Елімізде дертке шипа болар дəрі-дəрмекке қол жеткізу қиындап барады. Сыни жағдай олардың жоқтығынан емес, препараттардың ұлттық дəрілік формулярға тіркелмеуі, 7 жылдан бері жаңартылмаған емдеу хаттамасына енгізілмеуі, тіпті сатып алайын десе де елде рұқсат етілген тізімде болмауынан туындап отыр.
Бұл Парламент Мəжілісінде еліміздегі фармацияның жай-күйі туралы Жоғары аудиторлық палатаның жасаған есебінде белгілі болды. Онда саладағы біраз кемшіліктің беті ашылды. Бұл олқылықтар дəрігерді ескірген емдеу хаттамалармен жұмыс істеуге бір, амалсыздан қымбат дəрілер тағайындауға екі мəжбүр етуде. Жағдайдың шынайы бет-бейнесін отырыста Əлеуметтік мəдени-даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағанбетов ортаға салған еді. Асхат Қанатұлы фармацевтика саласының 3 негізгі кемшілігін жілікше шағып, олардан арылудың 7 нақты жолын ұсынды. Дəрі-дəрмек дəріханаларда сатылу үшін «Дəрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығында» сараптамадан өтіп, 210 күн ішінде тіркелу керек болса, аудит нəтижесінде бұл нормативті мерзімнің біреу лер үшін 1275 күнге дейін созылып, ал осы ұйымның бұрынғы қызметкерлері үшін 25-ақ күнде жүзеге асатыны анықталыпты. 154 өтінім бойынша сараптама процедуралары бұзылған. Асхат Қанатұлының айтуынша, аталмыш ұйым нағыз саяхатшылар клубына айналғандай. Оның қызметкерлері дəрілерді тізімге енгізу үшін зауыттарды көреміз деген сылтаумен шетелге жиі шығады екен. Оның шығандары фармация компаниясының есебінен төленеді. Бұл саяхаттар не беретіні күмəнді. Дəріні тіркеу үшін, өте күрделі бюрократиялық рəсімдерден өту керек. Оларға тек алпауыт фармацевтикалық компаниялар жəне қымбат препараттар ғана төтеп бере алды. Мұның салдарынан арзан, бірақ науқастар үшін ауадай қажет дəрілер тіркелмей қалады. Мысалы, фармакологтардың айтуынша, Қазақстанда пенициллиннің ішетін түрі тіркелмеген. Себебі, тым арзан болғандықтан оны ешкім алғысы келмейді. Осының салдарынан дəрігерлер бірден кең ауқымды антибиотиктерді тағайындауға мəжбүр болады. Өзге де негізгі дəрілер тізімде жоқ, сондықтан олар емдеу ісінде қолданылмайды. Тіркеу бірінші саты, одан соң науқастарды тегін қамтамасыз ету үшін дəрілер Ұлттық формулярға, одан соң клиникалық хаттамаларға енуі керек. Бұл үрдістің бəрінде оларға кедергіге тап болуда. Фармакологиялық бақылау шарасы талап деңгейінде жүзеге аспайды. Тиісті заңнамаға сəйкес аталмыш орталық дəрілердің жағымсыз реакциялары туралы хабарламаларды жинақтап, талдап, шаралар қабылдау үшін жіберуге міндетті болса, аудит 28 «сары карточка» бар дəрілік заттар бойынша еш əрекет жасамаған. Оның үстіне, дəрілердің кері əсерлері туралы 137 ақпарат түскенімен, тек 1 препарат қана кері қайтарылған. Ал жалпы, фармацевтикалық бақылаудан 77 млн фармацевтикалық өнім тыс қалыпты. Сырқаттарға ескірген емдеу хаттамалары қолданылатыны да анықталып отыр. Олар уақытылы жаңартылмайды. Клиникалық хаттамалардың шамамен 70 пайызы 5 жылдан 12 жылға дейін қайта қаралмаған. Ал дəрілер жыл сайын жаңаруда. Бұл қазақстандықтар жаңа əдістермен ем ала алмай жүр деген сөз. Хаттамаларды бекіту процесінің өзі де күрделі. Кейде ол бірнеше жылға дейін созылып, осылайша бекіткен хаттаманың өзектілігі де да жоғалады. Мысалы, тіркеу мерзімі өткен жəне тиімділігі төмен, шығаруға ұсынылған 409 препарат 3 жыл бойы формулярдан алынбаған, тиімсіз деп танылған 5 препарат 29 ауруды емдеу хаттамасынан шығарылмаған. Ал қажет делінген 96 тиімді препарат керісінше формулярға енгізілмеген. Асхат Қанатұлының айтуынша, мұндай ақылға сыймайтын жағдайдың себебі – министрліктің бұйрықтарындағы қарама-қайшылықтар. Дəрі бағалары шектен тыс қымбат. Аудит нəтижесі бұл олардың құнына – шамадан тыс маркетингтік жəне тасымалдау шығындарын қосудың нəтижесі екенін анықтады. Препараттар тіпті түпнұсқаларынан бірнеше есе жоғары бағамен сатып алынған. Дəрілерге қосылған үстеме баға зауыттық бағадан 172 пайызға артық. Ал, Еуропада жəне əлемде бұл көрсеткіш 30 пайыздан аспайды. Сонымен қатар бір препараттың дəріханалардағы бағасы 3-5 есеге дейін өзгереді. Түпнұсқаның бағасы 344 теңге болса, отандық тауар өндіруші генеригінің бағасы 1273 теңге. Парацетамолдың зауыттық бағасы 59 теңге, Қырғызстанда 90, ал бізде 144 теңгеге сатылуда. Терафлюге елде белгілеген шекті баға 3,3 мың теңге, ал зауыттық бағасы 1,5 мың. Ресейде ол 2,2 мың, Қыр ғызстанда 2,5 мың тұрады. Бірыңғай дистрибьютор СК-Фармацияның өз логистикалық инфрақұрылымы жоқ. Логистиканың 90 пайызы үш компанияның қолында. Осындай монополизация, логистикалық шығындардың 1,5 есе өсуіне ықпал етті. Бірыңғай дистрибьютор 491,0 млрд теңгеге сатып алу жүргізді. Бірақ оның басым бөлігі тікелей зауыттан емес, жергілікті дистрибьюторлар арқылы жүзеге асқан. Сонда біз бұл ұйымды не үшін құрдық? Неліктен ол зауыттардан тікелей сатып алмайды? Бір препараттар қоймаларда шіріп, есептен шығарылып жатса, кейбір өмірлік маңызы бар дəрілер қолжетімсіз. Осының салдарынан 45 мың пациент дəрісіз қалған. Анықталған шығындар мен ысыраптар – 3,7 млрд теңгеден, ықтимал шығындар – 21 млрд теңгеден астам. Отандық дəрілер 2024 жылы барлық дəрінің тек 15 пайызына жетті. Шын мəнінде отандық өндірушілерді қолдау үшін миллиардтаған субсидиялар, жеңілдікпен несиелер, кедендік преференциялар берілуде. Соған қарамастан дəрілердің 84 пайызы шетелден əкелінеді. 89 отандық өндірушінің тек 2 пайызы дəрі шығарады, ал қалғандары маска немесе шприц сияқты медициналық бұйымдар өндіреді екен. Бұл өнімдерде де отандық экономика үлесі аз, қағаз да, шыны да көбінесе сырттан келеді деген ақпарат бар. Инвестициялық келісімшарттар бойынша да сұрақ көп. Оларды белгілі бір уақыт өткен сайын жаңартып, инвесторлардың міндеттемелерін нақты көрсету керек. Клиникалық зерттеулер өте аз. Соңғы уақытта «ҚазВактан» басқа ештеңе шыққан жоқ деуге болады. Соңғы 10 жылда тек 2 препарат шығарылған, олардың бірі – Йод жəне калий йодиді. Бұны əзірлеуге 4,6 млрд теңге жұмсалған, бірақ ол тіпті формулярға да енгізілмеген, яғни қолданылмайды. Ұлттық орталықтың клиникалық зерттеулерді бекіту үшін деңгейі жеткіліксіз. Сондықтан клиникалық зерттеулерді толығымен жүргізе алмаймыз. Арнайы ғылыми гранттар да жоқ. Бұл кемшіліктерден арылу үшін Асхат Қанатұлының айтуынша, жаңа дəрілерді тіркеу мерзімін 1 айға дейін қысқарту, клиникалық хаттамаларды уақытылы қайта қарауды қамтамасыз ету, олардан тиімсіз препараттарды алып тастау жəне қажетті дəрілерді уақытылы енгізу, клиникалық хаттамалар мен формулярлар жүйесін реформалау қажет. Шекті баға əлемдегідей 30 пайыздан аспау керек. Баға белгілеу əдістемесін қайта қарау, «пайызға пайыз» қағидасын алып тастау жəне халықаралық тəжірибені ескеру қажет. Сол секілді СК Фармацияны реформалау, логистиканы дамыту, бəсекелестіктің есеп беру мен ашық ережелерін енгізу кезек күттірмейді. СК Фармация дəрілерді делдалдардан емес, тікелей зауыттардан сатып алуы керек. Келісімшарттарды қайта қарап, жаңартып, инвесторлардың міндеттемелерін нақты жазу да уақыт талабы. Ал, Ұлттық формулярға, амбулаторлық дəрі-дəрмекпен қамтамасыз ету тізімдеріне жəне Бірыңғай дистрибьюторға енгізуге өтінім беру механизмін «бір терезе» қағидаты бойынша енгізу керек. Ашық цифрлық есеп жүйесін енгізу де күн тəртібінде тұр. Клиникалық хаттамалардың өмірлік циклін басқаруға, əр пациент бойынша дəрілік заттардың көлемін бақылауға арналған ақпараттық платформа да басты қажеттілік. Тоқетерін айтқанда, дертке шипа болуға тиіс дəрінің өз жайы дімкəс болып тұр. Осының бəрі «жаны ашымастың қасында басың ауырмасын» деген халық нақылын еске түсіреді. Расында елдегі медицина сырқаттанудың қауіпті екенін көрсетеді.
А. ТҰРМАҒАНБЕТОВА, «Заң газеті»