Елімізде жүргізіліп жатқан сот реформаларының басты мақсаты – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын тиімді қорғау, әділ сот төрелігін қамтамасыз ету және қоғамда құқық үстемдігі қағидатын орнықтыру. Осы бағытта биыл құрылған жаңа, дербес Кассациялық соттар – сот жүйесінің жаңа әрі маңызды буыны.
Кассациялық сот – төменгі сатыдағы соттардың заңды күшіне енген сот актілерін тексеретін жоғары сатыдағы сот органы. Оның басты миссиясы – құқық нормаларының дұрыс әрі біркелкі қолданылуын қамтамасыз ету, заңдылықтың сақталуына қатаң бақылау орнату.
Бұл сот сатысының ерекшелігі – ол істің мән-жайын қайта қарамайды, тек құқық нормаларының дұрыс қолданылғанын, заң талаптарының орындалғанын сараптайды. Осылайша, Кассациялық сот азаматтардың Конституциялық құқықтарын қорғап қана қоймай, сот тәжірибесінде бірізділікті қалыптастырады.
Кассациялық сотқа жүгіну тәртібі:
— Алдымен іс апелляциялық сатыда қаралуы тиіс;
— Кассациялық шағым не өтінішхат заңда белгіленген мерзімде берілуі қажет;
— Қарау барысында іс бойынша жаңа дәлелдер зерттелмейді, тек құқық нормаларының қолданылуы тексеріледі.
Кассациялық соттың құрылуы – сот жүйесінің сапасын арттыруға, оның жүктемесін оңтайландыруға және әділ сот төрелігіне қолжетімділікті кеңейтуге бағытталған. Бұл қадам:
— Сот тәжірибесінің бірізділігін қамтамасыз етеді;
— Құқық қолданудағы қателіктердің алдын алады;
— Азаматтардың сотқа деген сенімін нығайтады;
— Қазақстан сот жүйесін халықаралық стандарттарға жақындатады.
Кассациялық сот – еліміздегі сот төрелігінің әділдігін қамтамасыз етуде жасалып жатқан тиімді реформалардың одан әрі жалғасы іспетті. Ол заң үстемдігін орнықтыруда, азаматтардың құқықтарын қорғауда және сот жүйесінің ашықтығын арттыруда айрықша рөл атқарады. Бұл – құқықтық мемлекет құру жолындағы маңызды әрі тарихи қадам.
Қызылорда қалалық сотының судьясы
А.Б.Әбдіразақов.