Депутаттар елдегі өзекті мәселелерді үнемі Парламент мінберінен көтеріп келеді. Депутат Динара Наумова соңғы жылдары көбейіп кеткен тренингтер, шеберлік сабақтары мен семинарлар туралы айтты.
Расында, депутат айтқандай, мұндай қызметтерге деген жоғары сұраныс «жаттықтырушылар», «бизнес-тренерлер» жəне көбінесе қажетті біліктіліктері жоқ басқа да жалған мамандардың көптеп пайда болуына əкелді. Күн санап қатары өскен олар курстар мен тренингтер сатып, лезде нəтиже береміз деп уəде береді. Сарапшы мəртебесін иеленген бұл мамандардың қызметінде көбіне нақты сараптамалық негіз болмайды. Осының бəрі азаматтарды адас тырып, қызмет көрсету сапасына негізді күмəн тудырады жəне осы салаға деген сенімге нұқсан келтіреді. Мəселенің өзектілігін азаматтардың оларға қатысты шағымдарының көбейіп бара жатқаны растайды. Тек 2024 жылдың өзінде Тұтынушылар құқықтарын қорғау комитетіне сапасыз білім беру қызметтеріне қатысты 600-ден астам арыз түсіпті. Бұл осы салаға деген сенімсіздіктің жоғары дəрежесін ғана емес, оны реттеудің нақты қажеттілігін де көрсетеді. Онда əрине, өз клиенттеріне шынайы көмектесетін білікті мамандар жұмыс істейтінін де атап өткен жөн. Дегенмен, «иллюзия жаттықтырушылары» деп аталатын əділетсіз əрекеттердің көбеюі бүкіл қызмет жүйесіне күйе жағып, оның беделіне теріс əсер етеді. Мəселе салада реттеудің жоқтығынан ушығып тұр. Нақты стандарттар мен біліктілік талаптарының болмауы кез келген адамға өзін жаттықтырушы деп атауға мүмкіндік беріп, алаяқтыққа жағдай жасауда. Салдарынан тұтынушылар да, сапалы мамандар да зардап шегуде. Осы жайлы айта келіп, депутат Наумова жаттықтырушыларды, коучтерді жəне өзгелерге білім берумен айналысатын əртүрлі мамандарды əлемдік тəжірибеге сай міндетті сертификаттау жəне аккредиттеу жүйесін дамыту керектігін мəлімдеді. Оның айтуынша, мұндай тетік кəсіби стандарттарға сəйкестікті қамтамасыз етеді жəне азаматтардың сенімін арттырады. Сонымен қатар барлық азаматтарға қолжетімді болатын сертификатталған мамандардың бірыңғай тізілімін құру қажет. Бұл ашықтықты жəне оқуды бастамас бұрын маманның біліктілігін тексеру мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Жалпы отырыста көтерілген мəселенің бірі тағы да əлеуметтік желіге қатысты болды. Депутат Жанарбек Əшімжан өз сауалында өміріміздің ажырамас бөлігіне айналып бара жатқан əлеуметтік желілердің пайдасынан гөрі зияны басым екенін ашына жеткізді. Ұлттық тəрбие мен дəстүр-салтымыздың уықтарын талқандап, ақыл тоқтатпаған, жақсы мен жаманды əлі толық ажыратып үлгермеген балалар мен жасөспірімдерді меңдуана жегендей меңіреу əлемге бастап бара жатқан жағдайдың алдын алмасақ, опық жейтіндігімізді айтып дабыл қақты. Ол бұған нақты дəлелдер келтірді. Əшімжан мырзаның айтуынша, балалар мен жасөспірімдер арасында танымал ТикТокқа соңғы екі жылда 14,1 млн қазақстандық тіркеліпті. Бұл желінің негізгі тұтынушылары да – сол бесіктен белі шықпаған балалар мен жастар. Онда пайдалы контенттен гөрі, жастарға теріс əсер ететін зиянды ақпараттар өріп жүр. Құмар ойындарды жарнамалау, стримдер арқылы əдепсіз əрекеттер көрсету, балағат сөздер, порнография, суицидке шақыру, діни уағыздардың оңды-солды таралуы, буллинг, тыйым салынған заттардың жарнамасы секілді теріс əрекеттерге шақыратын лас ақпараттар осы ТикТок арқылы таралуда. Жасөспірімдердің ТикТоктан көргенін қайталап, жағымсыз қылық пен əдепсіз іске үйір болып бара жатқаны да жасырын емес. Осылайша, қазіргі таңда ұрпақ тəрбиесімен тікелей əлеуметтік желілер айналысуда. Соның салдарынан ұлттық құндылықпен сусындамаған жас ұрпақ өсіп келеді. Осыны зерделеген əлем елдері мұндай теріс үрдістің одан əрі етек алуына жол бермеу мақсатында Тик-Токқа шектеу қою немесе ондағы контентке бақылауды күшейтуді қолға алуда. Мəселен, Ресей, Қырғыз стан, Өзбекстан, Тəжікстан елдері ТикТок желісіне ішінара немесе толық шектеу қойды. Ал Франция үкіметі жасөспірімдердің интернетке қолжетімділігін заңнамалық деңгейде реттеді. Австралия 16 жасқа дейінгі балалардың ТикТокты қолдануын заңмен шектеді. Оған қатысты Еуропалық Одақ, Канада, Ұлыбритания, Жаңа Зеландияда 2023 жылы шешім қабылдады. Тіпті TikTokтың атасы саналатын Қытайдың өзінде бұл платформа қолжетімді емес. Қазақстан да ТикТокқа шектеу қою мəселесін қарастыруы керек. Өйткені ТикТокты шамадан тыс қолданудың психологиялық, əлеуметтік жəне академиялық салдары, баланың санасы мен денсаулығына кері əсері аз емес. Тіпті, офтальмолог дəрігерлер телефонға телмірген балалардың арасында кейінгі бес жылда көз аурулары күрт көбейіп кеткенін айтады. Сондықтан Үкімет ТикТоктағы əдепке, ұлттық құндылықтарға, дəстүріміз бен салтымызға қайшы келетін, балалардың санасын улайтын, теріс əдеттерге шақыратын барлық контентке шектеу қойып, елімізде ТикТокты кəмелеттік жасқа толмаған балалардың пайдалануын шектеу немесе мүлдем тыйым салу тетіктерін қарастыру керек.
А.ТҰРМАҒАНБЕТОВА, «Заң газеті»


