Қазақстанның сот жүйесі тәуелсіздік алған 1991 жылдан бері елдің құқықтық мемлекет ретінде қалыптасуы жолында маңызды реформалардан өтті. Сот билігінің дербестігін қамтамасыз ету, әділ сот төрелігін жүзеге асыру және азаматтардың құқықтарын қорғау – мемлекет дамуының негізгі бағыттарының бірі болып табылады. Осы орайда сот жүйесінде жүзеге асырылған өзгерістер мен жетістіктерге тоқталған жөн.Қазақстан Республикасының 1995 жылғы Конституциясында сот билігіне жеке тармақ ретінде ерекше орын берілді. Конституцияның 75-бабында:«Қазақстан Республикасында сот төрелігін тек сот қана жүзеге асырады. Сот билігі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, заңды мүдделерін қорғауға бағытталады» – деп көрсетілген.Сот жүйесінің құрылымы нақты белгіленді: Жоғарғы Сот – еліміздегі ең жоғары сот органы, ал жергілікті соттар – аудандық, қалалық және облыстық деңгейде жұмыс істейді. Кейінгі жылдары мамандандырылған соттар құрылып, сот төрелігінің сапасы мен тиімділігі арта түсті.2000–2010 жылдар аралығында сот жүйесін кәсібилендіру басталды.Мемлекеттік басқаруды жаңғырту аясында 100 нақты қадам – Ұлт жоспары қабылданды. Онда сот жүйесін жетілдіруге бағытталған нақты шаралар көрсетілді.Судьяларды іріктеу рәсімі өзгертілді – емтихан, әңгімелесу, тәжірибелік бағалау кезеңдері енгізілді.Сот жүктемесін азайту – балама шешу тәсілдері: медиация, арбитраж, нотариаттық шешімдер енгізілді.Сот актілерінің орындалуын бақылау күшейтілді.Соңғы жылдары сот жүйесіне IT-технологияларды енгізу басты жаңалықтардың бірі болды:“Төрелік” ақпараттық жүйесі, “Сот кабинеті” электрондық платформасы,Онлайн сот процестері,Процестердің бейнежазбаға тіркелуі,бұл өзгерістер халыққа сот төрелігін қолжетімді етіп, процестің ашықтығын қамтамасыз етті. Енді азаматтар талап-арызды үйден шықпай-ақ бере алады, процестің өту барысын бақылай алады.ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2019 жылдан бастап сот жүйесінде жаңа реформалар басталды. Мемлекет басшысы соттардың тәуелсіздігі мен бейтараптығына, сондай-ақ азаматтардың сотқа деген сенімін арттыруға басымдық беріп отыр.
Мысалы:
Әкімшілік әділет жүйесі енгізілді (2021 жылдан бастап) – бұл азаматтардың мемлекеттік органдармен дауларын әділ қарауға арналған.Судьялардың тәртіптік жауапкершілігі күшейтілді – кәсіби этикаға қатысты нақты стандарттар қабылданды.
Қазақстандағы сот жүйесіндегі өзгерістер елдің демократиялық және құқықтық дамуының маңызды белгісі болып табылады. Әділ,ашық және тиімді сот жүйесінің қалыптасуы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғай отырып,қоғамдағы сенімді арттырады.Дегенмен,орын алап отырған мәселелер мен қиындықтар реформалардың жалғасуын талап етеді.Болашақта енгізілетін жаңа шаралар сот процесінің сапасын одан әрі арттыра түседі деп сенуімізге болады.
Салтанат Айдын
Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының
бас маман – сот отырысының хатшысы