Әділет министрлігінің Сот сараптамалары орталығы республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының Алматыдағы Оңтүстік-Шығыс өңірі бойынша филиалы алды әп-сәтте шуға ұласты.
Біздің түсірілім топ беймәлім оқиғаның куәсі болды. Спорттық киім киген белгісіз біреулер ешқандай құжат көрсетпестен Алматы тұрғыны, екінші топ мүгедегі Данияр Қойбағаровты үйінен қатыгездікпен ұстап, еркінен тыс психиатриялық сараптама орталығына күштеп апармақ болған. Оның сенімді өкілі Мария Басарабтың айтуынша, «Қарағанды облысынан келген тергеушілерміз» деген үш жігіт бұған қандай негіз себеп болғанын түсіндіруден бас тартқан. Себебі, Қойбағарұлына қатысты ешқандай қылмыстық іс тіркелмеген, сондықтан оны мәжбүрлеп психиатриялық сараптамаға жіберуге құқықтық негіз жоқ.

«Қойбағаров – екінші топтағы мүгедек. Оның үйіне баса-көктеп кіруге ешқандай сот қаулысы, прокурор санкциясы да жоқ. Не үшін?» деген Басараб бұл оқиғаны Қойбағаровтың жуырда «АККОН» ЖШС-не қарсы ұтқан сот ісімен тікелей байланыстырады. Сот шешімі бойынша компания азаматқа қомақты өтемақы төлеуі тиіс. Басарабтың пікірінше, компания өкілдері Қойбағаровты «ақыл-есі дұрыс емес адам» деп тануға тырысып, төлем жасаудан жалтармақ.


Оқиғаның куәгерлері мен заңгерлер жедел түрде жергілікті полиция қызметкерлерін шақырды. Алайда, полиция келгенде ғана спорттық киім киген азаматтар өзін «полиция тергеушілеріміз» деп таныстырып, қызметтік куәліктерін көрсете бастады. Дегенмен, адвокат Алма Мусина олардың әрекеттерінің заңдылығын сұрап, осы күш қолдану шаралары қандай құжатқа негізделгенін нақтылауды талап еткен кезде, олар бұл сұраққа жауап беруден бас тартты. Адвокаттың күштеп сараптамаға жіберу туралы сот қаулысын көрсету туралы талабына құқық қорғау органдары жауап бермеді.

Алматы қалалық адвокаттар алқасының адвокаты Алма Мусинаның айтуынша, ешқандай құжат көрсеткен жоқ. «Мен бұл әрекеттерді заңсыз деп санаймын. Өкінішке қарай, елімізде құқық қорғау органдарының әрекеттері жиі заңсыз сипатта болады. Біз, адвокаттар, бұл туралы жиі айтып жүрміз. Бірақ заңсыздықтың алдын алуға бағытталған тиісті шаралар әрқашан қабылдана бермейді», – деді.

Содан кейін ғана Қарағанды облысы полиция департаменті тергеу басқармасының полиция майоры Абай Қабыкен: «Мен Алматыда департамент басшысының бұйрығымен жүрмін. Менің барлық әрекетім заң аясында жүзеге асуда. ҚР Қылмыстық-процестік кодексiнің 201-бабы бойынша «Сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерiн жария етуге жол берілмейді» деумен ғана шектелді.
Оқиға орнына келген учаскелік полицейлер мен адвокаттар өз позициясын білдіріп, заң бұзушылыққа жол берілмеуі тиіс екенін атап өтті. Адвокаттың күштеп сараптамаға жіберу туралы сот қаулысын көрсету туралы талабына құқық қорғау органдары жауап бермеді.
Соңында оқиғаға қатысы бар барлық азаматтар ары қарай тексеру үшін полиция бөліміне жеткізілді. Данияр Қойбағарұлының туыстары мен жақындары әділдікке қол жеткіземіз деп отыр. Олар оны заңсыз түрде күштеп алып кетуге талпыныс жасалғаны туралы шындықты қоғамға жеткізуге бар күшін салмақ.