Қазақстандағы сот жүйесі соңғы жылдары ашықтыққа бағыт алғанын жиі байқап жүрміз. Жариялылық қағидасы заңмен де бекітілген. Алайда тікелей эфирде, сан мыңдаған азаматтың алдында ашық сот процесін жүргізу оңай емес. Мұндай процестер судьяларға моральдық, кәсіби және психологиялық тұрғыдан аса ауыр. Ашық сот процесі – қоғам үшін маңызды әрі қажет құрал. Ол халықтың сот жүйесіне сенімін арттырады. Бірақ бұл жүйе жұмыс істеуі үшін судьялардың тұлғалық, кәсіби және психологиялық қорғанысын қамтамасыз ету шарт. Қазіргі таңда ашық процестерге қатысқан судьялардың пікірі бұл жүйені әлі де жетілдіру қажет екенін көрсетіп отыр. Судья – жай үкім шығарушы емес. Ол – қоғамның алдында тұрған әділеттіліктің бейнесі. Ал сол бейне де адам екенін ұмытпауымыз керек.
Әрине, Жоғарғы Соттың бастамасымен өткізілген жария соттардың тиімді тұстары жеткілікті. Бұл ең алдымен отандық соттарда жаңа технология тетіктерінің жан-жақты қолданылатынын көрсетті. Қазақстан соттары осы әрекеті арқылы өзінің заманауи жаңашылдықтарды еркін қолдана алатынын, сондай-ақ, жария отырыстар сот саласында еңбек етіп жүрген судьялар мен сот қызметкерлерінің сандық технологияны жақсы меңгергенін де дәлелдеді.
Мұндай ашық процестердің өтуі ел азаматтарының құқықтық сауатын көтеруге айтарлықтай ықпал еткенін де мойындауымыз керек. Әрбір отырысты сырттай бақылай отырып азаматтар судьяның қызметімен, прокурор мен адвокаттың сот процесіндегі рөлімен жақынырақ танысты.
Қазақстанда өткен шулы сот процесін отандастарымыз ғана емес, шетелдегі азаматтардың да көріп, бақылап отырғаны белгілі. Осындай онлайн сот процесіне қатысып, судьяның біліктілігі мен сот жұмысының сапалы, сауатты ұйымдастырылуына қарап, өзге ел азаматтарының да қазақстандық соттарға қатысты жағымды көзқарасы қалыптасары анық.
Жалпы, елімізде Астана қалалық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотында қаралған Бишімбаевтың ісіне дейін де бірнеше жария сот отырысы өткені мәлім. Соның ішінде көпшіліктің есінде қалғаны атышулы «Қорғас ісі» мен шекарадан заңсыз өткен Сайрагүл Сауытбайға қатысты сот. Бұл екі іс те жұртшылықтың ерекше қызығушылығын оятқан еді.
Әсіресе, «Қорғас ісі» жоғары шенділердің қылмысын әшкерелеген, барша жұртшылықтың көз алдында өткен ең шулы процестің бірі болды. Бұл істі тәжірибелі судья Советхан Сәкенұлы таразылаған болатын. Атағы жер жарған, қоғамда салмағы басым, артында тіреуі мықты, беделді азаматтарға төрелік ету Советхан Сәкенұлына да жеңіл болған жоқ.
«Судья логикалық машина болуға мәжбүр»
Бүгінде Алматы қалалық сотының отставкадағы судьясы Советхан Сәкенұлы ашық сот отырысын өткізуге қарсы емес. «Бірақ көпшіліктің көз алдында сот отырысын өткізу үшін судья бірнеше қабілетті қатар алып жүруі керек» дейді ардагер-судья.
– Судьяның логикасы мықты болу керек. Барлық сұрақтарды, дәлелдерді жинап, ортақ шешімге келу оңай емес. Ашық процеске шыққанда сенің ойың бөлінеді: бір жағыңда – қоғам не дейді деген алаңдаушылық, екінші жағыңда – прокурордың ұстанымы қалай деген ой, одан бөлек – айыпталушы, оның туыстары, сосын камера, микрофон, тікелей эфир… Бәрінің де жүйкеге салар салмағы жоғары, – дейді Советхан Сәкенұлы.
Оның пікірінше, мұндай ауыр процестерге кез келген судья дайын емес. Ал дайын болмаған жағдайда, дұрыс шешім қабылдауға да кедергі келуі мүмкін.
«Біз техникалық мәселеге көп мән береміз: камера бар ма, микрофон істей ме, залда қауіпсіздік шаралары қамтамасыз етілген бе деп ойланамыз. Бірақ судьяның ішкі күйін, шешім қабылдауға әсер ететін факторларды ескермейміз. Бұл – жүйенің әлсіз жері», – дейді тәжірибелі маман.
Советхан Сәкенұлы Қорғас ісіне қатысты шулы істің талапқа сай өтуіне басшылардың қолдауы, әріптестерінің демеуі аз әсер етпегенін айтты. «Әріптестердің сенімі қанат бітіреді. Басшылықтың «Ештеңеге алаңдамай, істі заңға сай қара!» деген бір ауыз сөзі де судьяның өзіне деген сенімін нығайтады.
«Ашықтық дегенді желеу етіп кейде шеңберден шығып кететіндер болады. Олар айтқан сөзіңнен өзіне керекті жерді қиып алып, қоғамды дүрбелеңге түсіруге бейім. Әсіресе Қорғас ісінде әлеуметтік желі арқылы сотты қаралап, жөнсіз сынайтындар баршылық. Бірақ, өз ісіңе сенімді болсаң, процессуалдық заңнама шеңберінен шықпасаң, ештеңеден қорқудың керегі жоқ. «Аққа Құдай жақ» демекші, халық ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін анықтайды» дейді Советхан Сәкенұлы.
Ашық сот – екі қырлы құрал
Жаркентте өткен «Сайрагүл соты» да қоғамда аз дүмпу туғызбады. Алматы мен Жаркенттің арасын жол қылған қоғам белсенділері, белгілі тұлғалар шарасыздықтан шекараны заңсыз өткен қазақ қызының тағдырына барынша арашашы болуға тырысты. Осы істі ашық сот отырысында қараған Динара Құйқабаева да қоғамның қысымынан сырт қалған жоқ.
Айталық Қорғас ісі Алматыда өтсе, Бишімбаевтың соты Астанада қаралды. Бұл соттарда қанша айтқанмен материалдық, техникалық ресурс жоғары. Ал шалғайдағы Панфилов аудандық сотында Сайрагүл ісін бақылауға келген барша азаматтарға мүмкіндік жасауға қол қысқа еді. Аудандық сотта үлкен залдар жоқ. Мұндағы залдар көп адамға арналмаған. Десе де, Панфилов аудандық соты ұжымының бірлігінің, біліктілігінің арқасында сот процесіне келген журналистер мен блогерлерге арнайы бөлме жасақталып, сот залында еркін ақпарат таратуға барынша жағдай жасалды.
Осы шулы істе өзінің жоғары білімімен, кәсіби шеберлігімен көзге түскен Динара Құйқабаева бүгінде Алматы қаласы Медеу аудандық сотының судьясы. Ақпарат құралдарымен қоян-қолтық жұмыс істеуге әбден дағдыланған Динара Құйқабаева Қазақстандағы ашық сот процестері туралы ойын бүкпесіз айтып жүрген тұлғалардың бірі. Оның Facebook парақшасындағы жазбалары мен сөздерінен судьялардың күнделікті көріп жүрген қысымы мен ішкі әлемі көрінеді:
«Ашық сот процесі дегеніміз – камера, қоғам назары, тікелей эфир. Бұл – халық үшін жақсы, бірақ судья үшін моральдық және физикалық ауыр соққы. Судьяға қандай істе де эмоцияға ерік беруге болмайды. Сыртқа сыр бермегенімізбен, ішіміз қайнап, буырқанып жатады. Ашық сот барысында сенің әр сөзің, әр қимылың жұрттың көз алдында. Барлығы сені бақылап, назарында ұстайды. Біреулер жанашырлық танытып, істі дұрыс жүргізуіңе тілекші болса, енді біреулер мүлт кеткен жеріңді аңдып, қателігіңді жария етуге дайын отырады. Осы тұрғыдан алғанда жариялы соттар – соттарды шыңдаудың, қоғаммен ашық байланыс орнатудың, жетістіктерің мен кемшіліктеріңді саралаудың мүмкіндігі десек қателеспейміз», – дейді Динара Құйқабаева.
Судья Сайрагүл Сауытбайдың ісін жүргізу барысында бұрын-соңды болмаған қысымды сезінгенін алға тартты:
«Қытайдың өзінен қысым болды. Ел ішінде де шу. Сот залы толып кетті, сыртта адамдар кезекте тұр. Қоғам мен мемлекет назарын бірдей ұстау – өте қиын. Қоғамдық орындарға барсаң – кездескен жұрттың бәрі осы іс жайлы сұрайды. Демалуға мүмкіндік жоқ. Өзімді психологиялық тұрғыдан өте әлсіз сезіндім», – дейді судья.
Динара ханым сот процесінен кейін үш күн бойы тұра алмай жатып қалғанын, жүйкесі сыр бергенін жасырмады. Оның айтуынша, кейде қоғамның түсінбестікпен қабылдауы, эмоциялық қысым, хейт пен шабуыл судьяны күйзелуге әкеледі.
«Сот әділ шешім шығарған күннің өзінде, оның қорытындысын қоғам қабылдамаса, сені кінәлайды. Сондықтан, істі қарау барысында комментарий оқуға болмайды. Әлеуметтік желідегі хейт – тікелей шабуыл. Судья соның бәріне төзуі керек. Бірақ біз де адамбыз. Пікірін айтып, арнайы жазбасын жариялар алдында азаматтар соны түсінсе деймін», – дейді Динара Құйқабаева.
«Судья эмоциямен емес, дәлелмен шешім шығаруы керек»
Астана қаласы бойынша мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соттың судьясы Айжан Күлбаева ашық процеске бірнеше рет қатысқан. Оның пікірінше, ашықтық – сотқа деген сенімді арттырады, бірақ судья үшін бұл кәсіби дайындықты талап ететін ерекше процесс.
«Судья алдымен эмоциясын басқара білуі керек. Қоғам алдында отырғаныңды білсең де, тек заңға сүйеніп шешім шығаруың керек. Ашық процесс кезінде адамдардың көзіне қарап сөйлеу, олардың реакциясын ескеру – қосымша жүктеме. Сондықтан бізге арнайы психологиялық дайындық қажет»,– дейді Айжан Кулбаева.
Ол сондай-ақ, судьялар жұмысына сыртқы пікірлердің әсері болмауы тиіс екенін ескертіп: «Судьялар шешімім жұртқа ұнамай қалса не болады деп алаңдайды. Бірақ біз популистер емеспіз. Халыққа ұнау үшін шешім шығармаймыз. Бұл жерде заң үстемдік етуі тиіс», – деген пікірін ортаға салды.
Динара Құйқабаева сот жүйесі енді тек заңмен ғана емес, қоғаммен де жұмыс істеуі керек екенін алға шығарды. Оның ойынша, судьялар коммуникация, этика, эмоцияны басқару, тіпті медиа сауат секілді жаңа дағдыларды меңгеруі тиіс:
«Судья халықпен тіл табыса білуі керек. Біз тек үкім шығарушы емеспіз. Біз қоғамға түсіндіруші, түсіндірмелерді қарапайым тілмен жеткізе алатын маман болуымыз шарт. Бұрын тек заңды білу жеткілікті еді, қазір жеткіліксіз. Қоғам психологиясын да түсіну қажет», – дейді білікті маман.
Міне, бұл бүгінгі күнге дейін жария сот отырыстарын өткізіп, көпшілікке танымал болған тәжірибелі судьялардың пікірі.
Қазір Талдықорғанда Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот процесі жүріп жатыр. Көпшілік тікелей желі арқылы қалт жібермей қадағалап отырған шулы іске судья Ержан Жанұзақов төрелік етуде. Ержан Жанұзақов – еңбек жолын тергеу саласынан бастаған тәжірибелі маман. Қылмысты істерді ашудың, күрмеуі қиын істерді тергеудің жай-жапсарын жақсы біледі. Мамандандырылған қылмыстық сотта жұмыс істеп жүргеніне де біраз болған. Бірақ сондай кәсіби судьяның өзіне жария сот отырысын жүргізу оңай болып жатқан жоқ. Дауысында діріл бар. Сөздерінде кейде шашыраңқылық байқалады. Дегенмен, біраз уақыттан соң камераларға еті үйреніп, шеңберге шыққандарды қақпайлап, процесті бабында ұстайды деп сенеміз.

«Біз техникалық мәселеге көп мән береміз: камера бар ма, микрофон істей ме, залда қауіпсіздік шаралары қамтамасыз етілген бе деп ойланамыз. Бірақ судьяның ішкі күйін, шешім қабылдауға әсер ететін факторларды ескермейміз. Бұл – жүйенің әлсіз жері».

Астана қаласы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы
«Судьялар шешімім жұртқа ұнамай қалса не болады деп алаңдайды. Бірақ біз популист емеспіз. Халыққа ұнау үшін шешім шығармаймыз. Бұл жерде заң үстемдік етуі тиіс».

«Сот әділ шешім шығарған күннің өзінде, оның қорытындысын қоғам қабылдамаса, сені кінәлайды. Сондықтан, істі қарау барысында комментарий оқуға болмайды. Әлеуметтік желідегі хейт – тікелей шабуыл. Судья соның бәріне төзуі керек. Бірақ біз де адамбыз. Пікірін айтып, арнайы жазбасын жариялар алдында азаматтар соны түсінсе деймін».
Самал Асқар, «Заң газеті