Адамзаттың ең басты заңы, ең негізгі қағидасы – татулық. Татулық тұғырына айналған елдің көңілі тоқ, қадамы нық, сенімі зор. Данышпан Күлтегіннің «Тату елге – тыныштық пен тоқшылық нəсіп» деген сөзінің арада он төрт ғасыр өтсе де мəнін жоймай келе жатуының сыры осында.

Түркістан облысының
прокуроры
Қазақстан бейбітшілік пен келісімнің туын тіккен мемлекеттің бірі. «Жақыныңды жау тұтпа» деп жат ойлы жандардың өзін жанына жақын тартып, досына айналдыр ған қазақтың мейірбан, кеңпейіл мінезін өнеге тұтып айтпайтындар кемде-кем. Қазақ жерінде болып, халықтың табиғатымен жақын танысқан өзге елдің саяхатшы, тарихшы, ғалымдарының қай-қайсысының зерттеуін, пікірін оқысаңыз, қазаққа деген, қазақылыққа деген ризашылығын, таңданысын байқайсыз. Федор Достоевский, Григорий Потанин, Тарас Шевченко жазбаларында қазақ ұлтының меймандос, ешкімге жамандық, қаскөйлік жасамайтын халық, бейбітшілік сүйгіш ел екенін сүйсіне жазған. Қазақтың сол кең жүрегі, бекзат болмысы бүгін де өзгерген жоқ. Құшағына 130-дан аса ұлт пен ұлысты ұйыстырып, бейбітшілік пен татулықтың бесігіне айналдырған мемлекеттің сыралғы саясаты кім-кімге де үлгі. Биыл Қазақстандағы ұлттар мен ұлыстарды ұйытып, бір мақсат, бір мүддеге біріктіріп отырған Қазақстан халықтары Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толып отыр. Осы отыз жыл ішінде елдегі бейбіт келісімді сақ таумен бірге, өзге ұлттардың дамуына, тілдерін, салтдəстүрін сақтап, өз тамырынан ажырамауына барлық жағдай жасалды. Мəселен, Түркістан өңіріндегі халықтың саны 2025 жылдың 1 қаңтарындағы есеп бойынша 2 миллионнан асты. Тірлігі қайнаған аймағымызда 50 ұлттың өкілдері тұрады. Олардың басым бөлігін өзбектер, тəжіктер, орыстар, əзірбайжандар мен түріктер құрайды. Қазақстанды отаным деген осы ұлттардың ұл-қызы бүгінде өз ана тілінде білім алып, өз дəстүрін кедергісіз ұлықтап жүр. Қазақ мектептерінен бөлек, орыс, өзбек, тəжік мектептерін ашып, шəкірттердің терең білім алуына жағдай жасаған мемлекет өзге ұлттардың өзін еркін сезінуіне барлық жағдайды жасап-ақ жатыр. Осындай қамқорлық мен қолдауды көрген өрендер əлемдік додаларда көк туымызды желбіретіп, «Менің жаным қазақ, қаным қазақ!» деп жеңісін Қазақ еліне арнап, жүрекжарды лебіздерін жеткізгенде мерейіміз тасып, көңіліміз марқаяды. Кешегі чемпион Головкиннің «Əкем – орыс, анам – кəріс, өзім – қазақпын!» деуі қалай жүрекке жылу сыйламайды?! Əрине, мемлекет қамқорлықты қарымтасы болсын деп жасамайды. Азаматтардың жасына, ұлтына, діні мен тіліне, жынысына қарамастан теңдей жағдай жасау, құқығы мен мүддесін қорғау мемлекеттің етене міндеті. Сол міндетін мемлекет ұдайы сақтап, халықтың қамсыз тірлік етуіне тұрақты көңіл бөліп келеді. Бірақ, бір Отанға топтасып, бір тудың астына біріккен 20 миллион халықты қалыпқа салғандай қысып ұстау мүмкін емес. Бір мемлекеттің халқы тұрмақ, алақандай бір отбасының мүшелерінің де пікірі үйлес пейтін, ойы қабыспайтын кездері болады.
«Бір анадан ала да туады, құла да туады» дегендей, бір елде өмір сүріп жатқан халықтың да білім деңгейі мен ойлау өресі əртүрлі. Оның ішінде тəртіпке бағынатыны да, теріс жолға үйірі де баршылық. Бірақ, бір адамның ұстанымы мен əрекетіне қарап бүкіл ұлттың болмысы мен бітіміне баға беру қате. Себебі, «Жаман адам болғанымен, жаман ұлт болмайды». Мемлекеттегі татулық пен тыныштықтың ғұмыры ұзақ, тіреуі мықты болсын десек, біз осы азаматтар арасындағы сыйластыққа, тəрбие мен тағылымға, ауызбіршілік пен тұтастыққа мəн беруіміз керек. Елдегі береке-бірліктің басты формуласы – түсіністік. «Қазақстан – көп ұлт өкілін бір шаңырақтың астына жинаған, тату ел» дегенді жиі айтамыз. Алайда, «Тату ел» деп ауыз толтырып айтылатын сөздің арғы жағында қаншама тілек, қаншама еңбек жатыр. «Тату ел» болудың күретамырында мемлекеттің мүддесі, қолдауы, насихаты, күш-қайраты жатқанын көпшілігіміз біле бермейміз. «Тату ел» деген жай ғана лозунг емес, ол – тірі организм, ол – бір-бірімен біте қайнасқан 20 миллионнан аса халық. Ал осы «Жүзі басқа болғанмен – жүрегі бір, тілі басқа болғанмен – тілегі бір» халықты айрандай ұйытып, асықтай иіріп отыру үшін салиқалы саясат, сарабдал жоспар, сыпайы қарым-қатынас керек. Ауылы аралас, қойы қоралас жатқан қазақ пен өзбектің, тəжік пен түріктің, қырғыз бен орыстың достығы бүгінде ешкімнің күмəнін тудырмайды. Бірақ, айнымас дос, ажырамас көрші ғана емес, құйрық бауыр асатып, құда болып үлгерген осы ұлттардың аяқ астынан бүлініп, ұлтараздық дауының өршитін кездері де ара-тұра болып тұратыны ешкімге жасырын емес. «Ауыр істің салмағы білекке түсер. Ащы сөздің салмағы жүрекке түсер» демекші, кейде ойсыз айтылған бір сөздің, орынсыз жасалған бір қадамның түсініспеушілік тудырып, аймақты алатайдай бүлдіретіні рас. Бірге туған бауырлардың да кейде бет көріспес тей керісетін кезі болады. Ендеше, бір Отан біріктіргенмен, болмысы мен бітімі, дəстүрі мен тəрбиесі бөлек ұлт өкілінің теріс əрекетін жасырып, кем-кетікті тыныш шешеміз деу қисынға келмейді. Оның үстіне, қазіргідей əлеуметтік желілердің əлеуеті күшті кезде қылаудай дүниені қалтарыста ұстау мүмкін емес. Сондықтан кемшілікті жасырып, жапқаннан гөрі, мəселені жариялы шешіп, түйткілдің себебімен бірге, салдарын зерттеуге көбірек ден қойған дұрыс. Өзара алауыздық пен жан-жаққа тартқан берекесіздік талай елдің тағдырын құрдымға жіберген. Тіршілік тезіне төтеп бере алмай, жер бетінен ұлт ретінде жойылып кеткен елдер қаншама. Осы ретте мынандай ұсыныстар айтқым келеді. Біріншіден, бізде Ассамблеяның жүйелі жұмыс істеуіне толық жағдай жасалған. Достық үйлері салынып, қолданысқа берілген. Осы орталықтар тек тіл үйретіп, өзге ұлттардың салт-дəстүрін дəріптеп қоймай, тарихты да түгендеуге маңыз бергені абзал. Əсіресе, əр халықты Қазақстанмен байланыстыратын деректер ұрпақтан-ұрпаққа айтылуы керек Сонымен бірге, Қазақстанды мекендеген өзге ұлттар қазақтың тарихы мен тілін, дəстүрін үйренсе құба-құп. Екіншіден, бізде ақсақалдардың беделін көтеріп, қариялар институтын жандандыру бағытында жұмыс жүргізу маңызды. Үлкендердің сөзі өтімді, пəрмені мықты болса, жастар бетімен кетпейді. Аймақ ішінде орын алған болмашы даулардың кейде шекарамыздан шығып, жалпыұлттың талқысына айналуына ақсақалдардың жағдайға дер кезінде араласып, үлкендік сөзін айтпауы себеп болып жатады. Үшіншіден, ұлттарды сайыстыратын емес, табыстыратын жобалар, шаралар жиі ұйымдас тырылғаны дұрыс. Наурыз мейрамын тойлау барысында қазір барлық ұлттардың дəстүрін ұлықтауға қадам жасалуда. Сонымен бірге, ассамблея мүшелері жыл сайын қаланы тазалауға, ағаш егу шарасына белсене қатысып жүр. Алдағы уақытта халықты етене жақын етіп, туыс, бауырға айналдыратын шаралар ауқымын кеңейткен дұрыс. Төртіншіден, кезінде бəріміз халықтар достығын суреттеген шығармаларды оқып, мейірім мен қамқорлықтың не екенін ұғынып өстік. Өкінішке қарай, қазір осы тақырыпқа көп мəн берілмейді. Сондықтан, арнайы шығармашылық байқаулар ұйымдастырып, халықтар достығын, ұлттар арасындағы шынайы бауырластықты суреттейтін жаңа шығармалардың дүниеге келуіне мүмкіндік берген пайдалы. Жəне достыққа, татулыққа үндейтін шығармаларды кең насихаттап, кітаптардың таралып, оқылуына жағдай жасау керек. Бесіншіден, қазіргі бұқаралық ақпарат құралдары өміріміздің көлеңкелі, жағымсыз жағын жарнамалауға тым əуес. Журналистің жазғаны елдің арасын ірітетін емес, халықтың арасын біріктіретін тақырыптарға арналғаны жөн. Бізде қазақтың кең пейілін, дархандығын, жақсылығын айтқысы келетін өзге ұлттың ақсақалдары жетерлік. Тарихтың тірі куəсі болып отырған сол қарияларды сөйлетіп, тағылымды сөздерін жастардың санасына жеткізе алса, қазақ журналистикасының ұтқаны. Алтыншыдан, бізде Алғыс айту күнінің атап өтілгеніне тоғыз жыл болыпты. 2016 жылы 1 наурыз – Алғыс айту күні болып бекітіліп, барлық ұлттың бір-біріне жəне осы адамдарды қабылдаған, аяушылық білдірген қазақтарға алғыс айту күні деп белгіленген еді. Бірақ соңғы жылдары бұл мерекенің форматы да, мазмұны да өзгеріп, азаматтардың бір-біріне алғыс айту дəстүріне айналды. Шындығында, дəл осы мереке ұлттар арасындағы дос тыққа алтын көпір болуға, тарихты түгендеуге қызмет етуі керек еді. Əр мерекенің өзіндік орны, негізгі мақсат-мүддесі бар. Сондықтан, біз де Алғыс айту күнінің миссиясын өз мəнінде қолдануға тиіспіз. Заманның қиын-қыстау шағында туы жығылып, тауы шағылған басқа халықтар үшін жылы мекен, ыстық ұя болған қазақтардың қамқор пейілі мен оларға əрда йым алғыс білдірген өзге ұлт өкілдері адамгершілік қарым-қатынастың өнегелі өлшеміне айналғаны абзал. Қазақтың Герағасына айналған Герольд Бельгер: «Мен қаншалықты неміс болсам, соншалықты қазақпын!» дейтін. Қазақты сүйгендіктен елдің мəселесіне шекеден қарамады, қазақтың жетістігіне қуанды, қасіретіне мұңайды. Қазақстанды мықты еткен осындай азаматтар! Ендеше, тел өскен ұландарымыз дəл Герағаңдай елдің ертеңіне қыз мет ете бергей!