Қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейiнгi тұжырымдамасы қаржылық тұрақтылықты нығайту мен бəсекеге қабiлеттi қаржы нарығын қалыптастыру мақсатын көздейдi. Оған қол жеткiзуде айқындалған бес қағидат қатарында экономикалық өсiмдi қамтамасыз ету, қаржылық технологияларды дамыту жəне инновациялық өнiмдер мен қызметтердi енгiзу, қаржылық тұрақтылықты қолдау, бəсекелестiктi дамыту, қаржылық инклюзияны арттыру жəне тұтынушылар үшiн қаржы өнiмдерi мен қызметтерiне қол жеткiзудiң тең жағдайларын ұсыну шаралары бар.
Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру нарығын жəне бағалы қағаздар нарығын реттеу мен дамыту, банк қызметі мəселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңын отандық қаржы секторын дамытудағы маңызды белес деп бағалауға болады. Заң аясында қаржы нарығын реттеуде, тұтынушылар құқығын қорғауда жəне инфрақұрылымдық дамытуды қолға алуда жаңа тəсілдер қарастырылған. Жалпы, аталған заңда сақтандыру секторын кешенді дамыту, отандық қор нарығының жұмысын одан əрі жақсарту, банк қызметін жетілдіру блоктары айқындалған.
Ресми мəліметтер соңғы 5 жылда қаржы жүйесінің жиынтық активтері 74,5 пайызға өскенін көрсетіп отыр. Бұл жалпы ішкі өнімнің 54,5 пайызын құрайды. Қаржы жүйесінің 85 пайызы екінші деңгейлі банктер еншісінде, басқа секторлардың қаржы нарығындағы үлесі-15 пайыз. Жыл басында банктердің таза пайдасы өткен жылғы қаңтармен салыстырғанда 15,5 пайызға артық болған. Сарапшылардың пайымынша, банк секторының жоғары деңгейде капиталдануына 2017 жылы басталып, кезең-кезеңімен жүзеге асырылған алдын ала реттеу шаралары ықпал еткен. Мысалы, Қаржы нарығын реттеу жəне дамыту агенттігі өткен жылы корпоративтік кəсіпкерлікті қолдау жəне ресурстық базаны кеңейту мақсатында тұрақты қорландыру коэффициентін 0,9 деңгейге дейін төмендетті. Осы арқылы банктердің өтімділік резервінің жоғарылауына жол ашты.
Аталған агенттіктің Ұлттық банкпен бірлесіп банктерді ұзақ мерзімді қорландыру тетігін əзірлегенін айтып өткен жөн. Соның негізінде банктер өңдеуші өнеркəсіп, электрмен жабдықтау жəне көлік салаларында 72 жобаны кредиттеуге 220 млрд теңге тартты. Шағын жəне орта бизнеске кредит беруге ерекше назар аударылып, 500 млн теңгеге дейінгі қарыздар бойынша кредиттерге оңайлатылған бағалау енгізілді. Осы мақсатта кепілсіз кредит беруді дамыту бойынша, корпоративтік кəсіпкерлікті кредиттеу процесін цифрландыру қамтамасыз етілді. 2023–2024 жылдары банктердің ақпараттық жүйелерін 52 мемлекеттік сервиспен интеграциялау іске асырылды. Қабылданған шаралар нəтижесінде бизнеске берілген кепілсіз кредиттер көлемі былтыр 35 пайызға ұлғайтылған.
Шағын жəне орта бизнес демекші, алдағы уақытта кəсіпкерлердің қаржы ресурстарына қолжетімділігін кеңейтетін кепілдік қоры іске қосылады. Қор банктердің жыл сайынғы жарналары есебінен қаржыландырылады əрі оған мемлекет те қатысады. Жаңа кепілдік қоры шағын жəне орта бизнестің 3,5 млрд теңгеге дейін кредит сомасының 85 пайызын өтейді деп болжануда. Қорды құруға қатысты қажетті заңнамалық түзетулер Үкіметке берілген. Ірі инвестициялық жобаларды несиелендіру мақсатында құрылған синдикатталған кредиттеу жөніндегі жобалық кеңсе бес жобаны қаржыландыруды бастаған.
Қаржы нарығын реттеу жəне дамыту агенттігінің мəліметінше, банктердің басым бөлігі бүгінде инвестициялық жобалардың жаңа пулын қаржыландыруға, сондай-ақ энергетикалық жəне коммуналдық секторлардың инфрақұрылымын жаңғыртуға белсенді түрде қатысуға дайын. Сондай-ақ, «Бəйтерек» холдингінің 2025–2029 жылдарға арналған «Энергетика жəне коммуналдық секторды жаңғырту» ұлттық жобасының қаржы операторы ретінде бекітілуін экономиканы тұрақты дамытудағы маңызды қадам ретінде бағалауға болады. Холдинг тарапынан қолға алған бағдарламалар экономикалық өсуді ынталандыру мен кəсіпкерлікті дамытуға, сондай-ақ, стратегиялық маңызы бар салаларға жеке капитал тартуға бағытталған. Өткен жылы «Бəйтерек» холдингінің таза пайдасы 416 млрд, ал активтері 14,1 трлн теңгені құраған. Бұл көрсеткішті 2023 жылмен салыстырсақ, таза пайда 8 млрд теңгеге жеткен, яғни, 2 пайызға артып, активтер 4 пайызға өскен. Қаржы секторы халықаралық нарықтармен барған сайын интеграцияланып, жергілікті кəсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер ашуда. Қаржы секторындағы маңызды заңнамалық бастамалардың басты мақсаты кедергілерді жойып, заңнаманы ырықтандыру жəне бəсекелестікті арттыру. Сондықтан, қолайлы нормативтік-құқықтық орта құру мен ұлттық жəне қаржылық инфрақұрылымды дамытуға ерекше назар аударылуда. Қазақстанның қаржы секторын жан-жақты дамытуды көздейтін реформалар, оларды жүзеге асырудағы жаңа инвестициялық тетіктер мен қаржыландыру бағдарламалары негізгі көрсеткіштердің одан əрі өсуін қамтамасыз етуде.
Т. СМАҒҰЛ