Тіл – елдің жаны, рухының айнасы. Тәуелсіз Қазақстан үшін мемлекеттік тіл – тек қатынас құралы емес, ол – ұлттық бірегейлік пен мемлекеттілік негіздерінің бірі. Қоғамдық өмірдің барлық салаларында, соның ішінде сот жүйесінде де мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту – ел тәуелсіздігін нығайтудың, азаматтарға әділдікке қолжетімділікті қамтамасыз етудің бір жолы.
ҚР Конституциясының 7-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Сонымен қатар сот саласындағы негізгі заң – “Қазақстан Республикасындағы тіл туралы” Заңда сот ісі жүргізілетін тіл нақты айқындалған. Онда сот ісі, негізінен, мемлекеттік тілде, қажет болған жағдайда – орыс тілінде немесе басқа тілдерде жүргізілетіні көрсетілген.
Ақтөбе қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты істерді қарау барысында тараптардың тілдік құқығын сақтай отырып, мемлекеттік тілде іс жүргізуді кеңінен қолдануға ұмтылады. Бұл – азаматтардың өз құқықтарын ана тілінде толық қорғауына жағдай жасау, құқықтық сауаттылық пен әділдікке деген сенімді арттыру жолы.
Сотқа жүгінетін әрбір азамат өз ісін мемлекеттік тілде жүргізіп, материалдарды ана тілінде оқып, түсініп, заңды шешімдердің мазмұнын еркін ұғынуы қажет. Бұл – заң алдындағы теңдік пен әділдік қағидаларын жүзеге асырудың бір тетігі.
Сондай-ақ, мемлекеттік органдар мен сот қызметкерлерінің құжаттарды мемлекеттік тілде сауатты дайындауы – тіл мәдениетін көтеріп қана қоймай, сонымен қатар соттың ашықтығы мен кәсіби деңгейін көрсететін маңызды фактор.
Тіл – Тәуелсіздіктің тұғыры, сот жүйесінің тірегі. Мемлекеттік тілде іс жүргізуді кеңінен қолдану – әділетті қоғам қалыптастырудың маңызды алғышарты. Бұл бағытта Ақтөбе қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты өзіне жүктелген жауапкершілікті терең сезіне отырып, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру жолындағы жұмыстарды тұрақты түрде жалғастырып келеді.
Мемлекеттік тіл – бұл тек бүгіннің емес, болашақтың тілі. Әділет пен заң үстемдік құрған елде қазақ тілі – негізгі құқықтық қатынас тілі болуы тиіс.
Ақтөбе қаласының әкімшілік
құқық бұзушылықтар жөніндегі
мамандандырылған ауданаралық
сотының бас маманы А.Тыныштық


