Республикамызда дербес кассациялық соттар іске кірісетін күн де алыс емес. Осыған орай, 1-шілдеден бастап жеке және заңды тұлғалар құқықтары мен бостандықтары жаңадан құрылған дербес кассациялық соттарда қорғалады. Мұндағы ерекшелік, кассациялық сотқа істер алдын ала қараусыз түседі, оны үш судьядан тұратын алқа қарайды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, кассациялық алқада барлық істер қарала бермейді. Жаңа сот осы норманы түбегейлі өзгертті.
Айтып өтерлігі, жеке және заңды тұлғалар аталған сотқа тек заң бұзушылықтарға байланысты шағымданады. Қазіргі тәжірибеден өзгешелігі, жаңа дербес кассациялық соттар қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істерде апелляциялық сот алқасы қабылдаған актілердің заңдылығын тексереді. Нақты айтқанда, істі мәні бойынша қарап немесе жаңа дәлелдемелерге баға бермейді, тек процестік және материалдық құқық нормаларының дұрыс қолданылуын тексеріп, төменгі саты соттары шығарған шешімдердің заңдылығын бақылайды. Сот әділдігін орнатуда кассациялық соттың заңды күшіне енген шешімі түпкілікті және соңғы шешім болып табылады.
Кассациялық соттардың сот процесін тараптарды қатыстыра отырып ауызша түрде жүргізуі қателіктердің анықталуында үлкен рөл атқарады. Бұл өз кезегінде төменгі саты соттарының жауапкершілігін күшейтеді. Ал жауапкершілік сапалы әрі әділ сот шешімдерінің қабылдануына кепіл болады. Сондай-ақ, ауызша процестер сот ісінің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етеді.
Тағы бір басты ерекшелігі, кассациялық соттардың жұмысында цифрландыру мен инновация жетістіктері кеңінен қолданылады. Бұл уақытты тиімді пайдалану мүмкіндігін арттырады.
Сот отырысы бұл дауласушы тараптардың сотқа қатысуға және өз дәлелдерін жеке өзі айтуға құқығы жүзеге асырылатын сот процедурасының маңызды бөлігі. Әрқайсысының сот тыңдау құқығы Қазақстан Республикасы Конституциясының 77-бабы 3-тармағының 4) тармақшасында бекітілген сот төрелігі қағидаттарының бірі болып табылады.
Азаматтық процестік кодекстің 450-бабында (істi кассациялық сатыдағы соттың қарау тәртібі) көрсетілгендей, Төрағалық етушi сот отырысын ашады және қарауға жататын істі, бұл үшін негіз болған процестік құжатты, соттың құрамын және сот отырысы залында отырған адамдарды жариялап, олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді.
Соттың істі өтінішхат негізінде емес, алдын ала қараудан өтпейтін шағым бойынша қайта қарауын заңның басты жаңалылығы ретінде қабылдауға болады. Осы баптағы жаңа талаптың бірі өкіл кассациялық шағым немесе наразылық білдіру туралы өтініш берсе, онда олар талаптар негізделетін заң нормасына сілтемені қамтуы тиіс.
Біркелкі сот тәжірибесін қалыптастыруда кассациялық соттардың дербес болуы айрықша маңызға ие. Өйткені, кассациялық соттар түрлі аймақтарда бірдей шешімдер қабылдауға көмектеседі, бұл сот практикасының біркелкілігін қамтамасыз етеді. Қазақстанның құқықтық жүйесін халықаралық стандарттарға жақындататын реформа сот жүйесі жұмысының тиімділігіне жол ашып, сотқа деген сенімді одан әрі нығайтады.
Елімізде кассациялық соттар департаментінің құрылғанын да айтып өткен жөн. Департамент жұмысы кассациялық инстанциялардың тәуелсіздігін күшейтуге, олардың әкімшілік және ұйымдастырушылық қызметін оңтайландыруға бағытталған. Кассациялық соттар тек кәсіби және білікті судьялардан тұрады.
Кассациялық соттар азаматтар мен заңды тұлғаларға әділетсіз немесе заңсыз сот актілерін түзетуге соңғы мүмкіндік беруімен құнды.
Шынар Ргебек,
Алматы облысының мамандандырылған
ауданаралық экономикалық сотының судьясы