Заң саласының ардагері ДОСАНОВ Қазыкен Аманбайұлының қайтқанына жыл толуына орай
Сонау өткен ғасырдың сексенінші жылдарының соңына қарай Қарағандыдан оқуымызды аяқтап, бірге оқыған қыз-жігіттер еліміздің әр қиырына аттанып жатқанда, сол жастардың қатарында, солтүстікке жол тартқан бірталай азаматтың бірі мен едім. Шынын айту керек, көрмеген өңір, бұрын аяқ баспаған қиырдың жұмбағы көп болады, сонысымен де, әрине, иығыңды зіл батпан ауыр салмақ басып, көңіліңді күмән мен күдік араласқан небір ойлар жайлап алатыны тағы рас. Әрине, ел іші, қазақ жұртының ортасы болғанымен, оқу бітірген, еңбек сапарына аттанған әрбір жастың көкейінде осындай қобалжу болары анық. Халқымыз «Көрмеген жердің ой-шұңқыры көп» дегенді осындайда айтса керек.
Сенімділік тауды орнынан жылжытады
Солтүстік өңірінің топырағын басқанда, алғаш кездескен адамдардан қамқор ниет, жылы лебіз күтеріміз заңдылық та шығар. Осындай алаң күйімде бұл өңірде алғаш кездескен, жылы жүзімен, ыстық ілтипатты сөзімен, мәдени ұстанымымен өзіне тартып, оттай баураған, жылыұшыраған жанның бірі – Досанов Қазыкен Аманбайұлы ағамыз еді. Әлі күнге дейін сол иманды жүзі, ыстық бейнесі ұмытылмай көз алдымда тұр. Ол кезде Талғат Зейноллаұлы Маликов деген ағамыз Солтүстік Қазақстан облысында адвокаттар алқасының төрағасы еді. Қобалжыған мені Қазыкен Аманбайұлына алып келгенде, жылы қабақ, жарқын жүзбен қарсы алған ағаларды көріп көңілім кәдімгідей жадырап қалғанын несіне жасырайын. Халқымыз «Түсі игіден түңілме» дегенді қалай тауып айтқан десеңізші. Қазыкен Аманбайұлы сол кезде аса жоғары қызметте, Солтүстік Қазақстан облыстық юстиция бөлімінің бастығы еді. Ол кезде сот, адвокаттар алқасы юстиция құзырында болатын. Алғашқы жүздесуден-ақ жақын тартып, жанашырлық танытқан ағамыз сотқа қызметке баруды ұсынып, бірнеше ауданды атады. Бұл мен мүлде күтпеген ұсыныс еді. Шынымды айтсам, әлі тәжірибемнің жоқтығынан, иығыма түсер батпан жауапкершіліктен қаймыққаным, тіпті, қорыққаным рас. Сол жүрексінгеннен шығар, батылым жетіп: «бара алмаймын» дедім. Аса сабырлы кісі сол жымиған қалпы: «Неге олай дейсің, Досжан інім! «Генерал болуды армандамаған солдат солдат емес», – дегенді білмеуші ме едің? Менің ойымша, сенің қолыңнан келеді, тек аздап тәуекелің жетпей тұрған сияқты. Қорықпа, әлі үйреніп, меңгеріп кетесің, бәріміз де осылай бастағанбыз», – дегенде, мен адам баласы үшін сенім артудың, сеніп тұрып, иығыңа батпан жүк арқалатудың қаншалықты маңызды екендігін ұққандай болдым. Менің сол сәттегі көңіл-күйімді алақанына салғандай сезіп тұрса да, толқуымды байқамағандай немесе оған мүлде көңіл бөлмегендей түр танытып, күнделікті араласып жүргендей іштарта сөйлеп, бауырмал жүрегімен халахуалымды сұрастыруы менің көңілімді мүлде жайландырып тастады.
Жақсыдан шарапат
Нағыз заңгер, оның үстіне, осындай жауапты қызметте, жетекші орында отырған аға заңгерлердің адам жанын тамыршыдай ұғып, көңіл-күйін төбесінен түскендей тап басатын психолог болуы керек екенін мен осы Қазыкен Аманбайұлындай алды кең, ақылы мен парасаты кемел, жаны жомарт ағаларыма қарап, бағамдап едім. Иә, «жақсыдан шарапат» деген осы, мен сол әуелгі беттен, ол кісінің қабылдауында болған сәттен, осындай мол пішімді, білімді де білікті, көреген, тәжірибелі заңгердің алдымнан ұшырасуын жақсы ырымға баладым. Осыдан кейін-ақ көңіл жайланып, беки бастады, тау қопарып тастардай екпін пайда болды, құлшынысым артты десем артық айтқандығым болмас. Қазыкен Аманбайұлының қарапайым қалпы, өзіне тең тұта, сенім білдіре сөйлеуі намысымды қамшылағандай, бойыма жігер құйғандай серпіліп, еңсем көтеріле түсті. Ол кісінің дем беруімен, ұшан-теңіз ақылкеңесімен «қаруланып», тау жығардай қуат алып, енді, әуелдегі, керітартпалықтан, дүдәмал ойлардан, бойкүйездіктен арылып, арқаланғандай болып іске кіріскен едім. Содан не керек, ол кісінің қолдауымен бастапқыда Солтүстік Қазақстан облысының Тимирязев ауданында еңбектенсем, одан кейін, іргелес Ленин ауданына жолым түсті. Әрине, ол кісі: «жол көрсеттім, жөн сілтедім, мен міндетімнен құтылдым» деп, одан кейін мені есінен шығарып қоя салған жоқ. Толып жатқан қарбалас шаруаларына қарамастан, бас ақылшым болды, «қысылмай, білмегеніңді сұрап отыр» деуінің өзі адамға қанат бітіргендей еді.
Жауаптылық жүгі ауыр
Қалай болған күнде де, кімге болсын, алғашқы қадамдары, үйрену баспалдақтары маңызды болатыны сөзсіз. Осы тұрғыдан, мен Қазыкен Аманбайұлын темірқазық жұлдызындай жол нұсқаушым, қадірменді ұстазым деп білемін. Айтуға ғана жеңіл шығар, мұның бәрі менің үйрену баспалдақтарым, бүркіттің балапанындай қуаттанған, талпынған жылдарым еді. Бұл жылдардың менің иығыма үлкен жауапкершілік, зілбатпан салмақ артқанын естен шығару мүмкін емес. Ал, алдыңда Қазыкен Аманбайұлындай ақылшы ұстаз, ағаң тұрса, өзіңді арқаңды жарға тірегендей сезініп, сол жауапкершілік жүгінің салмағы жеңілдеп, білінбей кетеді екен. Мен сол үшін де ағамыздың алдында қарыздармын! Өзімнің осы тәжірибе жинау үстіндегі азды-көпті белестеріме көз салып отырсам, мұндай адамдардың алақан жылуы өн бойыңа таралады екен, сондықтан, оны есіңнен шығарып алуың да мүмкін еместей. Және бір көзімнің жеткені, осындай алдыңда темірқазық жұлдызындай өнеге, ұлағат танытып отырған, көл-көсір жақсылығын тигізіп, мейір-шапағатын аямайтын, тіпті, мен солай еттім-ау деп міндетсінбейтін қарапайым адамдармен тонның ішкі бауындай жақын жүруің, сыйласуың, араласуыңның өзі бір ғанибет екен! Және бір анық көзім жетіп айтатыным, қазіргі кезде Қазақстанның түкпір-түкпірінде Қазыкен Аманбайұлының алдынан өткен, оның аялы алақанының жылуын сезінген, жақсылығын көрдім деп айтатын әріптестерім қаншама?! Ондай заңгерлердің бірталайымен өзім әріптес болдым, бірге оқығандары да жеткілікті, солардың баршасынан Қазыкен Аманбайұлы туралы тек қана жылы лебіз, мақтау естумен келе жатырмын. Еліміздің әр қиырында еңбек еткенде, әрине, өзіңнің өмір, қызмет жолыңда жан жылуымен жарылқаған, жақсылығы тиген ағаң туралы өзгелердің де ауызынан ыстық лебіз естуіңнің әсері бөлек. Кездесіп қалған әріптесіңмен жақсы адам туралы ой ортақтастығының өзі, адамдардың жақындасуына себепкер болады. «Ә, Қазыкен Аманбайұлын айтып тұрсыз ба?» – деп, ол кісінің аты аталғанда, әңгімеге құлшыныс пайда болып, көзің шырағдандай жанып: «ие, сіз ол кісінің жақсылығын көрсеңіз, біз, тіпті, қатар жүріп, жан шуағына шомылып едік!» – дегенді рахаттана, үлкен мақтанышпен жеткізгің келіп тұрады екен! Осылайша, адамдар жасалған жақсылықтан қуаттанады, нәр алады, адамға жақсылық жасай білудің ғажайып ләззатын сезінеді, «жақсылығыңның ел аузында жүруінің өзі шексіз бақыт екен-ау!» деп, өзі де жақсылық жасауға құлшынады. Міне, осындай сыйластық пен жарасымдылық, үйлесім табушылық, ортақ тіл табыса білу арқылы, өмір қиындығы жеңілдейді, қызметіңе құлшынысың артады. Міне, жақсының шарапаты дегенге бұдан артық мысалды қайдан табасыз?!
Біз Қазыкен Аманбайұлының шинелінен шыққанбыз!
Мен Қазыкен Аманбайұлын адамдар арасындағы алтын көпір қызметін атқарып, аға буын мен жас буын арасында дәнекер бола білудің ұлағатты бейнесі деп бағалар едім. Ол кісі әрқашан ашық болатын, жайдары қалпынан танбайтын. Ағамызда ішімдегіні тап деп тымырая қалу, ішін алдыртпай, қабағын қарс жабу, тәуелді адамын төпелеп, ықтыру, өз дәрежесінің жоғарылығын көзге шұқығандай етіп танытуға тырысу деген пендешілік қасиеттер атымен болмайтын. Ағамыздың осы бір кісілік келбетінен аумағанын көзімізбен көріп, құлағымызбен естідік. Жеке басының үлгі-өнегесі туралы да үлкен ілтипатпен атап өтер едік. Ол ұлағатты отбасын құра білген жан, шаңырағында да биік адамгершілік пен құрмет, мәдениеттің иісі аңқып, есіп тұратын. Жары Насифа, қыздары Дана мен Дина аса кішіпейіл мінезімен баурайды. Ол кісінің шаңырағында отбасылық бақыт дегеннің неекенін сезінбеу мүмкін емес. Осының бәрі маған Қазыкен Аманбайұлының бойынан таралатын жан жылуы мен махаббатының қызуы, адам баласына аса ілтипатының арқасы деп ойлаймын. Өзім спортқа жақын болғандықтан, ағамыздың бұқаралық спортқа жанашырлығына талай куә болдым. Қазыкен Аманбайұлы самбодан спорт шебері, содан болар өмірінің соңына дейін еңсесі түспей, үнемі жараулы аттай жинақы, сымдай тартылған сымбатты қалпынан танған жоқ. Ең бастысы, Қазыкен Аманбайұлы заң табалдырығын енді аттаған мен тектес жүздеген, тіпті, мыңдаған балаң заңгерлер мен сот қызметкерлерін тәрбиелеп, баулып шығарды, қанатының астына алды, жол көрсетушітәлімгер, ақылшы-ұстаз бола білді. Және оған ол кісінің аға заңгерлік тұрғысынан да, моральдық тұрғыдан да толық қақысы бар еді. Өйткені, Қазыкен Аманбайұлы – заң мен сот саласының барлық сатыларынан өткен, бай тәжірибе жинап, биік деңгейдегі майталман заңгерліктің шыңына көтеріле алған адам. Сондықтан да, өзім секілді талай азаматтың «Мен Қазыкен Аманбайұлының шинелінен шыққанбыз!» деп мақтанышпен жеткізіп, жар сала жүреріне сенімдімін.
Жақсының аты өлмейді
Осындай аяулы, қадірі мен үшін аса биік болған ағамның бір жыл бұрын өмірден өтуін үлкен өкінішпен, ана дүниеге, тасбауыр топырақ астына қимаған көңіл-күймен қинала қабылдап едім. Қайтесіз, бұл өмірдің заңдылығы, адамзат баласы өз тағдырына еріксіз мойынсұнады, бұл кең дүние Қазыкен Аманбайұлындай жаны жайсаң жақсыларға да таршылық етеді екен. Енді, міне, асыл ағамыздың арамыздан кеткеніне бір жыл болып қапты. Үлкен заңгер тұлға әруағының алдында тағы да кішіпейілдікпен бас ие отырып, көңіл түкпіріндегі ұстазға деген аяулы естеліктерімді қағазға түсіргенді жөн санадым. Ағамыздың жасамаған жасын, көрмеген қызығын жан жары Насифаға, көзінің ағы мен қарасындай қыздары Дана мен Динаға бұйыртуға жазсын!
Досжан ӘМІР, ҚР Судьялар одағының төрағасы