Енді жеке кәсіпкерлер, шағын және орта бизнес өкілдері өз бизнесін бірнеше қадам арқылы басқара алады: жаңартылған eGov Business қосымшасындағы жеке кабинет компания туралы барлық ақпаратты біріктіреді, AI-чат-боттар шешімдерді ұсынса, Салық күнтізбесі төлем мерзімдерін автоматты түрде еске салады. Мұның бәрі отандық кәсіпкерлерге eGov Business мобильді қосымшасының жаңартылған нұсқасында қолжетімді.
Өз бизнесін жаңа бастап жатқан кәсіпкерлерге, соның ішінде жеке кәсіпкер ретінде тіркелгісі келетіндерге «ЖК тіркеу» және «ЖШС тіркеу» қызметі қолжетімді. eGov.kz веб-сервисімен және серіктес платформаларымен жетілдірілген интеграция деректерді өңдеу үдерісін жеделдетіп, операцияларды орындау уақытын қысқартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, eGov Business-те кәсіпкердің жеке кабинеті басқарудың әмбебап панеліне айналды. Компания туралы барлық ақпарат, соның ішінде заңды тұлға, лицензиялар мен филиалдар туралы мәліметтер бір жерде жинақталған.
Қосымшаның маңызды жаңалығы – ҚР Ұлттық экономика министрлігінің тәуекелдерді басқару сервисі. Бұл сервис кәсіпкерлерге алдағы тексерулер туралы алдын ала хабарлап, тексеруге дайын болуға және ықтимал тәуекелдерді барынша азайтуға көмектеседі.
Бүгінде eGov Business – жай ғана қосымша емес, шағын және орта бизнестің процестерді оңтайландырып, цифрлық технологиялардың мүмкіндігін барынша тиімді пайдалануға көмектесетін толыққанды цифрлық құрал. Мобильді қосымша кәсіпкерлерге дұрыс шешім қабылдауға ғана емес, сонымен қатар бизнесті дамытып, бюрократиялық рәсімдерді азайтып, уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді.
Қосымшада 32 қызмет қолжетімді, бұл бизнес пен мемлекеттік органдар арасындағы өзара әрекеттестікті едәуір жеңілдетеді. Бұдан бөлек, команда қосымшаның функционалын айтарлықтай жақсартты. Тестілеу барысында сыртқы веб-сервистер мен платформалар арқылы ауқымды интеграциялық жұмыстар жүргізіліп, сервистердің үздіксіз жұмыс істеуі мен барынша тиімділігі қамтамасыз етілді.
Бұған дейін қосымшада «Заңды тұлғаның цифрлық сенімхаты» сервисі іске қосылған болатын. Сервис сенімхат беру процесін едәуір жеңілдетеді: заңды тұлғалардың басшылары электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы онлайн форматта сенімхаттарды жылдам әрі қауіпсіз рәсімдей алады. Бұл тек процесті жеделдетіп қана қоймай, ұйым ішіндегі өзара әрекеттестікті ашық әрі тиімді етеді.
Ұлттық статистика бюросының есебіне қарағанда, бүгінге дейін елімізде тіркелген заңды тұлғалар саны – 543725, дара кәсіпкерлерлің субъектілері – 1839358, филиалдар мен шетелдік заңды тұлғалардың филиалдары – 30393, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері – 2314201 бірлікті құрады. Мәселен, өлшемі бойынша шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің 2311201-і шағын, 3059-ы орта кәсіпкерлік субъектілері.
Е.ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті»
Бастама