Қазіргі қоғамда контрафактілік өнімдермен зияткерлік меншікті заңсыз пайдалану фактісі кәсіпкерлікті дамытуға кері әсерін тигізуде. Шыны керек, контрафактілік өнімдер көптеген сауда нүктелерінде сатылуда.
Қазақстанның тұтыну нарығында, сондай-ақ жалпы әлем бойынша контрафактілік өнім көлемі күннен күнге ұлғаюда.Тұтынушылар контрафактілі өнім залалын сезінбейтіндіктен, сапасыз тауарларды өндірушілердің құрбанына айналып отыр. Негізі контрафактілі өнім түпнұсқа ретінде қымбат бағада сатылуы мүмкін. Сонымен қатар сатып алушы қражатын үнемдеу мақсатында әдейі арзан, жасанды затты сатып алуы тағы мүмкін. Еліміздің тұтыну нарығында сапасы төмен, тіпті қауіпті өнімнің пайда болуы ұлт денсаулығына залал келтіре отырып, тұтынушылардың өміріне қауіп төндіреді және мемлекеттің экономикасына, ел беделіне елеулі нұқсан келтіреді.
Мүмкіндікті пайдалана отырып, айтарымыз — тауар таңбасын пайдаланып, сапасыз өнімдерді өндіру:
Біріншіден, заңсыз өнім иегерлері болып табылатын компаниялардың аттарына кір келтіріп, абыройын түсіреді.
Екіншіден, адамның денсаулығына, өміріне зиянын тигізіп, қауіп төндіруі мүмкін.
Үшіншіден, контрафактілік өнімдерді пайдаланушы адамдардың наразылықтарын тудыра отырып, оларға моральдық зиян келтіреді.
ҚР Қылмыстық Кодексі 198 – бабында «Авторлық және сабақтас құқықтарды бұзу», 222 – бабында «Тауар белгісін, қызмет көрсету белгісін, фирмалық атауды, географиялық нұсқаманы және тауар шығарылған жердің атауын заңсыз пайдалану» қылмыстық жауапкершілік, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексі 158 – бабында «Бөтен тауар белгісін, қызмет көрсету белгісін, географиялық нұсқаманы және тауар шығарылған жердiң атауын заңсыз пайдалану» әкімшілік жауапкершілік нақтыланып, біздің елімізде контрафактілік өнімдерді пайдалану және тарату үшін жауапкершіліктер қарастырылған.
Жоғарыда айтылған заңдар бойынша жауапкершілікке тарту үшін тек дәлелді себептерді ғана қажет етпей, соған қоса мүлік иесіне келтірілген зиян құжатты түрде дәлелденген шығын фактісін анықтау қажет. Ал контрафакт бүгінгі күні өзекті мәселе болып отыр. Контрафактілік өнімдердің Қазақстан аумағында жасалуы ғана емес, олар шетелдерден де заңсыз күруі мүмкін.
Осы орайда, Алматы қаласы Әділет Департаментімен зияткерлік меншік құқықтары саласындағы заң бұзушылықтың алдын алу мақсатында ауқымды іс-шаралар атқарылып отыр. 2024 жылы бөтеннің тауар таңбасын заңсыз пайдалану фактісі бойынша 109 кезектен тыс тексеріс жүргізілді. Заңсыз айналымнан жалпы соммасы 57 160 164 теңгені құрайтын 49 747 дана контрафактілі өнімдер тәркіленіп, сот шешімімен айыппұл тағайындалып, тәркіленген контрафактілі өнімдер жойылды.
Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында 20 кезектен тыс тексеріс жүргізілді. Заңсыз айналымнан жалпы соммасы 25 681 190 теңгені құрайтын 9 369 дана контрафактілі өнімдер тәркіленді.
Тауар таңбасын заңсыз қолдануды болдырмауға байланысты департамент тарапынан халыққа контрафактілі өнімнің зияны мен салдары туралы ақпаратты жеткізу мақсатында құқықтық түсіндіру шаралары өткізіледі. Қазіргі таңда зияткерлік меншік құқығы жайлы жеке кәсіпкерлермен, құқық қорғау органдары өкілдерімен үнемі семинар, дөңгелек үстел, әртүрлі тақырыптағы дәрістер оқу сияқты насихат шаралары тұрақты түрде жүргізіліп келеді.
Қорытындылай келе, әр тұтынушы өзіне қажетті заттарды аларда оның сапасына, бағасына және аталған тауардың құжаттарына назар аударғаны жөн.
Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінің зияткерлік меншік құқықтарын қорғау және сақтауға қолайлы жағдай жасау, контрафактілік өнімдерді таратуға қарсы күресті насихаттау және танымал ету, сондай-ақ контрафактілік өнімдерді тарату проблемасы туралы халықтың хабардар болу деңгейін арттыру мақсатында ағымдағы жылдың 10 сәуір — 10 мамыр аралығында «Антиконтрафакт» республикалық акциясының өтуде.
«Антиконтрафакт» республикалық акциясының аясында «Бірге контрафактіге қарсымыз» атты тақрыптағы үздік фотосуретке арналған республикалық конкурс жарияланғанынан газет оқырмандары мен жәмиғатты хабардар етеміз.Егер Республикалық конкурсқа қатысты толық ақпаратты білгілеріңіз келсе 8-727-338-26-98 байланыс телефонына хабарласуыңызға немесе e.zhetpisbaev@adilet.gov.kz электронды поштасына хат жолдауыңызға болады.
Еркебұлан Жетпісбаев,
Алматы қаласы
әділет департаментінің
зияткерлік меншік құқықтары
бөлімінің басшысы,
заң ғылымдарының магистрі