дейін аталған жоба Жамбыл облысында іске асып, жақсы нәтиже көрсетті. Сол себепті де қазір жобаның ауқымын кеңейтуге көңіл бөлініп отыр, дейді Нұрболат Құрметұлы пікірін түйіндеп.
Тағы бір қуантарлық жағдай, биыл өңірлерді дамытудың жаңа концепциясы қабылданды. Соның аясында «Ауыл – ел бесігі», «Ауыл аманаты» сынды жобаларды қатар үйлестіру міндеті қойылып отыр. Яғни, экономиканы дамытатын жобаларды инфрақұрылым тартылып жатқан өңірлерде іске асыруға көңіл бөлінеді. Осылайша, экономиканы көтеретін жобаларды барынша табысты, өнімді үйлестіруге жол ашылмақ.


