Елдің өткеніне көз жіберу, тарихи мұраларын түгендеу – бүгінгінің міндеті. Бұл ұлттың болмыс-бітімін түсініп қоймай, алдағы бағдарын айқындауға қажетті шарт. Халқымыздың дербес ұлт ретінде қалыптасқан ұзақ әрі күрделі даму процесінде қазақ құқығының тарихы туралы айтпай кетуге болмайды. Қазақ құқығының тарихи шежіресі – қазіргі заңтану ғылымындағы іргелі мәселенің бірі.
Ол қазақтың саяси-қоғамдық тарихының ажырамас бөлігі және қазақ мемлекеттілігі тарихының маңызды құрамы. Сонымен бірге ол қазақ мәдениеті мен өркениеті тарихында өзіндік салмағы бар ауқымды сала. Сондықтан дәстүрге бай қазақ құқығының тарихын қысқаша болса да ғылыми тұрғыдан сараптан өткізіп, талдау жасап, барымызды байыптап, жоғымызды түгендеу маңызды міндетіміз. Осы ретте «Қазақ заңының тарихы қайдан басталады?» деген орынды сұрақтың туындайтыны түсінікті.
Қазақтың құқықтық тарихының жылнамасы тереңнен тамыр тартады. Біріншіден, жазба деректер шамалы әрі бытыраңқы болғандықтан, оның үстіне ол деректердің дені басқа тілде жазылған, басқа елдер мұрағатында сақталғанымен байланысты. Екіншіден, қазақ құқығының шығу, жетілу және даму тарихы өзгеріске толы. Сондықтан мұндай ауқымды тақырыпты зерттеуді бір мақаланың көлеміне сыйғызу мүмкін емес. Осыған орай мәселенің тек көкейкесті жағын сараптауға мән беріп отырмыз.
Бірінші: қазақ құқығының (заңының) шығуы. Қазақ құқығының даму тарихын қозғағанда, ең алдымен қазақ халқының құрамына кіретін, қазақ даласында өмір кешкен байырғы этностарды анықтау қажеттілігі туындайды. Мұның себебі, ертедегі қазақ заңдарын дүниеге әкелген – бүгінгі қазақ халқының құрамына кіретін байырғы этностар. Егер мұндай тарихи болмыс пен шындық ескерілмесе, қазақ халқының жалпы тұтас тарихынан сөз қозғаудың өзі қисынсыз. Қазақ халқының тамыры сақ, сармат, ғұн, тохар, қыпшақтардан бастау алады. Осы этностар жасаған мазмұнды заңдардан қазақ халқы өз еншісін алуға құқылы.
Екінші: қазақ құқығының бастауы. Бабалар тарихына тереңдеп үңілсек, онда Үйсін, Қаңлы, Ғұн тайпалары тарих сахнасына шыққанда мемлекеттіліктің барлық белгі-нышанын бойына топтастырған саяси құрылым болғанын пайымдаймыз. Өйткені, оларда мемлекеттің негізі болып саналатын өзіндік ерекшелігі – құқық жүйесі қалыптасқан. Өкінішке қарай, бұл жөнінде қазақ тарихында ашық мәлімет аз. Ал Қытай мәліметтеріне сүйенсек, онда: «Сиунунның заңы бойынша: (ғұндарды айтады) қанжар немесе пышақ салып адамды өлімші етіп жаралағандар өлім жазасына кесіледі, ал ұрлық жасаушының мал-мүлкі түгел тәркіленеді, жеңіл қылмыс жасағанның беті тілініп, ауыр қылмыс жасағандар өлім жазасына кесіледі, оны орындау он күннен әріге созылмайды. Жалпы алғанда, мемлекетте мұндай қылмыспен қамауға алынғандар онша көп болмайды».
Байыптап қарасақ, жоғарыдағы Ғұндар мен Түркілердің заңы бір-бірінен онша алшақ кетпейді. Бұдан шығатын түйін – заңдардың түп-төркінінің бірлігін аңғартады. Одан әрі Қазақ елінде заң түзу қызметі Қасым, Есім, Тәуке хан билігі тұсында өз жалғасын тапты. Осы хандар қазақ мемлекетінің іргесін нығайтуда ерекше рөл атқарды.
Жалпы қазақ құқығының тарихи нұсқалары мен үлгілеріне байыппен үңілетін болсақ, оның мынандай басым нұсқасын кездестіруге болады.
1. Жарлық. Жарлық саяси-әлеуметтік биліктің жоғары буынында отырған немесе мемлекет билігін өз қолына ұстаған билеушінің қоғамды басқаруды іске асыру үшін шығарған бұйрығы. Мәселен, Үйсін мемлекетінің билеушісі Сенгіле Күнби «өріске оймақ қосылмасын, табынға тұяқ қосылмасын» деп бүкіл елге жарлық шығарды. Жарлықты жұрт орындайды. (АВПР ф. Киргиз – кайсакские дела. ф.122. д. 13. 45-л)
2. Шешім. Шешім қазақ мемлекетінің тарихында елдің бірлігі мен жердің тұтастығына қатысты болған маңызды, келелі істерді хан, билер кеңесінің талқысына салып шешіп келген. Мәселен, Түрік қағанаты кезінде қаған билігінде отырған, Алып қаған ел билеудің үрдісінен шыға алмағанда, ел ақылмандары кеңесе келіп, төрт қағанның ішіндегі сұңғыласы Ирүк қаған, билікке соның отырғаны мақұл, – деп шешім шығарғаны дәлел. Шешімді жұрт мойындайды.
3. Кесім. Кесім дәстүрлі қазақ қоғамының көшпелі өмірінде, қазақ даласын ғасырлар бойы толғандырып келген іргелі әрі көкейкесті мәселелердің көп болғанынан хабардар етеді. Сондай-ақ олардың туындау себебі де, шешілу жолдары да өте жауапты болған. Оған қатаң кесім шығарылған. Мысалы, аға сұлтан Құнанбайдың Қодарды таспен атып өлтіруге кесім шығаруы соның айғағы. Кесімге жұрт тоқтайды.
4. Бітім. Бітім қазақ қоғамының саяси-әлеуметтік өміріндегі дені басым саласы яғни, азаматтық істер. Мұндай істер – жарастыру, татуластыру, салауат (қазіргі медиация жүйесіне толық сәйкес келеді) тұрғысынан қарастырылады да, оған бидің бітімі шығарылады. Бітімге жұрт жүгінеді.
5. Қазақ құқығының ұғымы жөнінде. Тарихта кездесетін қазақ заңдарының қай-қайсысы болса да, этностардың, ұлыстардың саяси билігімен әрі бірлігімен тығыз байланысты болған. Әдет-ғұрып пен әдеттік-құқықтық нормалар үшін ортақ ұғымдар мен терминдер: «ескі әдет», «әдет-ғұрып», «ата-баба салты», т.б. қолданылды. Сонымен қатар құқық нормаларының маңызын, мазмұнын айқындау қажет болғанда басқа да түсініктер: «жора», «жарғы», «жол», «жоба», «бітім» сияқты термин қолданылды. Бірақ, «жарғы» термині ғана өзге ұғымдармен байланыстырылмайтын. Өйткені жарғы – мемлекеттегі билік органдары мақұлдаған немесе бекіткен нормалардың заңды күші жоғарғы нысан. Қазақ әдет-ғұрып құқығының кейінгі ұғымының бірі – «Ережелер». Ережелер қазақ қоғамында халқымыздың Ресей империясының қол астына толық өтуімен байланысты XIX ғасырдың ортасында пайда болды. Сондай-ақ ислам дінінің жол-жосығы бойынша қалыптасқан, дәстүрлі қазақ қоғамындағы құқықтық бастаудың бірі – шариат. Бірақ қазақ қоғамының көшпенді шаруашылығының ерекшелігіне байланысты мұнда шариат түгелдей қолданылған жоқ. Негізінен шариат (мұсылмандық заңдар) қазақ елінің отырықшы аудандарында кеңінен қолданылды, ал көшпелі елді мекендерде шариаттың қолдану аясы шағын болды.
Сонымен бірге қазақ заңдарының өзіне тән басты ерекшеліктерінің бірі – оның тілі тұжырымды, есте сақтауға ыңғайлы, ұйқасты, өрнекті шешен сөздермен құрастырылуында. Қазақ құқығының шығу тарихы тұрғысында сөз қозғағанда мынандай мәселелерге жеке әрі қысқаша ден қоюға болады. Бірінші, қазақ құқығын уақыт тұрғысынан талдағанда, бұл мәселеде қазақ заңының алғашқы нұсқасы қайсы тарихи кезеңнен басталған және қанша ғасыр бойы сабақтасып жалғасқан деген сұрақтар туындайды. Осыған сәйкес уақыт тұрғысынан келгенде қазақ құқығының тарихы б.д.д. VIII ғасырдағы Сақ патшалығының саяси мұрагерлік заңынан басталады. Соның ізінше Үйсін, Қаңлы, Ғұн, Алшын, Түркі, Қазақ хандығының, Сібір қазақтарының заңдарын қамти келіп, XX ғасырдың алғашқы жартысына дейін қытай қазақтарында қолданылып келген «Абақ–Керей» ережесімен аяқталады. Екінші, қазақ құқығын мазмұны жағынан қарағанда, қазақ тарихында қандай заңдар болған, оның мазмұны мен мәтінінде қандай нормалар қамтылған және оларды мазмұнына қарай қалай жіктеуге болады деген сауалдар туындайды. Осыған сәйкес мазмұны тұрғысынан қарастырғанда қазақ құқығын: саяси-мұрагерлік, отбасы мен әменгерлік, меншік, қылмыстық құқыққа, жаза заңы, Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, Тәуке ханның «Жеті Жарғысы», Билер ережесі, «Абақ–Керей» ережесі деген салаларға жіктеуге болады.
Бұл деректер қазақ құқығының қалай қалыптасып, өзгергенін, жетілгенін және күрделі эволюциялық даму кезеңінен өткенін аңғартады. Сонымен бірге осындай бұлтартпас тарихи деректерге, фактілерге сүйене отырып, қазақ халқы тарихында құқық, заң болған, оның қалыптасу тарихы ұзаққа созылған және белгілі сабақтастықпен дамығанын пайымдаймыз. Осы еңбекте қазақ құқығының тарихын тануда орын алып келген теориялық мәселелер мен қазақ заңының үш мың жылға созылған ұзақ тарихын, саналы, жауапты және жүйелі түрде зерттеуге қозғау салу арқылы оның тарихи тұрғыдағы өміршеңдігін дәлелдеуге талпыныс жасадық. Осы арқылы қазақ заңтану ғылымының одан әрі өркендеуіне, оның қоғамда лайықты орын алып, беделді мамандыққа айналуына мүмкіндігінше түрткі бола алсақ, ұтқанымыз.
Ж.ӘЛДИБЕКОВ, Қонаев университетінің профессоры, заң ғылымның докторы С.МАМЫРОВА, заң ғылымының магистрі