Бүгінгі әдебиеттерде «1921 жылдың күзіне қарай Қазақ АКСР-інің жеті губерниясының бесеуі: Орынбор, Ақтөбе, Бөкей, Орал және Қостанай губерниялары Түркістан АКСР-і құрамындағы Сырдария және Жетісу губернияларын қоспағанда және Адай уезінің тұрғындары аштыққа ұрынды»(1) деп жазылған. Алайда, аштық жайлаған дала географиясын беруде бүгінгі әдебиеттер әрқилы нұсқалар ұсынып, нақты ақпар бере алмай архивтерді қауқарсыз көрсетеді. Бұл хақында Ақжолдың бізге жеткен сандарында географиямен қоса нақты статистика көрсетілген.
Аштықтың орын алу себебін «Ақ жол» редакторлары ел ішіндегі деректерге сүйене отырып, әр облыстағы хал-ахуалды жекелей жазып шыққан. Айталық, Қостанай уезінде «1920 жылғы 528 мың 462 десятинанын орнына осы үстіміздегі жылы тұқым себілген. 180 мың десятина жерден 101 мың десятинасы құрғақшылық, һәм әр түрлі кесапаттарға ұшырап шықпай қалған».(2)
«Торғай уезінде қыста малға жейтін шөптер болмағандығынан жұртшылық болып 9243 түйе, 60745 жылқы, 45430 ірі қара, 179763 қой өлген. Қостанай қаласына барып, ет тасып жүрген мезгілде жолда 3939 түйе тағы да өлген».(3)
«Қыр шөбі жаңбыр болмағандықтан қурап күйіп кеткен. Тоғай шөбінің шығымы да нашар. Қара шекпен, дихандарда астық қоры жоқ».(4)
«Орал губерниясында егін мүлде бітпей қалған. Кіндіктін беретін жәрдемі өте аз, жок деп айтуға да болады. Орынбор губерниясында егін бітпеген. Ең тәуір бір жері Орынбор ауданы десятинасының орта өнімі 10 пұтқа жеткен». (6)
Газетте жазғандай қыста қардың, көктем мен жазда жауынның болмауы қатты құрғақшылықты, оның салдары ашаршылық нәубетін әкелді.
Ашаршылық тақырыбында газет редакциясы әр уездегі жағдайды шолып, үнемі бақылауда ұстағанға ұқсайды:
«Сырдария облысының аштар комиссиясы екінші айдын ішінде пұлдай 300 миллион сом жинады. Азықтай Ташкент үйезі 3 мың пұт, Әулиеата 2 мың пұт, Шымкент 4 мың пұт һәм Арал теңізі 3 вагон тұз, 2 вагон балық һәм 700 пұт дән жинаған. Жаңа Ташкентте: бірінші райондық комиссия 1 мың 332 пұт, темір жол бойының комиссиясы 2500 пұт, ескі Ташкент 400 пұт астық жинаған».(7)
«Ақ жол» газетінің атауының өзі цензураны елемейтінін ескерсек, архивтегі кейбір бұрмаланған, не мүлде жазылмаған деректерден гөрі аталмыш жарияланымның тарихқа сайып келетінін түсіну қиын емес.
Соған қарамастан, «газет тек елден жиғанды ғана жазды, ресми дерекке қарсы шықты» деген қате пікір. Оған О. Жауболовтың 1921 жылдың 25 қыркүйегінде жариялаған мақаласы дәлел: «ресми мағлұматқа қарағанда Ақтөбе губерниясында астық шығысы, астық түрлері мынадай болған: қара бидай бүтінімен жоқ болған. Жой бидайдың жүзден90-ы, тарының жүзден 25-і кұрыған». (5)
Осылайша, «Ақ жол» газетінің материалдары архивтік құжаттарға қосымша әрі нақты дереккөз бола алатынын байқаймыз. Бұл басылым – ашаршылық кезеңінің шынайы көрінісін сақтап қалған тарихи айна.
Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы, Медиажурналистика мамандығының 2-курс студенті Нұрай ДАУКЕН.