Елімізде кəсіпорындарды жаңғырту бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарға қарамастан ауаның, судың жəне топырақтың эрозиясы ұлғаюда. Бүгінде əсіресе, Алматы, Атырау, Қарағанды, Теміртау, Шымкент, Өскемен жəне Балқаш қалаларында атмосфералық ауаның ластану деңгейі жоғары күйінде қалып отыр.
Ауаның негізгі ластаушылары — өңдеу өнеркəсібі салалары, электр энергетикасын өндіру кəсіпорындары, сондай-ақ тау-кен өндіру, құрылыс, химия, мұнай-газ өңдеу кəсіпорындары. Бұған көбіне бизнес субьектілерінің қысқа мерзім ішінде экономикалық тиімділікке жетуді көздеуге ұмтылысы себеп болып отыр. Бұл əрине, мемлекеттің экономикалық жəне экологиялық сая саты арасындағы қайшылықтарға əкеліп, халықтың билікке деген сеніміне де селкеу түсіреді. Мəселенің тиімді шешімі ретінде айқындалған 2025 жылдың қаңтарынан бастап энергия өндіруші ұйымдарға енгізілмек қолжетімді үздік технологияның ауылы алыстап бара жатқандай. Бұл процес басталғанымен, оны іске асыру əрекеті көптеген жүйелік кедергілерге тап болуда. Олардың ішінде қаржылық, технологиялық, логистикалық, ұйымдастырушылық мəселелер де бар. Бұл Парламент Сенатында елімізге «жасыл» инвестиция тарту жəне қолжетімді үздік техниканы кеңінен қолдануды мемлекеттің көтермелеуі мен ынталандыруы жөнінде ережелерді іске асыру тақырыбына арналған Үкімет сағатында айтылды. Жиында Экология жəне табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев баяндама жасаған болатын. Ол сенаторларға еліміздің өңірлерінде экологиялық бастамалардың қазіргі жай-күйі мен даму перспективалары туралы мəлімет берді. Министр ірі ұлттық компаниялардың озық экологиялық стандарттарды енгізу жəне өндірістерді жаңғырту бойынша жоспарларына тоқталды. Оның сөзінен Жасыл климаттық қор үшін кең ауқымды бағыттарды қамтитын Ел бағдарламасының əзірленіп жатқаны да белгілі болды. Өкінішке қарай, Қазақстан алдында тұрған бүгінгі таңдағы ауқымды əрі кешенді міндет – негізгі өнеркəсіп салаларында ең үздік қолжетімді технологияны енгізудің толыққанды жүйесін қалыптастыру болса, баяндамада бұл тұрғыда мардымды ештеңе айтылмады. Есесіне сенаторлар біраз мағлұмат берді. Мəселен, сенатор Əли Бектаевтың айтуынша, Экологиялық кодексте ірі кəсіпорындарда ең озық қолжетімді техникаларды енгізуді жəне жасыл инвестицияларды қолдау тəсілдері қарастырылған. Кодексте бұл нормалардың іске асырылуына кезең-кезеңмен арнайы уақыт беріліпті. Бүгінгі күні Қазақстанда ең озық қолжетімді техниканы енгізуге міндетті І санаттағы 1500-ге жуық кəсіпорын бар. Мəселенің күрделілігі ескеріле отырып, оны екі кезеңде өткізу көзделген. Яғни, 2025 жылдан бастап 50 ірі кəсіпорын, ал 2031 жылдан бастап I санаттағы басқа кəсіпорындар өтуі міндеттеліпті. Кодекс нормалары бойынша, озық қолжетімді технологияларды енгізген жəне кешенді экологиялық рұқсат алған кəсіпорындар төлемдерден босатылады, ал уақытылы енгізбеген кəсіпорындар үшін салық төлемдерінің жоғарылауы, яғни, əр үш жыл сайын салықтың – 2, 4 жəне 8 есе ұлғаюы қарастырылды. Ең үздік қолжетімді технология бойынша анықтамалықтар əзірлеу салалық ерекшелікке негізделіп, ғылыми тұрғыда негізделген əрі іс жүзінде қолдануға ыңғайлы болуы тиіс. Алайда бүгінде біз маңызды кедергіге тап болып отырмыз – озық технологияларды енгізуде бірыңғай үйлестіру мен кешенді тəсілдің жоқтығы байқалады. Сонымен қатар экологиялық басымдықтар көбіне өңірлік стратегияларға кіріктірілмеген, бұл тұрақты экологиялық нəтижелерге қол жеткізуді қиындатады. Сенатор Ольга Булавкина да өнеркəсіптерге үздік қолжетімді технологияларды енгізудің кешігіп жатқанына алаңдаушылық білдірді. Ол бұл ретте кəсіпорындардың ескірген технологиялармен жұмыс істеуінен нашарлайтын экологиялық жағдайды қалыпқа келтіру құны тым қымбатқа түсетініне назар аудартты. Парниктік газдар шығарындыларының ұлғаюы Париж келісімі шеңберінде қабылданған Қазақстанның климаттық міндеттемелеріне қайшы келеді. Бұл еліміздің инвестициялық тартымдылығына ықпал ететін фактор. Мұның ақыры кейіннен қазақстандық бизнес үшін экономикалық тəуекелдерге əкелуі мүмкін. Яғни, үздік қолжетімді технологияларды енгізбейтін компа ниялар экспорттық шектеулерге тап болады. Кешіктірудің салдары инфляцияға ұрындырып, ұзақ мерзімді перспективада өндірістік шығындар да артып кетуі ғажап емес. Халықаралық серіктестердің елдің экологиялық саясатына деген сенімін төмендету жəне соның салдарынан тұрақты қаржыландыру жөніндегі «жасыл» бастамаларды алып тастау қаупі де бар. Булавкинаның сөзінен түйгеніміз, кəсіпорындар үздік қолжетімді технологияны енгізгеннен гөрі, айыппұл төлегенді қалайды екен. Оның айтуынша, мұның бірнеше себебі бар. Олар: аталмыш технологияны енгізу жаңа жабдыққа инвестициялар тартып, мамандарды қайта даярлауды, процестерді өзгертуді талап етеді. Көптеген компаниялар, əсіресе шағын жəне орта компаниялар үшін бұл өте үлкен шығын. Екіншіден, инвестициялардың қайтарымы шамамен 7-10 жылға созылуы мүмкін, бұл қысқа жоспарлау көкжиегі бар бизнес үшін қолайсыз.Үшіншіден, экологиялық ережелерді бұзғаны үшін айыппұлдардың мөлшері көбінесе модернизация шығындарына сəйкес келмейді. Бұл жағдайда айыппұлдарды есептеу үшін кəсіпорынның кінəсін дəлелдеу керек. Сонымен қатар қолжетімді технологияға инвестиция салатын компаниялар мемлекеттік сатып алулардан артықшылық алмайды. Оларды жүзеге асыру кезінде экологиялық критерийлер əрдайым ескерілмейді, ал экологиялық талаптар ұсынымдық сипатта болады немесе таңдамалы түрде қолданылады. Бұл түйткілдерден арылу үшін нормативтерді кезең-кезеңімен қатаңдата отырып, барлық қауіпті өндірістер үшін кешенді экология лық рұқсаттарды міндетті түрде қолданумен қатар экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін жəне кəсіпорындарды жаңғыртуға ынталандыратын қатаң заңнамалық талаптар қабылдау қажет. Ал, жиын тізгінін ұстаған палата спикерінің орынбасары Жақып Асановтың айтуынша, экологиялық басымдықтарды өңірлердің даму стратегияларына жай ғана декларативті түрде емес, нақты инфрақұрылымдық жобалар, экологиялық қауіп-қатерлердің егжей-тегжейлі карталарын əзірлеу, сондай-ақ əр өңірдегі «жасыл» бастамалардың ашық жəне қолжетімді тізілімдері арқылы енгізу қажет. Бұл ретте білікті кадрлар – экологиялық өзгерістерді жергілікті жерлерде жүзеге асыра алатын «жасыл» менеджерлер даярлаудың маңызы зор. Сонымен қатар ЖОО-лар мен колледждердегі мамандар даярлау бағдарламаларына экологиялық пəндер мен модульдерді енгізуді, халық пен бизнестің экологиялық сауаттылығын арттыруды, осы саладағы ғылыми-техникалық жаңалықтарды ынталандыруды күшейту қажет. Үкімет сағатының қорытындысы бойынша, экологиялық жаңғырту жоспарларын табысты іске асыру мен тұрақты экономикаға көшу үшін мемлекет пен бизнес жəне ғылыми қауымдастықтардың күш-жігерін біріктірудің маңыздылығы атап өтілді. Сондай-ақ экологиялық өзгерістерді ынталандыру тетіктері мен нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру бойынша ұсыныстар əзірленді.
Айша ҚҰРМАНҒАЛИ, «Заң газеті»