Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне де сәйкес толықтырулар мен өзгерістер енгізіліп, «Тергеу судьясы» дара процессуалдық тұлға ретінде анықталды. Сонымен қатар, аталған Кодекске 2017 жылдың 21 желтоқсанында енгізілген толықтыруларға сәйкес, тергеу судьясына жасырын тергеу әрекеттерін жүргізуді және оның мерзімдерін ұзартуды санкциялау, сондай-ақ адамды оған қатысты жүргізілген жасырын тергеу әрекеттері туралы хабардар ету мерзімін ұзартуға, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының адамды оған қатысты жүргізілген жасырын тергеу әрекеттері туралы хабардар етпеуіне келісім беруге санкция беру құқықтары жүктелгені мәлім.
Жаңа заңдағы тың жаңалықтар, тергеу судьясы өкілеттілігі аясының кеңеюіне, азаматтардың қылмыстық процесте қорғалу деңгейiн арттыру мен оның жазалау сипатын төмендетуге, адвокаттардың процессуалдық мүмкіндіктерін кеңейту арқылы қылмыстық процестің жарыспалылығын арттыруға, қылмыстық істерді тергеу тәртібін жеңілдетуге және қылмыстық процестің үнемді болуын қамтамасыз етуге, сотқа дейiнгі сатыда сот бақылауын одан әрі күшейтуге бағытталған. Оның басты концепциясы – қылмыстық процесті одан әрі жетілдіру және осы қылмыстық процеске қарапайым халықтың көзімен қарау. Аталған заң бірнеше бағытты қамтиды.
Бірінші бағыт – қылмыстық процесте адамның құқығын қорғау деңгейін арттыру болса, екінші бағыт – қылмыстық процесте жарыспалылықты күшейту. Мұнымен бірге сотқа дейінгі қылмыстық процесті жүргізу бойынша сот бақылауын күшейту. Ал үшінші бағыт – тергеу жүргізу тәртібін оңтайландыру. Соңғысы тергеу, прокуратура және сот өкілеттіліктерінің қайталануын болдырмау, өкілеттіктерін нақты бөлу.
Жасырын тергеу әрекеттерін жүргізу туралы қаулы ол шығарылғаннан кейін көрсетілген тергеу әрекетін жүргізудің негізділігін растайтын материалдармен бірге 24 сағаттың ішінде тергеу судьясына ұсынылады. Бұл шараны санкциялауды тергеу судьясы 12 сағат ішінде жүргізеді, қосымша материалдар алдыру қажет болған жағдайда 24 сағатта қарауға жол беріледі.
Ұсынылған ақпараттың анықтығына күмән болған кезде, тергеу судьясы қаулыны санкциялап, 24 сағат ішінде оның заңдылығын процестік прокурордың тексеруіне бастама жасауға құқылы. Сәйкесінше процестік прокурор 5 тәулік ішінде тексеру жүргізіп, оның нәтижесін тергеу судьясына хабарлайды. Шара бойынша заңсыздықтар анықталған жағдайда прокурор тергеу судьясына өтінішхат енгізуге міндетті. Жасырын тергеу әрекеттерін тергеу судьясы прокурордың өтініш хаты бойынша тоқтатуы мүмкін. Ал, судьяға қатысты жасырын тергеу әрекеттерін санкциялау Астана қаласы тергеу судьясы ҚР Бас Прокурорымен келісілген, қылмыстық қудалау органының қаулысы бойынша жүргізіледі.
Әсіресе, тергеу судьясының бұлтартпау шарасын қолдану мәселесін шешу барысында күдіктіні, айыпталушыны қоғамнан оқшауламай-ақ Қылмыстық-процестік кодекстің 140-бабының 3-бөлігінде көзделген міндеттерді орындауын қамтамасыз ету үшін жеткілікті болатын кепіл мөлшерін айқындауы заңнамадағы оң бастама деуге болады. Тергеу судьясы өз құзыретіне жатқызылған мәселелерді сот отырысын өткізбей, жеке-дара қарайды. Тергеу судьясының өз өкілеттіктерін жүзеге асыру барысында қабылдаған қаулыларына Қылмыстық-процестік кодекстің 107-бабында көзделген тәртіппен шағым жасалуы, наразылық білдіруге әбден мүмкіндіктері бар.
Сонымен қатар, заңның кейбір жетілдіретін жерлері болады, мұндай жағдайда өз ұсыныстарымызды жоғарғы сотқа береміз.
Тергеуші шағым арыз бойынша СДТТБТ-не қылмыстық істі саралау бабын қойып тіркейді, осы уақыттан бастап тергеуші мен күдіктінің әрекетін саралау бабындағы қылмысқа ұқсатып жазуға тырысады. Себебі оның тергеп-тексеру әрекеті, соттан, прокурордан дұрыс өту үшін, күдіктінің әрекеті, ол таңдаған бапты толық қамту керек. Прокурор да дәл солай жасайды. Ал, егер тергеуші СДТТБТ-не шағымды тіркеп, болған оқиғаны ғана егжей-тегжейлі зерттеп жазып, прокурорға өткізсе, прокурор оқиға мен дәлелдемелердің заңдылығына баға берсе, сот тараптардың қатысуымен, сот отырысында тергеуші ұсынған құжаттарға қарап, күдіктінің әрекетін, өзінің қатысуымен саралау туралы бапты тақса, онда әділ болар еді.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, тергеу сотының тиімділігі не? Ол қарапайым халыққа не береді? Иә, біз келмеске кеткен кеңестік кезеңнің жүйесін артқа тастап, жаңашылдыққа бет бұрдық. Тергеу соты заман ағымына қарай құрылып, бүгінде бұқараның қажеттілігін қанағаттандырып отыр. Қазіргі қоғамда халыққа әділдік пен шынайылық, ашықтық ауадай керек. Ал, тергеу соты осының аясында жүзеге асырылады. Яғни сотқа қатысатын жәбірленуші мен айыпкер арасындағы диалогқа нүкте қойылып, қорғаушы мен қорғалушының мәселесі шешіліп, күдіктіге күмән келтіретін фактілерді алға тартатын тергеушінің де тірлігі тындырымды болмақ. Осы тұста судьяда өз әділдігін жоғалтпай, ақиқатын айта алатын сәт тумақ.
Қосмұратов Абдуали Сматуллаевич, Түркістан қаласының
мамандандырылған ауданаралық
тергеу сотының судьясы