– Бота Серікқызы, өңірдегі экономикалық ахуалды оңалтудағы оң өзгерістерді атап берсеңіз?
– 2025 жылдың алғашқы төрт айында ауданымызда бірқатар көрсеткіштер бойынша оң динамика байқалды. Өзгерістер туралы айтқан кезде сөзді аудандағы инвестиция лық ахуалдан бастаған жөн шығар. Биыл оның көлемі 6 млрд 122,5 млн теңгені құрап, өсім 95,1 пайыз болды. Өнеркəсіп өнімдерін өндіру көлемі өсті. Былтырғы сəйкес кезеңмен салыстырғанда айырма 95,1 пайызға тең. Оған «OTAN Green Food» ЖШС-нің ветеринариялық-санитариялық жұмыстарға байланысты өндіріс көлемін уақытша азайтуы əсер етті. Ауданымыздың аграрлық секторында биыл 14 млрд 720 млн теңге көлемінде ауыл шаруашылық өнімі өндірілді. Былтырғы сəйкес кезеңде ол 14 млрд 234 млн теңгені құраған болатын. Яғни, нақты көлем индексі 102,3 пайызды құрап, бұл салада айтарлықтай жоғары өсім тіркелді.
– Алматы облысындағы шекаралық аудандардың бəрінде ауыл шаруашылығы негізгі өндірістік сала саналады. Бұл жағдай Ұйғыр ауданына да тəн. Бұл бағытта биыл өзіңіз жетекшілік ететін өңірде қандай іс-шаралар жоспарланған?
– Ауыл шаруашылығы саласын дамыту мақсатында 2025 жылға республикалық жəне облыстық бюджет қаражаты есебінен жоспарланған іс-шаралар ауқымды. Алдымен Ұйғыр ауданының төменгі аймақтағы суару желілерін қайта құру жұмыстарына ұлттық қор есебінен – 1 млрд 250 млн теңге; екіншіден, ұзындығы 322,7 км төменгі аймақтың коллекторлық-дренаждық жүйелерін ағымдағы жөндеуге жəне механикалық тазарту жұмыстарына – 300 млн теңге бөлінді. Үшіншіден, Кіші Дихан, Ават, Шошанай, Дардамты, Кіші Ақсу ауылдарындағы таулы өзендерде су қоймасын салудың техникалық-экономикалық негіздемесін əзірлеуге 50 млн теңге, ал жануарларды суаруға арналған каптаждық құдықтарды қайта құру үшін техникалық-экономикалық негіздеме əзірлеуге 50 млн теңге бағытталып отыр. Бұдан бөлек, Сұңқар жəне Диірмен ауылдарында су қоймасын салуға əзірленген техникалық-экономикалық негіздемені түзетуге 43,8 млн теңге бөлінсе, Шалкөде жайлауына апаратын жолды жөндеуге 60 млн теңге бөлу жоспарланған. Агроөнеркəсіпті өркендетуде мал шаруашылығындағы ветеринария саласының маңызы зор. Сол себепті 2025 жылға облыстық жəне жергілікті бюджет қаражаты есебінен жануарларды уақытша ұстаудың модульдік пунктін салуға; блокты-модульдік ветеринарлық пунктті сатып алуға; сондай-ақ аудан бойынша 7 мал қорымы құрылысының сметалық құжаттамасын əзірлеуге қомақты қаржы қарастырылды.
– Сауда мен құрылыс саласындағы іргелі жобаларға да тоқтала кетсеңіз?
– Бөлшек сауда тауар айналымы 3 млрд 874 млн теңгені құрап, өсім 179,7 пайызды көрсетті. Былтырғы сəйкес уақытта оның көлемі 2 млрд 14 млн теңгені құраған болатын. Құрылыс жұмыстарының көлемі биыл 1 млрд 350 млн теңгеге жетіп, ондағы өсім 110,4 пайызды межеледі. Қолданысқа берілген тұрғын үй көлемінде де өсім бар. Атап айтқанда, биыл 4 айда 4 288 шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2188 шаршы метрге артық.
– Өңір экономикасының дамуын жақсартуда көлік қатынасының орны ерекше. Сол себепті сауда туралы айтқан кезде автокөлік жолдарын назардан тыс қалдыру мүмкін емес. Бұл саланың жай-күйі қалай?
– Аудан бойынша автокөлік жолдарының ұзындығы 1123 шақырым. Оның 281 шақырымы республикалық маңызы бар, 312 шақырымы облыстық маңызы бар, қалғаны жергілікті жолдар. 2024 жылы бес жобаға 1,7 млрд теңге қаражат қарастырылып, Шонжы, Дардамты, Рахат, Ақтам жəне «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Үлкен Ақсу ауылдарының 21,2 шақырым ішкі көше жолдарына орташа жөндеу жүргізіліп, жол сапасының жақсаруы 78 пайызға жетті. Биыл Шонжы (Қарақұл батыр, Уəлиханов, Талқанбаев, Қадырбаев жəне Абай даңғылына дейін), Үлкен Ақсу, Ақтам, Кіші Ақсу жəне Рахат ауылдарының жалпы 25 шақырым ішкі көше жолдарын орташа жөндеуге 1 млрд 276,6 млн теңге қаражат қарастырылды. Соның нəтижесінде сапалы жол көлемін 81 пайызға ұлғайту жоспарлануда.
– 2023 жылы басталған Халыққа қызмет көрсету орталығының құрылысы қашан аяқталады? Жалпы тұрғын үй жəне əлеуметтік инфрақұрылым бойынша жобаларға бөлінетін қаражат жеткілікті ме?
– Халыққа қызмет көрсету орталығының құрылысы жобасына 1 млрд 168 млн теңге бөлінген. Бұдан бөлек аудандық кітапхана ғимараты да қайта жаңғыртылып жатыр. Кезекте тұрған аудан тұрғындарын тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 2025 жылы республикалық бюджеттен 230,7 млн теңге, облыстық бюджеттен 1 млрд 988 млн теңге қарастырылған. Яғни, бюджеттік қаржының жалпы көлемі 2,2 млрд теңгеден асып отыр. Сонымен қатар, Үлкен Ақсу ауылында жеке тұрғын үй құрылысының инженерлік коммуникациялық желілерінің құрылысына 209 млн теңге қарастырылды.
– Құрылыс саласында тағы қандай іс-шаралар жоспарланып отыр?
– Ауданның перспективалық дамуын ескере отырып, Шонжы ауылының қолданыстағы электр беру желілерін құрылыс аумағынан шығарып, қуаттылығын одан əрі арттыру үшін жаңа қосалқы станцияның құрылысына жобалық сметалық құжат əзірленуде. Бұл жобаның құны 76,9 млн теңге, мердігері «Алматы проект энергострой» ЖШС. Сонымен қатар, құрылыс саласында өтпелі жəне жаңадан ЖСҚ-лар əзірленуде. Оның ішінде «Қырғызсай ауылдық округі əкімшілік ғимаратының құрылысы»; «Кіші Дихан ауылдық округі əкімшілік ғимаратының құрылысы»; «Қырғызсай ауылындағы мəдениет үйінің құрылысы» нысаны жəне 3 дана антена діңгек құрылғыларының құрылысы бойынша қажетті қаржы қарастырылған.
– Коммуналдық саладағы қордаланған мəселелер мен елді мекендерді газдандыру қалай шешілуде?
– Аудан орталығының тозығы жеткен су құбырларын жаңарту үшін биыл құрылыс монтаждау жұмыстарына қомақты сома қарастырылып, конкурстық рəсімдеу жұмыстары жүргізілуде. Қырғызсай ауылының ауыз су жүйелерінің жаңа құрылысы мен қайта құру жұмыстары басталып кетті. Қалжат ауылының ауыз су жүйелерінің жаңа құрылысы мен қайта құру жұмыстарының бастамасына да көлемді қаржы бөлінген. Сүмбе ауылындағы сумен жабдықтау жүйесінің құрылысына, Тасқарасу ауылының жер асты сулары көтерілуіне байланысты дренаж жүйесін қайта жаңартуға да қолдау жасалған. Ал таулы аймақта орналасқан елді мекендерді табиғи газ құбырына қосу мақсатында автоматтандырылған газ тарату станциясын салуға жобалық сметалық құжаттама даярланып, оған 136,9 млн теңге қаражат бөлінді. Бірінші кезеңде Кіші Дихан, Үлкен Дихан, Қалжат, Кетпен ауылдарына газ құбырын тарту көзделген. Қалған елді мекендерді газдандыру кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Сонымен қатар, Шонжы ауылындағы көп қабатты тұрғын үйлерді жылумен жабдықтауда газға арналған автономды Блокты-модульді қазандықты салуға 135 млн теңге қаражат беріліп отыр.
– Халық тұрмысын жақсартуда білім, денсаулық, спорт жəне мəдениет салаларының орны бөлек. Онда қандай жаңалықтар бар?
– Білім саласы бойынша 2025 жылға Дардамты жəне Ақтам ауылдарына жаңа мектептің құрылысына жобалық сметалық құжаттамалары əзірленуде. Сондай-ақ Шонжы ауылындағы №1 мектеп-лицейдің спортзалын сейсмикалық қауіпсіздігін күшейте отырып қайта жөндеу жұмыс тары да қолға алынды. Денсаулық сақтау саласында биыл «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде Ават, Тиірмен, Кіші Дихан ауылдарына дəрігерлік амбулатория, Ақтам, Дардамты, Шырын ауылдарында ФАП-тың құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталады. Спорт саласында биылғы жылға Дене шынықтыру-сауықтыру кешені құрылысын қайта жандандыруға 617 млн теңге қаражат қарастырылды. Қазіргі таңда кешен құрылысының жобалық сметалық құжаттамасы сараптамаға жіберілді. Мəдениет саласында 21 нысан тіркелген, 6 мəдениет үйі мен 15 клуб бар. 10 нысан апатты жағдайда. Жоспарланған жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асып жатыр. Əлеу меттік, экономикалық жəне инфра құрылымдық тұрғыда дамуды қамтамасыз ету – басты мақсатымыз. Ауданымыздың келешегі жарқын болатынына сенеміз.
– 11 маусымда Шонжы ауылында «Өрік фестивалін» өткізген екенсіздер. Алғаш рет ұйым дастырылған бұл шараның ауданға берері не?
– Қазіргі таңда ауданымызда бақтардың жалпы көлемі 4095 гектарды құрайды. Оның ішінде 3193 гектары – өрік бақтары. Бұл – ауданымыз үшін үлкен əлеует. Осыған орай, биыл алғаш рет «Өрік фестивалін» өткіздік. Оның аясында жергілікті кəсіпкерлер мен тұрғындар өз қолдарымен əзірлеген өріктен жасалған түрлі сусындар мен өнім түрлерін ұсынды. Өте əдемі, мазмұнды, қызықты шара болды. Бұл фестиваль – жергілікті өнімді насихаттау, ауыл шаруашылығы саласының əлеуетін көрсету тұрғысынан аса маңызды оқиға деп есептеймін. Ауданымызда өрік пен шабдалыны кептіретін арнайы зауыт ашылар күн жақын. Бұл бастама – тек ауыл шаруашылығын дамыту емес, сонымен қатар өнімді ішкі нарыққа да, экспортқа да бағыттау мақсатында жүзеге асырылып жатыр. Яғни, болашақта бұл өнім түрлері еліміздің сыртқы нарығына да жол тартатын болады.
– Сұхбатыңызға рақмет. Бастамаларыңыз баянды болып, аудан өсіп-өркендей берсін.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті»