2025 жылдың алғашқы сегіз айының қорытындысы бойынша өңдеуші сектордың негізгі капиталына салынған инвестициялар 34,3 пайызға артты. Бұл көрсеткіш салада белсенді жаңару мен өндіріс қуаттарын кеңейтудің айқын белгісіне айналды.
Қазіргі таңда басты назар қолданыстағы кәсіпорындарды жаңғыртуға, жаңа өндіріс ошақтарын құруға және өнеркәсіптік инфрақұрылымды дамытуға аударылған. Мұндай бағыт еңбек өнімділігінің артуына және отандық өнімнің экспорттық әлеуетін кеңейтуге тікелей әсер етіп отыр.
Инвестицияларды тарту мақсатында арнайы экономикалық аймақтар (АЭА) мен индустриялық аймақтар белсенді дамып келеді. 2025 жылы Ақтөбе және Қызылорда облыстарында жаңа АЭА іске қосылды. Қазіргі таңда елде жалпы 16 АЭА, 61 индустриялық аймақ және 34 шағын өнеркәсіптік аймақ жұмыс істейді.
АЭА аумақтарында бүгінде 532 жоба жүзеге асырылуда, оның 85-і шетелдік инвесторлардың қатысуымен іске асқан. Сонымен қатар, шетелдік серіктестер тартылған 42 жобаны қоса алғанда, 449 жоба іске асыру сатысында тұр. Арнайы экономикалық аймақтарға тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі шамамен 925,3 млрд теңгені немесе 2 млрд АҚШ долларын құрайды.
2025 жылдың қаңтар–қыркүйек айлары аралығында өңдеу саласында жалпы сомасы 3,1 трлн теңгеден (шамамен 6,2 млрд АҚШ доллары) асатын 5 ірі инвестициялық келісім жасалды. Қазіргі уақытта ферроқорытпа өндірісі, жолаушылар вагондары, цемент және өзге де бағыттарды қамтитын тағы 4 жоба келіссөз кезеңінде тұр.
Қазақстанда бұрын шығарылмаған өнім түрлерін өндіруді ынталандыру және қолданыстағы кәсіпорындардың жүктемесін арттыру үшін ұзақ мерзімді жеткізу шарттары мен оффтейк-келісімшарттар тетіктері енгізілуде. Бұл жүйе инвесторлар үшін тәуекелді азайтып, өнімге тұрақты өткізу нарығын қамтамасыз етеді.
2024 жылдың қорытындысы бойынша жалпы сомасы 1 трлн теңгеден асатын 898 ұзақмерзімді келісім мен оффтейк-шарт жасалған. Ал биылғы қаңтар–шілде айлары аралығында мұндай келісімдер саны 1 035-ке жетіп, жалпы көлемі 1,179 трлн теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,7 есеге көп.
Басым салаларда 190 жоба іске қосылады
2025 жылы жалпы құны 1,5 трлн теңгені құрайтын 190 жобаны іске қосу жоспарлануда. Бұл жобалар металлургия, машина жасау, мұнай-газ химиясы және тамақ өнеркәсібі салаларында 22,6 мың жаңа жұмыс орнын құруды қамтамасыз етеді.
Аталған жобалар жоғары технологиялық өндірістерді құруға, шикізатты терең өңдеу деңгейін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңдеуші салалардың экспорттық әлеуетін нығайтуға бағытталған.
Бүгінгі таңда жалпы инвестиция көлемі 838,1 млрд теңгені құрайтын 115 жоба іске қосылып, 13 384 жұмыс орны құрылды.
Сондай-ақ ағымдағы жылдың соңына дейін жалпы инвестиция көлемі 691,1 млрд теңгені құрайтын 75 жобаны іске қосу жоспарлануда. Бұл жобалар аясында 9,2 мың жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.
Осылайша, барлық жобалар толық қуатында іске қосылған жағдайда олардың жалпы өндіріс көлемі шамамен 2,3 трлн теңгені құрайды, оның ішінде 0,8 трлн теңгеге өнім экспортқа шығарылып, 1,5 трлн теңге көлемінде импортты алмастыру қамтамасыз етіледі.
Сонымен қатар ауылдық жерлерде 5,7 мың тұрақты жұмыс орнын және моноқалаларда 1,8 мың жұмыс орнын құру жоспарлануда.
Елді индустрияландыру өндірілетін өнімнің аясын кеңейтуге мүмкіндік берді. Соңғы 3 жылда полипропилен, ферросилиций, ыстық брикеттелген темір, арнайы кокс, тұрмыстық техника, автомобиль шиналары және жүк көліктеріне арналған компоненттерді құю өндірісі табысты іске қосылды. Тыңайтқыштардың жаңа түрлерін («ҚазАзот», «ҚазФосфат»), құрылыс материалдарын (керамикалық плитка, жылу оқшаулағыш материалдар, энергия үнемдейтін әйнек), мұнай-газ жабдықтарын (Caspi Oil Capital), дәрілік заттарды шығару жолға қойылды.
Өндірістік өнеркәсібі қуатты өңірлер еліміздің экономикалық әл-ауқаты мен бәсекеге қабілеттілігінің негізі болып табылады. Осы ретте ел экономикасына серпін беріп отырған өңірлер туралы «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Өңірлік зерттеулер және өмір сапасы орталығының директоры Нұрболат Құрметұлы өз пікірімен бөлісті.
«Ішкі өнімге қосатын үлесіне байланысты 5 лидер облысты атап көрсетуге болады. Алматы қаласының негізгі бағыттары – қаржы, сауда-саттық. Екінші өңір ретінде Астана қаласын атап өтуші едім. Негізгі бағыттары мемлекеттік басқару, құрылыс, білім беру, жаңа технологиялар. Тағы бірі Атырау облысы. Бұл өңір мұнай және газ өндіруге бағытталған. Қарағанды облысымыз, оның мамандануы тау-кен өнеркәсібі. Тағы да бір атап өтететін өңір – Алматы облысы. Бағыттары – тамақ өнеркәсібі және машина жасау», – деді Нұрболат Құрметұлы.
Өңірлер өнеркәсіптің жаңа драйверіне айналуда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жоғары қайта өңдеу деңгейі бар өндірістерді игеруге ерекше назар аудара отырып, 17 серпінді жоба іске асырылуда. Бұл жобалар аясында отандық шикізат пен құрамдас бөлшектерді барынша пайдалану, сондай-ақ ірі кәсіпорындар айналасында шектес өндірістерді дамыту көзделген.
Аталған бастамалар экономиканы әртараптандыру және өңдеуші өнеркәсіптің бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағдарламасы аясында іріктелген.
Қостанай облысында «KIA QAZAOSTAN» компаниясының КІА автокөліктерін шығаратын ірі өндірістік зауыты іске косылды. Кәсіпорында 1 500 жұмыс орны құрылды. Бұл отандық автомобиль өнеркәсібі мен оған қатысты салалардың дамуына айтарлықтай үлес қосады.
Қарағанды облысының Шет ауданы Сәкен Сейфуллин ауылында «Сыр өнімдері» деп аталатын жеке ірімшік өндіретін цех жұмысын бастады. Ауыл тұрғыны, көпбалалы ана Ж. Қантарбаева 2022 жылы «Халыкты жұмыспен қамту орталығы» КММ арқылы жүзеге асырылатын грант бағдарламасына қатысып, 400 АЕК (1 225 000 теңге) көлемінде грант жеңіп алды. Бұл қаражатқа кәсіпкер сүт және ірімшік өнімдерін өндіретін цех ашты. Бүгінде FRESHCHEESEZHARYK сауда белгісімен жеті түрлі ірімшік және басқа да сүт өнімдерін шығарып отыр.
Жетісу облысында «Талдықорған — Үшарал» магистралды газ құбырының құрылысы мерзімінен бұрын аяқталды. «Үшарал» автоматтандырылған газ тарату стансасында өткен салтанатты шара барысында алты автоматтандырылған газ тарату стансасында көгілдір отынның алауы жағылды. Бұл инвестициялық жобаны Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «QAZAQGAZ» ұлттық компаниясы жүзеге асырды.
Жетісу облысында «Қайнар-АКБ» зауытында резервтік қуат беру жүйелеріне арналған өнеркәсіптік акумуляторлар шығаратын жаңа өндіріс желісі іске қосылды. Жаңа жоба облыс экономикасының дамуына және жергілікті халықты жұмыспен қамтуға ықпал етпек.
Газ құбырының құрылысы былтыр тамыз айында басталды. Жоба аясында 302,4 шақырым газ құбыры тартылып, 6 газ бұру құбыры мен автоматты газ тарату стансасы салынды. Нәтижесінде Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарының 88 елді мекенінің 130 мыңнан астам тұрғыны табиғи газбен қамтамасыз етіледі.
Екібастұзда «KAZFERROLIMITED» ЖШС-ның алғашқы ферроқорытпа зауыты ашылды. Жаңа кәсіпорынның қуаттылығы жылына 60 мың тоннаға дейін өнім өндіруге мумкіндік береді. Зауыт халықаралық, экологиялық және технологиялық қауіпсіздік стандарттарына толық сәйкес келетін екі заманауи электр пешімен жабдықталған.
Қызылорда облысында өңірдің азық-түлік әлеуетін арттыруға өз үлесін қосатын нан-тоқаш, кондитер, бисквит және макарон өнімдерін өндіретін кешен іске қосылды.
Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында мұнай-газ саласына арналған өнім шығаратын «Каскор-Машзавод» ЖШС зауыты ашылды. Жаңа кәсіпорын жылына 540 мың сорғы штангасын және 51 мың тонна сорғы-компрессорлық, құбырлар өндіруге қауқарлы. Кәсіпорын толық қуатына шыққаннан кейін 250 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Республика куніне орай ел бойынша жалпы саны 196 жаңа нысан ашылды. Олар Ақмола, Абай, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарында, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларында іске қосылды. Ашылған нысандардың қатарында жаңа мектептер мен балабақшалар, денсаулық сақтау нысандары, жол, спорт кешендері, инженерлік инфрақұрылым және өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындары, сондай-ақ абаттандыру жобалары бар.
2025 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстан өнеркәсібі оң даму қарқынын көрсетті. Заманауи технологияларды енгізу мен өндірістік процестерді автоматтандыру саланың тиімділігін айтарлықтай арттырып, шығарылатын өнімнің сапасын жақсартуға мүмкіндік берді.
Бүгінде өнеркәсіптік кәсіпорындар тұрақты даму қағидаттарын ұстана отырып, энергия үнемдейтін және экологиялық таза өндіріс әдістерін кеңінен енгізуде. Мұндай тәсіл өндірістің тиімділігін ғана емес, сонымен бірге қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды қамтамасыз етеді.
Жылдың алғашқы жартысында елдің экспорттық әлеуетінің артуы Қазақстанның халықаралық беделін нығайтуда өнеркәсіптік саясаттың маңызды рөл атқаратынын көрсетті.


