Соңғы кездері жиілеп кеткен табиғи және техногендік қауіп-қатерлер, жер сілкінісі, су тасқыны, жаһандық жылыну, климат өзгерісі, қоршаған ортаның ластануы, тұщы су тапшылығы тұрақты дамуға кедергі келтіретін факторлар. Биыл төртінші рет өткізіліп отырған Журналистика және медиакоммуникация мектебі осындай өзекті мәселелерді қозғап, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Германия, Ұлыбритания, ҚХР, Түркия, Ресей елдері халықаралық ұйымдар және БАҚ өкілдерінің, педагогтар мен эколог мамандардың диалог алаңына айналды. Шараны биыл Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасы мен Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасы ұйымдастырды.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма мүшесі – Академиялық мәселелер жөніндегі проректор А. Қазмағамбетов медиамектептің маңыздылығы сапалы білім беру, бейбітшілік, тұрақты дамуды қамтамасыз етудегі негізгі рөлін айқындайды, — дей келе, журналистік білім берудің рөлі ақпараттандыру шеңберінен шығып, экологиялық сананы қалыптастыру деңгейіне көтерілгендігін айтты.
Мектептің ашылу салтанатында сөз алған БҰҰ Қазақстандағы Жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілі – Ақпарат бюросының жетекшісі Властимил Самек еліміздегі көміртек ізін азайту саласындағы қадамдарға тоқталды.
Журналистика факультетінің деканы Қанат Әуесбай мектеп барысында қамтылатын тақырыптардың маңызына тоқталып, тағылымды, пайдалы шара спикерлерінің кәсіби мамандар екендігін атап өтті.
Тұлғаның экомәдениетін қалыптастыруға үлес қосатын халықаралық мектеп барысында екі апта бойы медиа және киберқауіпсіздік, жасанды интеллект, экологиялық сауатты арттыру өзекті мәселелері бойынша халықаралық және отандық медиасарапшылардың, эколог мамандардың шеберлік сағаттары өтті.
Сиань Цзяотун университетінің журналистика және жаңа медиа мектебінің профессоры У Фен (ҚХР) практикалық дәрісінде Қытай медиа саласының дамуындағы соңғы трендтерге тоқталды. Ғалым ByteDance интернет-компаниясының мысалында коммерциялық платформа идеясының интернационализациясын, платформалардың жаһандық кеңеюі мен монетизациялау стратегияларын, коммерциялық медиадағы проблемаларды талдады.
Санкт-Петербург мемлекеттік университеті журналистика және бұқаралық коммуникациялар жоғары мектебінің профессоры И. Быков жасанды интеллект технологияларының медиакоммуникациядағы мүмкіндіктері мен тәуекелдерді қарастырып, жасанды интеллект және медиа сауаттылық тақырыбындағы 2020-2023 жылдары жарияланған ғылыми мақалаларға мета-талдау жасады. Ғалым 2022 жылдан бастап Ресей ғылымының құлдырау себебін ғалымдардың халықаралық ғылыми деректер базасына қол жеткізудегі мүмкіндіктерінің шектелуімен түсіндірді. Жасанды интеллект бірден сенім ұялататын фейктерді шебер жасай алатындықтан, жастар жалған ақпараттар арқылы лаңкестікке байланысты қылмыстарға тартылуы мүмкін екендігін баса айтты.
Түркітілдес журналистер қоры» ҚҚ президенті Нәзия Жоямергенқызы кәсіби этика қағидалары, журналист жауапкершілігі, журналистік этика және ар-намысқа тию, дереккөз қауіпсіздігі өзекті мәселелері бойынша шеберлік сағатын өткізсе, Алматы Менеджмент университетінің Медиа және кино мектебінің академиялық деканы Нуршаихова Әлия қазіргі технологиялардың журналистикаға ықпалы мен дата журналистиканың Қазақстандағы бағытын қарастырды.
Қоғам сапалы экологиялық ақпаратқа зәру. Медиамектеп қазіргі таңдағы күрделі экологиялық, табиғи-техногендік қауіп-қатердің оңтайлы шешілуіндегі журналистиканың рөлін айқын көрсетті.
Назгүл Шыңғысова
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасы