2025 жылғы 4 сәуірде Америка Құрама Штаттарының Калифорния штатында орналасқан Калифорния университетінің (UC, Davis) қабырғасында көрнекті тілші-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық Жоғары мектеп ғылым академиясының академигі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Элеонора Дюсеновна Сулейменованың мерейтойына арналған халықаралық дөңгелек үстел өтті. «Ұстаз бен шәкірт: Зерттеу көкжиегі» атты бұл ғылыми шара университеттің тіл білімі саласындағы ғалымдарының бастамасымен ұйымдастырылды.
Аталған дөңгелек үстелге әлемнің жетекші ғылыми орталықтарынан тіл саласындағы танымал ғалымдар, жас зерттеушілер мен студенттер қатысты. Атап айтқанда, шараға келесі қатысушылар белсене атсалысты:
Abram J. Jones, тіл білімі профессоры, UC Davis (АҚШ)
Roya Vafamehr, PhD, тіл білімі саласының PhD докторы, UC Davis (АҚШ)
Thomas Hardy, PhD ізденушісі, тіл білімі, UC Davis (АҚШ)
Kazunari Meguro, Токио технологиялық институты (Жапония)
Alyssa Enriquez, бакалавр студенті, тіл білімі, UC Davis (АҚШ)
Дамели Енсебековна Капанова, филология ғылымдарының кандидаты, профессор, Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясы, Астана қаласы, (Қазақстан)
Құралай Кенжеқанқызы Кенжеқанова, PhD, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Алматы қаласы, (Қазақстан)
Ғылыми жиын барысында профессор Э.Д. Сулейменованың сан-салалы ғылыми еңбектері мен методологиялық ұстанымдары кеңінен талқыланды. Оның жалпы және салғастырмалы тіл білімі, социолингвистика, когнитивті лингвистика, лингвомәдениеттану, тілдік саясат пен көптілділік мәселелері бойынша жүргізген зерттеулері жоғары бағаланды. Ғалымның әсіресе тіл білімі мен оны оқыту әдістемесіне қосқан сүбелі үлесі ерекше атап өтілді.
Шара барысында Элеонора Дюсеновнаның отандық қана емес, әлемдік тіл білімінің дамуына қосқан өлшеусіз үлесі мен ғылыми мектебінің қалыптасу жолы кеңінен баяндалды. Ғалымның шәкірттері мен ізбасарлары өз зерттеулерінде ұстазының еңбектерін басшылыққа ала отырып, қазіргі тіл біліміндегі жаңа бағыттар мен тенденцияларды талқылады. Бұл – ұстаздың ғылыми идеяларының уақытпен шектелмейтіндігін және болашаққа бағдар беретінін көрсетті.
Сонымен қатар профессор Сулейменова Қазақстанда алғашқылардың бірі болып Flagman тілдік білім беру бағдарламасын енгізіп, оны жергілікті оқу үдерісіне бейімдеген ғалым ретінде де танымал. Бұл бағдарлама арқылы ол шетелдік тіл оқыту тәжірибесін қазақ мектептері мен жоғары оқу орындарына жеткізіп, көптілді білім беруді жаңа деңгейге көтеруге атсалысты.
Сондай-ақ, дөңгелек үстел барысында жыл сайын 30–35 америкалық студенттің әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде білім алатыны туралы ақпарат ұсынылды. Бұл дерек америкалық ғалымдар үшін қызығушылық тудырып, Қазақстан мен АҚШ арасындағы академиялық алмасулардың ауқымдылығы мен әлеуеті жоғары бағаланды.
Іс-шараны ұйымдастырушылар мен қатысушылар профессор Сулейменованың еңбектерінің жаһандық лингвистикаға серпін бергенін, оның ғылыми мұрасын халықаралық деңгейде кеңінен насихаттау қажет екенін атап өтті. Сонымен қатар, жас ғалымдарға арналған арнайы ғылыми сессияда профессордың идеялары негізінде әзірленген жобалар ұсынылып, пікір алмасулар орын алды.
Дөңгелек үстел қорытындысында Э.Д. Сулейменованың ғылыми мұрасын әлемдік деңгейде кеңінен тарату, қазақ ғылымының халықаралық беделін арттыру және Қазақстан мен АҚШ арасындағы ғылыми ынтымақтастықты нығайту мәселелері сөз болды. Бұл шара ғалым еңбегіне құрмет қана емес, қазақ тіл білімі ғылымының жетістіктерін жаһанға танытудың жарқын үлгісіне айналды.
Капанова Д.Е., Кенжеканова Қ.К.,
филология ғылымдарының кандидаты, профессор, Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясы, Астана(Қазақстан)
PhD, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Алматы (Қазақстан)