Қазақстан Республикасындағы титулды ұлт қазақ халқының ана тілі-қазақ тілі туралы айтылып та, жазылып та жүргелі біраз болды.
Өкінішке орай, елге белгілі деген азаматтарымыздың биік-биік мінберлерден тілге қатысты айтқан сөздері популисттік ұран екеніне көзіміз енді жеткендей.
Тілдің қолданылу аясын кеңейтеміз десек, қарапайым қажеттілік туындатуымыз керек. Әрі бұл жоғары деңгейде заңмен бекітілсе, кез-келген талпынған адам үйренері сөзсіз.
Ғаламдық сандарға сүйенсек, бүгінгі таңда әлемде 4500-6000 шамасында ұлттар мен ұлыстар бар екен. Жыл сайын ондаған ұлттар жойылып, жоғалып кетіп жатыр. Ондай шағын ұлттар өз ана тілі мен дәстүрін, тарихын сақтамағандықтан ұлтсызданып, өзге үлкен ұлттардың құрамына еніп жатады. Өздерінің ұлттық ерекшеліктерінен айырылып, жоғалып кеткен және жоғалудың аз алдында тұрған ұлттар солтүстіктегі көршіміз Ресейде көптеп саналады.
Балаларды орыс сыныбына берсек қана өмірде өз орнын тауып, жетістікке жете алады деген құлдық санадан арылатын уақыт жетті. Қазақ тілі тек бата беріп, тойда тілек айтатын тіл болып қалмауы тиіс. Әр қазақ өз отбасында, араласатын ортасында, қоғамдық орындарда ана тілінде сөйлеуге дағдыланса бұл сұрақ өздігінен шешімін табар еді.
Тұңғыш президентіміздің осыдан он бір жыл бұрын Ұлытау төрінде берген сұхбатында қазақ тіліне қатысты: «Қазақ тілін мемлекеттік тіл деп бекіттік, алайда қазақтар өз тілінде сөйлемесе, қажеттілік туындатпаса онда кінә өздерінде. Әйтпесе кім саған қазақша сөйлеме деп айтады» деген еді. Бұл анықтама өз өзектілігін әлі күнге жойған жоқ.
Әлеуметтік желілерде тіл патриоттарының ас мәзірін тек ресми тілде ұсынатын қоғамдық тамақтану орындарындарына жасаған рейдтері тіл мәселесінің шешімі емес. Әлемде орын алып жатқан геосаяси шиеленісті ескерсек, керісінше, салдары біз ойламаған қауіп қатерге әкеп соғуы мүмкін. Оның үстіне арандатушылардан сақ болғанымыз абзал.
Жыл сайын әлемде жүздеген ұлттың жойылып жататынын ескерсек, қазіргі күрделі кезеңде ұлттық тілі мен дәстүрін, тарихын сақтау халықтар үшін ең өзекті мәселе болып отырғаны анық. Жоғалып кеткен ұлттар санатына енбес үшін де ана тілін, дәстүрі мен дінін және тарихын сақтауға барынша көңіл бөлу қажет. Мың өліп, мың тірілген қазақ халқы да кеңес заманында өз елінде азшылық болып, ана тілінен, дәстүрінен қол үзіп қала жаздағаны тарихтан мәлім. Қазір тәуелсіздігіміздің арқасында ұлттық тіліміз бен дәстүріміз, тарихымыз қайта жаңғырып жатыр. Еліміздің ең үлкен жетістігі де осы. Тақырыптың түйінін мектеп қабырғасынан жаттап өскен Қадыр Мырза Әли атамыздың мына өлең шумақтарымен түйгім келеді:
«Ана тілің-арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді-құрметте.»
Т.Т. Аликулов, Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының бас маман-сот отырысының хатшысы