ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Алматы облысының құрметті азаматы, актер Бекжан Асаубайұлы Тұрыс 60 жасқа толды. Бүгінде ол өзі туып өскен Шошанай ауылы мен Ұйғыр ауданының, тіпті Алматы облысының ғана емес, күллі Қазақстанның кеңістігіндегі танымал өнер иесі. Ерен еңбегімен еліміздегі ең әйгілі театр және кино артисі ретінде халықтың ыстық ықыласына бөленген ұлдарының мерейтойын бұл жолы жерлестері ерекше салтанатпен бастап берді.
Бірнеше жыл бұрын ауылында елді имандылыққа шақырып, халықтың береке мен бірлігіне негіз қалар мешіттің ашылуына ұйытқы болған мерейтой иесі бұл жолы жас ұрпақты саламатты өмір салтына бейімдеу үшін болашақ мəдени-спорт кешенінің алғашқы қазығының қағылуына себепкер болды. Сонысымен той – тек ас ішіп, аяқ босатар шара еместігін тағы да дəлелдеді. «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ұл қайдан тусын» дегендей, жерлестері мерейтойлық шарада ел иесіз, жер киесіз еместігін анық аңғартты. Талантты ұлына шапанын жауып, атын мінгізіп, көліктен де кенде қылмады. Қарадалалықтар Бекжан Тұрыстың тойын көреміз деп елдің түкпір-түкпірінен келген құрметті қонақтарды қадірлі мейман ретінде күтіп алып, елдің ұлттық дəстүрі мен салтына адалдығын көрсетті. Қонақтар Шонжы ауылындағы Əлмерек Жаншықұлының ескерткішіне гүл қойып, Мəдениет үйінде өткен «Өнер – тəуекелі жеткеннің тұғыры» атты əдеби-сазды кешті тамашалады. Онда мерейтой иесі ойнаған спектакльдерден үзінділер қойылып, Қазақстан эстрада жұлдыздарының қатысуымен əн əуелеп, күй күмбірлеп, Бекжан Асаубайұлының атына жолданған Парламент Сенатының төрағасы Мəулен Əшімбаевтың, Мəжіліс палатасының төрағасы Ерлан Қошанов, ҚР Президентінің идеология жəне коммуникциялар жөніндегі көмекшісі Арман Қырықбаевтың, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаевтың, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің құттықтау хаттары оқылды. Сондай-ақ Алматыдағы М. Əуезов атындағы қазақ академиялық ұлттық театрының «Бес бойдаққа бір той» спектаклі қойылды. Мерейтой енді қазан айының екінші онкүндігінде Алматы қаласында, ал қараша айында Қонаев қаласында өз жалғасын таппақ. Бекжан Тұрыстың қазақ мəдениетіндегі шоқтығы биік. Сыншы Əлия Бөпежанованың айтуынша, жалпы актердің кейіпкерлерінің жан дүниесіне ену, болмысын игеру тəжірибелері қызғылықты. Атап айтарлығы – ол детальдарға ерекше мəн береді. Сондықтан да оның екінші пландағы, тіпті эпизодтық кейіпкерлерінің өзі толыққанды, жанды шығып, көрермен көкейінде жатталып қалады. «Мысалы, «Абайдың» кейінгі қо йылымында (режиссер Е.Обаев) Жиреншенің Айдар мен Ажар арасындағы сүйіспеншілікке байланысты дауға билік айтатын сахнасын еске түсірелік. Қазақта би біткен шешен. Дегенмен де Бекжан-Жиреншенің дестелетіп сөйлеуі, сөз саптауы қандай! Өзі сыр бермегенсігенмен, əбден қансорпасы шыққанын етектей қол орамалымен бет-мойнының терін бипаздап сүрте бергенінен, ең соңында орамалды желкесіне салып алғанынан сезесіз. Бітіспес жаулыққа бет алған Оразбайлар тобының белді өкілі Жиренше осал жау емес, өз уақытының, ортасының мықтыларының бірі. Актер ойыны осыны танытады», – дейді сыншы. Халық артисі Тұңғышбай Жаманқұлов: «Бекжан Тұрыс – ұлтжанды, өмір мен өнерге үстірт қарамайтын ойлы азамат. Сөз саптауда арзан сөз айт пайтын шешен», – десе, жазушы Зейнеп Ахметованың: «Бекжанның бірнеше қойылымына бардым. Шəмшісі ерекше. Өйткені ол Шəмші əндерін өзі орындайтын мықты əнші ғой. Бекжанда шынайылық басым», – деуі актерді бағалайтын, жақсы көретін қалың оқырманның пікірімен өзектес. Осы ретте режиссер Гүлсина Мирғалиеваның: «Бекжан Тұрыс сахнада үнемі адамды өзіне тартып тұрады. Өйткені, ол бүгіннің адамы емес. Бөлек философия секілді», – деген пікірі де айтулы актердің өзгелерден бөлек болмыс-бітімінен хабар беретіндей.

Мəулен ƏШІМБАЕВ, Сенат төрағасы:
– Ел-жұртыңыз өзіңізді белгілі актер, қазақ мəдениетін дамытуға үлкен үлес қосқан дарын иесі жəне ұлт жанашыры ретінде ерекше құрмет тұтады. Сіз қарашаңырақ Мұхтар Əуезов атындағы қазақ ұлттық драма театрының сахнасында түрлі рөлдерді сомдап, өнерсүйер қауымның ыстық ықыласына бөлендіңіз. Кəсіби шеберлігіңіз бен талантыңыздың арқасында көптеген кейіпкерлердің қайталанбас образын жасадыңыз. Ұлттық мүддені көздейтін тележобаларға қатысып, халқымыздың асыл мұрасын дəріптеуге де еселі еңбек сіңірдіңіз. Төл құндылықтарымызды насихаттауға, сабақтастықты сақтауға жəне жас ұрпақтың бойына отаншылдық сезімді дарытуға арналған моноспектакльдеріңіз қашан да жоғары бағаға лайық. Сіз осы бағыттағы тың бастамаларыңыз арқылы өнерге деген адалдықтың, биік өре мен талғамның жəне парасат пен пайымның озық үлгісін көрсеттіңіз. Алдағы уақытта да елдік мұрат пен ұлттық бірегейлікті ту еткен шығармашылық жолыңызда жаңа белестерді бағындыруыңызға тілектеспін. Адамгершілік пен ізгілікті жəне əділет пен ақиқаттан қуат алатын өнеріңізбен ұлт руханиятының өрісін кеңейтіп, көрермендеріңізді қуанта беріңіз.
Ерлан ҚОШАНОВ, Мəжіліс төрағасы:
– Азат өмір мен асқаралы белеске зор рухани қазынамен, үлкен абыроймен жетіп отырсыз. Көпке танымал талантты актерсіз. Ұлттық театр жəне кино өнерінің өркендеуіне сіңірген еңбегіңіз мол. Осы жылдар ішінде үздіксіз шығармашылықпен айналысып, ұлттық сахна өнерінің озық дəстүрін қалыптастырған аға буын актерлердің жолын лайықты жалғастырып келесіз. 60 жасқа түрлі бейнелерді сомдап, əр кейіпкер арқылы көрермен жүрегінен жол таптыңыз. Қашан да өнеріңіз өрісті те жемісті болсын!
Ерлан ҚАРИН, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:
– Сізді қазақ мəдениетінде өзіндік орны бар театр жəне кино актері, ел ықыласына бөленген өнер иесі ретінде ерекше құрметтеймін. Театр сахнасында табысты еңбек етіп, қазақ драматургиясының классикалық туындыларында басты рөлдерді шебер сомдадыңыз. Көрермен жүрегіне терең бойлап, əр кейіпкердің эмоциясын шынайы жеткізе білдіңіз. Əртүрлі жанрдағы фильмдерге түсіп, драмалық рөлдерден бастап комедиялық кейіпкерлерге дейін сəтті орындап, кино өнерінде де зор табысқа қол жеткіздіңіз. Өнер саласында ғана емес, қоғамдық өмірде де белсенділік танытып, жастарға тəлімгерлік жасап, қолдау көрсетіп келесіз. Өнегелі өмір жолыңыз сан қырлы шығармашылығыңыз ұлт мəдениетінің алтын қазынасына айналары сөзсіз. Алдағы уақытта да ел руханиятына қызмет етіп, сый-құрметке бөлене беруіңізге тілестеспіз.
Бота ЕЛЕУСІЗОВА, Алматы облысы Ұйғыр ауданының əкімі:
– Бүгінгі кеш иесінің шығармашылық жолы тек өнер əлемінде өткізген белес қана емес, сонымен қатар ұлт мəдениетінің дамуына қосқан зор үлес. Туған жерінің мерейін асқақтататын мақтаныш. Қазақтың төл өнерін қадірлеген, театр əлемінің биігін бағындырған, ел руханиятының елшісі. Құрметті Бекжан Асаубайұлы, мерейлі 60 жасыңызбен шын жүректен құттықтаймыз. Туған еліңіз өзіңіздей дара перзентімен мақтанады. Еліміздің өнер саласына сіңіріп келе жатқан еңбегіңіз бен мəдениет саласының қарыштап дамуына қосып келе жатқан үлесіңіз өлшеусіз. Сіз салып келе жатқан өмір соқпағы өскелең ұрпақ үшін өнеге мен үлгінің дара даңғылы. Киелі өнердің келешегін кемел қылу жолындағы қажырлы қызметіңіз табысты болғай.
Еркін ЖУАСБЕК, М.Əуезов атындағы ұлттық драма театрының директоры:
– Бекжандай актер жоқ. Ол кісі өзінің алдындағы ағаларына үлкен құрметпен қарайды. Сахнада ешкімді қайталамау, Бекжан болу бұл кісінің өнердегі негізі кредосы деп білеміз. Бекжанның осы қасиетіне қуанамыз, мақтанамыз. Артынан ерген інілері, жастар Бекжанның тек сахнада емес, өмірдегі ұстанымына, айтар пікіріне тəнті болып қана қоймай, сабақ ретінде, мектеп ретінде сіңіруде. Бекжан өзінің өнердегі орнын, өз болмысын қалыптастырған қазақтың мақтанышы. Сондықтан сіздердің құрметтеріңіз жарасымды, біз үшін өте бағалы. Мен Бекжанды күстаналаған, өнерін қызғанған, теріс пікір айтқан бір адам көрмеппін осы күнге дейін. Өйткені оның өнері ата-анасының қанымен, оның өнері өзінің жанымен, білімімен жасалған өзіндік өнер. Сондықтан Бекжан Тұрыс – ерекше актер. Сахнада тұрып халықтың қамын жейтін, бүгінгі шындықты астарлап тұрып жеткізетін өнер – бұл құрметті өнер.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті»