12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Абайдың ұлылығы оның сан қырлылығында

Абайды ақын, ағартушы, жазба қазақ әдебиетінің негізін қалаушы, философ, композитор, аудармашы, саяси қайраткер ретінде әлем таныды және мойындады. «Соның барлығымен қатар Абайдың ел ішінде ең үлкен, ең іргелі биі болғаның да еске алу керек»,- дейді Мұхтар Әуезов.

Осы орайда, Абай Құнанбайұлын билердің атасы аталатын Майқы бидің «Жасасы» (Иаса), «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті Жарғы» аттарымен ұлт тарихына еңген дала конституцияларының халықтық қасиеттерін өнеге ұстаған, оларға дәуіріне сай кейбір құнды толықтырулар енгізген ірі реформатор, өз заманының әділ биі, заң шығарушысы ретінде тағы бір қырынан қарастырғымыз келеді.

Абайды ұлы би ретінде зерттеуді Салық Зиманов, Шыңғыс Андабеков, Сәкен Өзбекұлы, Сұлтан Сартаев, Нұролла Өсерұлы тағы басқа отандық заңгер-ғалымдар бұған дейін де қаламдарына арқау еткен.

Заң ғылымдарының докторы, академик С.Зиманов ХХ ғасырдың 50-60 жылдары  ел арасынан, соның ішінде Тобықты, онымен аралас-құралас көрші тайпалардың қарияларынан ауызша сақталған Абайдың билік үлгілерін әдейі жинаған. Іздену жұмысына Абайдың ағасы Құдайбердінің баласы Ахат, Тобықты топырағынан шыққан қариялар С.Қасиманұлы, Ә. Қайнарбайұлы сияқты басқа да ақсақалдарды тартып, олардан естіген деректерін «орыс, түрік, ағылшын тілдерінде құжаттар, деректер мен зерттеулер жинақталған 10 томдық «Қазақтың ата заңдары» жинағына енгізді.

Осы орайда, Абайдың осы жинаққа енгізілген өзінің туғандарына, жақындарына қылған бірнеше билігін келтірейік.

1960 жылы Жалғыз Төбе селосының тұрғыны қарт Исақов Айыздың айтуынша жазылған Абайдың інісі Оспанға тарттырған айыбы.

Кенжесі ретінде Құнанбайдың қарашаңырағына ие болған Оспан содыр мінезді, дандайсыған, сотқарлау болыпты. Жазда Оспан жайлауға көшіп кеткенде, қыстаулар, қора-қопсыны бағып қалған 12 үй жатақтар ой-ойдағы тың жерлерге ағаш, соқаға сауын сиырларын жегіп, бірлесіп 20-25 десятина жерді жыртып, азды-көпті тапқан бидайларын, арпаларын шашып, егін егеді. Оны тұяқтыға таптатпай, тұмсықтыға мұқатпай, қорып өсіреді. Маңдай терлері зая кетпей, егіндері көбінесе бітік өседі, алқаракөк болып бұл жылы да толқып тұрады. Күш көлігінің, құрал-сайманның жетімсіздігінен кеш егілген егіс кеш пісетінді. Дегенмен, жатақтар бала-шағасына көжелік, кеспелік астығын жинап алатын.

Бір жылы Оспан жайлаудан жылқысын айдатып көшіп келе жатқан кезінде жатақтардың жайқалып өскен егісін көріп жылқышыларына:

  • Ой-ойдағы жатақтардың егініне жайыңдар! – деп әмір береді.

Жатақтардың егіндерін Оспанның жылқысы аузымен орып, тұяғымен таптап күйе жегендей етеді. Сорлы жатақтар зар жылап, күркелерінің түбінде жер шұқып, іштері күйіп өкінеді де қалады. Бұл кез Қоянды жәрмеңкесіне елдің жүрер қарсаңы екен. Қояндыда билердің төтенше съезі де тағайындалады. Абай осы съезге шақырылады. Ол Қояндыға бара жатып, жатақтардың үстімен жүріп, жол-жөнекей әрбір ойпаңда құрым жапқан олардың күркелерін көріп, сусын ішелік деп аттың басын бұрып, бір күркеге тіреледі. Алдынан бір бүкірейген шал шығады, сәлем бергеннен кейін, Абайды танып: «Қуыс үйден құр шықпа» — деп, Абайды шал күркеге кіргізіп, сусын ұсынады. Сол жерде Абайға Оспанның егінді таптатқанын, соның салдарынан шиеттей бала-шағаның қатықсыз көжеге зәру болып қалғанын айтады. Абай шалдың сөзін үндемей отырып тыңдайды да: — Ал ақсақал, қасына серік ерт те, қос атпен маған еріп жүр, мен ертең жолдағы Оспанның үйіне барамын, сонда осы әңгімені жалғастырайық, — дейді.

Шал: Біздің 12 қос жатақтың аяқ ылау қып мінері жалғыз сабау бұт, жауыр дөненнен басқа біздің көлігіміз жоқ, дейді. Бұдан кейін Абай өзінің жеккен шеткі атын доғарып, шалға береді де: — Менің атыма біреуің, дөненге біреу мініп, ертең сәскеде, мен Оспанның үйіне барар кезімде келіңдер, — деп тапсырады. Келесі күні түске таман шал, қасына тағы бір жатақ, Оспанның ауылына түсіп, Абайдың шақыруымен інісімен бас қосқан үйге кіреді. Болған оқиғаның растығына көз жеткеннен кейін Абай Оспанға: — Қазір өзін бар да, жылқыдан құнан-тайы бар, маған 24 жылқы айдап әкел, — дейді. Оспан аң-таң, қапелімде орнынан тұра қоймайды. Абай Оспанға зәрін тігіп, қадала қарайды. Оспан үйден шығып, жылқыға кетеді.

Жылқыға кетіп бара жатып Оспан қиялданады: «Егер Абай осы жылқыны жатақтарға беріп айдатса, қайтар жолына 3-4 жігіт жіберіп, жылқыны қайта үйіріне қостырайын» деп, әдіс-айла құрады.

Оспанның үйден қитығып шыққанын жаратпаған Абай: «бұл содыр, соқтықпа неме, жылқыны айдап үйіріне бір әкелер, бірақ жатақтарды ауылына жеткізбей, өзінің сойылын соғатын көңілдестерін жіберіп, «ана екі жатақтың жұлының үз де, жылқыны айдап үйіріне қос» деп те әрекет жасар» деп іштей топшылайды. Оспан 12 ірі жылқы, 12 құнан-саяқтарды айдап келіп, Абайға: — Ал жылқы келді, тілегіңді орындадым, әкеңнің малын қайда, неге жаратқан қызығына қарауға рұқсат етіңіз, — деп кекете сөйлейді. 

 Екі жатақтың қасына өзінің қасына еріп келе жатқан қонды шабарманын қосып:  — Мына 24 жылқыны айдасып, жатақтарға барып, 12 үйге, біріне қиянат етпей, бір ірі, бір құнаннан бөліп бер. Бұл  менің Оспаннан әперген әрі төлеуім, әрі айыбым, — деп айтыңыздар, қорықпай малдансын, қажетіне ұстасын, — дейді де Оспанға: — Бері кел, «құлдық» де, деп бұйырады. Оспан ашуланып:  — Тағы қандай әкеңнен қалған малға мырзалық етесін? Тек шаңырақты қорлама, — деп зіл айтады. Сонда Абай: — Әкеңнің шаңырағының қасиетін сақтасаң, көлеңкеде жүрген, жайлауға көшсең, қыстауыңды күзететін, әйелдері іркітіңді – құрт, жүніңді киіз, малыңның көңін – отын ететін жатақтарда әкеміздің құны кеткен жоқ, сен неге оларды қорлайсың? Алты ай жаз ауруға дем салғандай етіп күтіп, бәйек болып өсірген 12 үй жатақтың егінін әкеңнің жылқысына неге жегіздің? «Жер ортақ, өсімінде менікі-сенікі жоқ» деуің жатақ елінің табанының етін, маңдайының терін бағаламау, ел дәстүрінің ата заңында бар ма? Білмесең бар, ана Нұрсейіттен сұрап біл… жерді, суды сен жаратқан жоқсың, жер-су құдайдікі, соны кім пайдаланып, игілікке үлес қосса, соныкі. Сен жерге малыңды жайып өсімін алсаң, жатақ күш-қуатын жұмсап, жерден өнім алуға тиіс. Әкеңнің дәулетінде менің де үлесім бар. Мен сол өз үлесімнен емес, сенің үлесінен жатақтарға айып әпердім. Менің шешіміме қарсы болсаң, Қояндыда болатын съезіне жүр. «Әдепсіз өскен ұл-қыз өлген ата-анасының сүйегіне тіл тигізеді» деген бар. Сен өзіңді олардың қатарына жатқызбаудың амалын ойла депті. 

Абайдың туысы, Тәкеженның баласы Әзімбай күшіне, сүйемеліне сеніп, аз жігітек руының егініне 30 жылқысын жіберіп, жайдырады. Бұны басыңғандық деп санап, жылқыларды егін иелері ұстап алады.

Әзімбай ашуланып, 150 адам қол жинап, сойылдасады. Бірақ, жылқыларын қайтара алмайды. Енді ол 300 қол жинап жатқанда оған қарсыласудың қиындығын білген жігітектің бас адамдары Базаралы мен Дәркенбай түн ішінде Абайға кісі жібереді. Абай ертеңіне егін басында Әзімбайдың, жігітектен Базаралының шағымдарын тыңдап келіп: — Желінген, тапталған егін үшін, сойылдасқан үшін жігітектердің қолында ұстауда тұрған 30 атты да жатқызады. Әзімбай Семей қаласындағы орыс сотына шағым түсіреді. Сот – Абайдың билігінен асып түсе алмайды. Бұл оқиға 1962 жылы маусым айында «Горный» совхозының тұрғыны Едіжанұлы Әбіштің айтуынша жазып алынған. Туған жері Семей облысы, Шұбартау ауданы.

Абайдың  Еркежанды  жүгініске отырғызуы. Абайдың інісі Оспан өзімен аралас-құралас жүрген әрі сенімді құрдасы Көтібайға (керей руының тобықтыға сіңген Құнанбай кезіндегі бір бөлігі): — Менің көзімнің тірісінде Көтібай, сен менен енші алып, бөлек шықшы, — деп оның еншісіне бір сиыр, бір бие, бір түйе, он қозылы саулық, оның үстіне әкесі «Құнанбай шиі» аталатын қорықтан Майтүбек дейтін жерді шабындыққа бөліп береді.

Оспан өлгесін, үш жылдан кейін, ел бауырға, яғни күзгі жайлауға көшіп келіп, шабылған шөпті қораға тасу басталғанда шаруаны аралап жүрген Еркежанның (бұл кезде Абайға атастырылған) кезіне Майтүбекте үйюлі-үйюлі шөмелер түседі де:

  • Мына шөпті неге қалдырдыңдар? – деп, тасушыларға сұрау салады.
  • Бұл шөп – Көтібайдың шөбі.
  • Көтібай ешқандай шөпті арқалап әкелген жоқ. Шөпті қораға тасыңдар, — деп Еркежан бұйырыпты.

Көтібай баталмай жүріп-жүріп, Абайға барады.  Сөз де айта алмай, үнсіз отырып кетейін деп тұра бергенде, Көтібайдың көзінен сорғалап аққан жасты Абай сезіп қалады да:

  • Әй Көтібай, бері келші, отыршы, сен неге жыладың?
  • Әншейін.
  • Әншейін емес, бері кел, сенің көзінің жасында бір сыр бар. Үш түрлі жылас бар: шын жылас, біреуді мадақтап жылау, сонсоң біреуді алдап жылау… Сенің көзіңнің жасы – шын жыластың жасы.

Сырыңды айтшы, неге жыладың? – деп Абай тежеген соң Көтібай: — Кенже Оспан есіме түсіп кетті, — дей салды. Сонда Абай: — Әкем бір, шешем бір, ең жақсы көретін кенже бауырым Оспанға бұл күнде мен жыламағанда, сен жылайтын себебің не? – дейді.

  • Өзіңіз білесіз, Оспан маған енші беріп еді. Сонда маған шабындыққа Майтүбекті ұсынған. Биыл шауып қойған шөбімді Еркежан бәйбіше қораға тасыттырып, үйіп алыпты.
  • Шөп сенікі екенін біле ме?
  • Тасушылар айтқан екен, оған қарамапты Еркежен бәйбіше.

Далада шаруашылықпен жүрген Еркежанды Абай шақырттырып алыпты. Үйге кіріп келген Еркежанды Абай өзінен жоғары, ең төрге отырғызыпты. Оған Абай:

  • Кәдімгідей жүгініп отыр, — дейді.
  • Болды емес пе?
  • Енді екі қолыңды салалап, тізеңнің үстіне сал – Бәрін орындағаннан кейін Абай Еркежанға:
  • Мына Көтібайға сенің қыздай алған байың Оспан марқұм, менің туған інім кезінде шабындық берген, оны өзің білесің. Сонша тарлық жасап, сол шабындықта үйген шөбін қораға неге тасытып алдың? Осының артын аңғардың ба? Көрген-білген әділдікті Абай алдымен үйінде орнатып алсын деп көзімізге шұқып, жүзімізге таңба салмай ма? – деген Абай сұрауына Еркежан тіл қатпай, үндемей, өң-түсі қашып отырып қалады. Көтібай бұның бәрін тыңдап, үнсіз отырады.

    Шөп тасушыларды Абай шақырып алып: — Көтібайдың шапқан жерінен қанша шөп тасып алдыңдар? Енді сол қораға тасыған шөпті, Көтібайдың шөбінен екі есе артық етіп, оның қорасына тасып, үйіп беріңіздер, — деп билігін айтыпты. Бұл билікті естіген Еркежан үнсіз жүгініп отыра беріпті. (айтушы Қасен Балғабайұлы, Абай ауданы, 1958 жыл).

Абайдың қылған биліктерін оқып, оның даналығы да даралығыда бай отбасынан шыққанына қарамастан кедей-кепшік, жатақтардың мұның мұқтап, жоғын жоқтауында болған деп айтсақ қателеспейтін шығармыз. Абай туралы естеліктерден, оның әділдікке келгенде туғаны жоқ тумадай қара қылды қақ жарып тура сөйлеп, қажет болған жағдайда өзінің туғандарына да қатысты билік шығарып, жүгініске шақырғанын көре аламыз.

Гүлдана Шарапатова

Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы