Қазіргі қоғамда темекі шегу тек зиянды әдет қана емес, бұл – медициналық тұрғыдан мойындалған ауыр дерт. Әлемдік және ұлттық денсаулық сақтау ұйымдарының деректеріне сүйенсек, темекі шегуге тәуелділік көптеген аурудың қоздырушысы ғана емес, адамның өмір сүру ұзақтығына тікелей әсер ететін маңызды фактор. Осы орайда темекіні тұтынудан туындайтын тәуелділіктің, сырқаттанудың және өлімнің зиянды салдарын қоғамға жан-жақты түсіндіру – бүгінгі журналистиканың да, медицинаның да ортақ міндеті.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) темекі шегуді ICD-11 халықаралық аурулар жіктемесіне сəйкес «никотинге тəуелділік» ретінде белгілесе, Америкалық психиатрия қауымдастығы DSM-5 жүйесінде оны «зат қолданудың бұзылуы» ретінде сипаттайды. Бұл тəуелділік жүйке жүйесін зақымдап, адамның психоэмоционалдық жəне физиологиялық тепе-теңдігін бұзады. Ал ең қауіптісі – тəуелділікті жеңу үшін тек ерік-жігер жеткіліксіз. Темекі шегудің зияны жайлы айтқанда, алдымен жүрек-қан тамырлары аурулары, өкпе обыры, бронхит, инсульт жəне бедеулік секілді аса қауіпті сырқаттарды атап өту қажет. Ұзақ мерзімді темекі шегу нəтижесінде өкпе қатерлі ісігінің 85%-ы жəне жүрек-қан тамырлары ауруларының басым бөлігі дəл осы фактормен байланысты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мəліметіне сүйенсек, жыл сайын əлемде 8 миллионнан астам адам темекі шегудің кесірінен көз жұмады. Оның 1,2 миллионы – пассивті шылым шегуге ұшырағандар. Темекі шегу жеке адамның ғана емес, оның айналасындағы адамдардың да өміріне қауіп төндіреді. Темекіні тастау – адамның ерік-жігеріне ғана емес, кəсіби көмектің болуына да байланысты. Зерттеулерге сəйкес, темекіні өз бетінше тастаған адамдардың тек 5%-ы ғана ұзақ мерзімге дейін темекіден бас тарта алады. Ал медициналық көмек пен психологиялық қолдауды қатар алғандардың арасында бұл көрсеткіш 40%-ға дейін жоғарылайды. Қазақстанда темекіні тастауға арналған арнайы бағдарламалар мен емдеу əдістері енгізілуде. Мысалы, психоəлеуметтік терапия, мотивациялық кеңес беру, когнитивті-мінез-құлықтық терапия, никотин алмастыру құралдары мен арнайы препараттар (варениклин, бупропион) сəтті нəтижелер беруде. Темекі шегу тəуелділіктен туындаған ауру, ал темекіні тастау үшін ерік-жігерге емес, никотинге тəуелділікті емдеуге жүгіну керек. Темекі шегуді тек ерік-жігер арқылы тастауға тырысқандардың сəттілік деңгейі өте төмен, ал жүйелі емдеу нəтижеге жету мүмкіндігін 2-5 есе арттыруы мүмкін. Никотинге тəуелділікті емдеуді дəрі-дəрмекпен емдеу жəне психоəлеуметтік емдеу деп екіге бөлуге болады. Психоəлеуметтік емдеуге «қысқа мерзімді араласу» жатады, ол өте қысқа уақыт ішінде темекі шегуді тоқтатуға тиімді əсер етеді, темекіні тастауға мотивация деңгейін ескере отырып, кезең-кезеңімен өзгертуге жақындайтын «мотивацияны күшейту терапиясы» жəне өзін-өзі бақылау, күресу, дағдыларды оқыту жəне ынталандыруды бақылау жəне қайталанудың алдын алу жаттығулары сияқты əдістерді қолданатын «когнитивті мінез-құлық терапиясы» жатады. Жəне де топтық психотерапия мен гипнотерапияны да жатқызуға болады. Никотинді алмастыру терапиясы никотинмен қамтамасыз ету арқылы темекі шегуді тоқтату кезінде бастарту белгілерін азайтуға, сондай-ақ никотинге құмарлықты азайту арқылы никотинге тəуелділіктен біртіндеп қалпына келтіруге бағытталған. Бупропион, ең алдымен, антидепрессант ретінде белгілі, бірақ никотинге тəуелділікті емдеу үшін де тиімді дəрі ретінде қолданылады. Варениклиннің қосарлы көмекші əсері бар, ол темекі шегуді тоқтатумен байланысты абстиненттік симптомдардың төмендеуін қамтиды, сондай-ақ никотинді алмастыру əсерін төмендетеді. Дəрі-дəрмекпен емдеу əдетте 12 аптаға созылады, бірақ қайталанудың алдын алу үшін ұзағырақ емдеу ұсынылады. Никотинге тəуелділіктен туындаған ұзақ мерзімді темекі шегу денсаулықты үнемі нашарлатады. Негізінен, өкпенің қатерлі ісігінен болатын өлім-жітімнің 85% темекі шегумен байланысты. Созылмалы жүрек-қан тамырлары ауруларының дамуының негізгі себебі де темекі шегу. Темекі – бұл жай ғана зиянды əдет емес, бұл – нағыз тəуелділік, тіпті дерт.
Аружан МАУЛЕНБАЙ, «Заң газеті»