Батыс Қазақстан облысы делегациясының жетекшісі, облыс әкімі Нариман Төреғалиев Қытай Халық Республикасына ресми сапары аясында Цзянсу провинциясы Халық үкіметінің төрағасы, партия комитеті хатшысының орынбасары Сюй Куньлиньмен кездесті.
Кездесу барысында облыс әкімі Нариман Төреғалиев Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Астана қаласында өткен 2-ші «Қытай – Орталық Азия» саммитінде «ҚХР Қазақстанның ірі сауда-экономикалық серіктесі» деп айтқанын алға тартып, екі ел арасындағы қарым-қатынас әрқашан достық пен ынтымақтастыққа құрылғанын атап өтті.
– Қазақстан үшін Қытай маңызды қызмет салаларындағы стратегиялық серіктес. Бізді ғасырлар бойы қалыптасқан тарихи достық байланыстырады. Батыс Қазақстан облысы – Қазақстанның «батыс қақпасы». Қытаймен арадағы тығыз сауда-экономикалық байланыстарды ескере отырып, біз екіжақты ынтымақтастықты кеңейту үшін, өзара тиімді жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз», – деді Нариман Төреғалиев.
БҚО әкімдігі баспасөз қызметі берген мәліметке қарағанда Цзянсу провинциясының Халық үкіметінің төрағасы да өңірмен сауда-экономикалық байланысты нығайтуға ынта-ықылас танытқан.
Келіссөздер барысында тараптар Батыс Қазақстан облысы мен Қытайдың ең дамыған индустриялық өңірлерінің бірі – Цзянсу провинциясы арасындағы сауда-экономикалық әріптестікті тереңдету мәселелерін талқылады.
БҚО әкімі өңірдің Қытайдың индустриалды-логистикалық орталықтарымен тікелей байланыс орнатуға мүдделі екенін жеткізіп, 2024 жылы БҚО мен Қытай арасындағы тауар айналымы 25 пайызға артып, 88,4 миллион АҚШ долларын құрағанын атап өтті.
БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі берген мәлімет бойынша осы сапарда өңір басшысы Нариман Төреғалиев Цзянсу провинциясының ірі өндірістік және сауда конгломераттарының бірі – Jiangsu SOHO Holding Group мемлекеттік корпорациясының басшылығымен кездесу өткізген.
Іс-шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше назар аударатын Қазақстан мен Қытай арасындағы өңіраралық байланысты нығайту аясында өтті.
Jiangsu SOHO Holding Group 380-нен астам кәсіпорынды біріктіріп, халықаралық сауда, логистика, тоқыма өнеркәсібі, «ақылды» өндіріс және қаржыландыру саласында ауқымды жобаларды жүзеге асырады. Компанияның сыртқы экономикалық операцияларының жылдық көлемі 11 миллиард АҚШ долларынан асады, географиясы 160-тан астам елді қамтиды.
Кездесу аясында тараптар БҚО өнімдерін SOHO сауда алаңдарына жеткізу, «Қытай – Орталық Азия – Еуропа» бағыты бойынша логистикалық тораптарды Қазақстанда орналастыру, Қытай тарапының ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге және сақтау, өткізу инфрақұрылымын дамытуға қатысу бағыттары бойынша ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады.
SOHO-ның Азия, Еуропа және Таяу Шығыс елдеріндегі көтерме және бөлшек сауда арналары желісі арқылы Батыс Қазақстан облысының өнімдерінің экспортын ілгерілету бастамасы ерекше қызығушылық тудырды. Компания басшылығы Батыс Қазақстан облысының бизнес өкілдеріне тегін кеңсе бөлмесін беруге дайын екенін білдіріп, ықылас танытты.
Келіссөздер нәтижесінде инвестициялық ұсыныстарды дайындау үшін нақты сала деңгейінде қосымша кеңестер өткізу туралы келісімге қол жеткізілді.
Облыс әкімі Нариман Төреғалиев Jiangsu SOHO Holding Group сияқты жоғары технологиялық және халықаралық нарыққа бағытталған серіктестермен ынтымақтастықты одан әрі тереңдету Қазақстанның Қытай мен Еуразия елдері арасындағы сенімді экономикалық көпір ретіндегі ұстанымын нығайтуға септігін тигізетініне сенім білдірді.
Бұл кездесу Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Айгерім ҒАЛЫМ
Батыс Қазақстан облысы