Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» Жолдауында «Азаматтарымыздың құқығын қорғау саласында кешенді шараларды қолға алдық. Негізгі мақсат – әділетті қоғам құру және соның арқасында дамудың сара жолына түскен озық ел болу. Сондықтан біз осы бағыттағы маңызды реформаларды жалғастырамыз, жүйелі жұмысты тоқтатпаймыз», — деген болатын. Шын мәнінде, халықтың құқығы мен бостандығын жедел әрі сапалы қорғауды мақсат тұтып, дамудың жаңа бағдарын белгілеген еліміздің сот төрелігінде жаңашылдық көп. Мәселен, сот жүйесінің толығымен цифрландырылуы, тараптардың онлайн сот отырыстарына қашықтықтан қатысуы, үйден шықпай-ақ, сотқа талап қою, арыз, өтініштерді жолдауы, сот отырыстарының дыбыс-бейнежазбаға таспалануы, дауды сотқа дейін реттеу, оңайлатылған іс жүргізу және т.б. жетістіктері тізбектей берсек жетерлік. Осы орайда, сот бұйрығы туралы айтатын болсақ, бұл жеңілдетінлген сот өндірісіне жатады. Істі сот бұйрығын шығару арқылы шешу алдымен азаматтардың қаражаты мен уақытын үнемдейді. Атап айтсақ, сот бұйрығы — жауапкерді және талап қоюшыны олардың түсіндірмелерін тыңдау үшін шақырмай-ақ, сот талқылауынсыз, даусыз талаптар бойынша жауапкерден ақшаны өндіріп алу немесе жылжымалы мүлікті талап ету туралы талап қоюшының арызы бойынша, заңда белгіленген немесе шартта көзделген жағдайларда дауды сотқа дейін реттеу тәртібімен жасалған келісімдерді орындау туралы талап қоюшының арызы бойынша электрондық нысанда шығарылатын сот актісі болып табылады.
Азаматтық процестік кодексінің 12-тарауы бұйрық арқылы іс жүргізуге арналған. Сот бұйрығының атқарушылық құжат күші болады. Сот бұйрығы шығарылатын талаптарға тоқталсақ, жеке тұлғалардан кедендік төлемдер, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары бойынша берешекті, өсімпұлдарды, пайыздарды өндіріп алу, заңда белгіленген немесе шартта көзделген жағдайларда сотқа дейін реттеу тәртібімен жасалған дауларды (жанжалдарды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімдерді орындау, әке (ана) болудың анықталуына немесе үшінші тұлғаларды тарту қажеттігіне байланысты емес кәмелетке толмаған балаларды бағып-күтуге арналған алименттерді өндіріп алу, уәкілетті органдар мәлімдеген жауапкерді, жауапкерді және (немесе) баланы іздестіру жөніндегі шығыстарды өтеу, заңда белгіленген немесе шартта көзделген жағдайларда сотқа дейін реттеу тәртібімен жасалған кәсіпкерлік, инвестициялық қызметке байланысты даулар бойынша келісімдерді орындау туралы және т.б. Сот бұйрығын шығару туралы арыз жазбаша нысанда не электрондық құжат нысанында беріледі. Арыз электрондық құжат нысанында берілген кезде ол талап қоюшының немесе оның өкілінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылады. Сот бұйрығын беру туралы арыз үшін белгіленген мөлшерде мемлекеттік баж төленеді. Осы орайда, талап қоюшы төлеген мемлекеттік баж сот бұйрығының күші жойылған кезде қайтарылмайтынын атап өткен жөн. Талап қоюшы жауапкерге талап қою ісін жүргізу тәртібімен талап қойған кезде ол төленуге жататын мемлекеттік баж есебіне есептеледі. Мәлімделген даусыз талаптың мәні бойынша сот бұйрығын судья арыздың сотқа келіп түскен күнінен бастап үш жұмыс күні ішінде шығарады. Сот бұйрығын шығарудағы ерекшелік онда сипаттау және дәлелдеу бөлігі жазылмайды.
Нұршат Утеулиева, Мұнайлы аудандық сотының судьясы