1 шілдеден бастап Қазақстанда үш дербес кассациялық соттар жұмысына кірісті. Республика тұрғындарының азаматтық, қылмыстық, әкімшілік істер бойынша арыз-шағымын кассациялық тәртіпте қарайтын бұл соттар халықтың қалауымен, көпшіліктің талап-тілегімен қолданысқа енгізілгені мәлім.
Бұған дейінгі кассациялық алқаның таңдап қарау әдісімен жұмыс істеуіне көпшілік тарапынан сын аз айтылған жоқ. Оған себеп түсінікті. Жоғарғы Соттың төрағасы Асламбек Мерғалиев атап өткендей істерді бір судьяның іріктеуінен кейін кассациялық алқаның қарауына беруі азаматтардың сот арқылы қорғалу құқығына кедергі келтірді.
Сөзіміз жалаң болмас үшін статистикалық деректерді сөйлетіп көрейік. Мәселен 2022-2024 жылдары қылмыстық істер бойынша 15 мың өтінішхаттың алдын ала қаралғаннан кейін тек 535-і немесе 3,5 пайызы ғана кассациялық алқаға берілген. Ал азаматтық істер бойынша жағдай біршама жоғары. Мұнда кассацияның өндірісіне түскен 31 мың өтініштің алдын ала қарау нәтижесі бойынша 1 688-і немесе 5,4 пайызы кассациялық тәртіппен қайта қаралған. Осы аралықта тек әкімшілік әділет институты бойынша сот актілерін қайта қарау «үздіксіз» кассация моделі бойынша жүзеге асырылып, әкімшілік соттың шешімдеріне қатысты шағымдар тұтастай кассациялық алқаның қарауына берілген.
Міне, кассациялық алқа жұмысына қатысты қарапайым халықтың уәжіне құлақ асқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құзырлы органдарға кассациялық соттың қазақстандық жаңа, оңтайлы моделін қарастыруды тапсырған еді. Соның нәтижесінде әлемдегі кассацияның озық тәжірибелері зерттеліп, сарапшылардың ұсыныстары сот саласында, заңгерлер мен ғалымдардың, құзырлы орган өкілдерінің қатысуымен жан-жақты талқыланды.
Дербес кассациялық соттардың бүгінгі таңдалған моделі – шетелдегі озық үлгілердің көшірмесі емес. Бұл халықтың бітім-болмысын, менталитетін ескере отырып, зайырлы мемлекеттерде өзін ақтаған үздік нұсқалардың артықшылықтарын назарда ұстаған бірегей жоба. Сондықтан, алдағы уақытта кассациялық соттар халық сенімінен шығып, ел игілігіне қызмет етеріне күмәніміз жоқ.
Оның үстіне, жаңа соттардың материалдық-техникалық мәселесі де түбегейлі шешіліп, судьяларға қойылатып талап та мейлінше жоғары болды. Соның нәтижесінде кассациялық соттардың құрамына тәжірибесі мол, кәсіби біліктілігі жоғары, шеберлігі шыңдалған қазылар іріктелді. Бұл басымдықтың өзі қарапайым халықтың жаңа кассациялық соттардың әділдігіне, істерді сауатты, сапалы қарайтынына сенімін еселейді.
Қазіргі кезде кассациялық соттың жұмыс тәртібін, артықшылықтарын түсіндіру бойынша ауқымды жұмыстар қолға алынуда. Бұл соттарда алдын ала қарау сатысы болмайды, азаматтар кассацияға тікелей қол жеткізе алады. Барлық шағымдар сот отырысында тараптарды шақырумен алқалы түрде қаралмақ. Кассациялық сот істі мәні бойынша қарамайды. Заңды күшіне енген сот актілеріне қатысты шағымдардың заңдылығы мен негізділігін тексеру мақсатын көздейді. Ең бастысы, бұл сот бірыңғай сот практикасын қамтамасыз етуді жүзеге асырады. Бұл құқық қолданудың тұрақтылығы үшін өзекті.
Міне осындай жоғары міндеттер жүктелген кассациялық соттар азаматтардың әділдік пен тура төрелікке деген оң көзқарасын қалыптастырары талассыз.
Асия Калкаева,
Алматы қаласы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы