2024 жылдың 5 желтоқсанында «Тұран» университетінің Жоғары заң мектебі мен Қазақстан Республикасының Республикалық сот сарапшылары палатасы бірлесе отырып, «Қазақстан Республикасындағы зияткерлік меншік объектілеріне қатысты сот сараптамасын дамыту» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Бұл шара БҰҰ-ның 16-шы Тұрақты даму мақсаты аясында ұйымдастырылып, зияткерлік меншік саласындағы сараптама мен оны қорғаудың жаңа мүмкіндіктерін талқылауға арналды.
Дөңгелек үстелдің модераторлары «Тұран» университетінің Жоғары құқық мектебінің директоры, PhD докторы Джумабаева Карлыгаш және осы оқу орнының профессоры, заң ғылымдарының кандидаты Гүлназ Алаева болды. Бұл іс-шараға Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінің Сот сараптамасы орталығының өкілдері, Ұлттық зияткерлік меншік институтының Алматы филиалының мамандары, заңгерлер, адвокаттар, патенттік сенімді өкілдер және қазақстандық бизнес-қауымдастықтың жетекшілері қатысты.
Іс-шара барысында сарапшылар Қазақстанда зияткерлік меншік объектілеріне арналған сот сараптамасын дамыту қажеттілігі туралы пікір алмасты. Бірқатар маңызды мәселелер талқыланды:
- Зияткерлік меншік объектілеріне қатысты сараптамалық қызметтің жаңа әдістемелерін әзірлеу.
- Университеттерде зияткерлік меншік құқығы бойынша мамандарды даярлау бағдарламаларын жетілдіру.
- Болашақ сарапшыларды кәсіби тұрғыда дамытуға бағытталған ұсыныстарды енгізу.
Дөңгелек үстелге қатысушылар көтерілген мәселелердің ел үшін аса маңызды екенін ерекше атап өтті. Зияткерлік меншік саласы тек ғылым мен өнеркәсіп үшін ғана емес, сонымен қатар ұлттық экономиканы тұрақты дамыту үшін де маңызды. Осы бағыттағы құқықтық және сараптамалық жүйелерді нығайту Қазақстанның әлемдік аренадағы беделін арттыруға мүмкіндік береді.
Бұл дөңгелек үстел зияткерлік меншік құқығын қорғау саласында жаңа идеялар мен бастамалардың негізін қалады. Оның қорытындылары құқықтық білім беру мен сот сараптамасын дамытуға оң серпін береді.
зияткерлік меншікті қорғау саласында білікті кадрларды даярлау мен құқықтық базаны жетілдіру елдің стратегиялық дамуының маңызды бөлігі болып қала бермек.
Алаева Гульназ Турсуновна
«Тұран» Университеті, Жоғары құқық мектебінің
профессоры, заң ғылымдарының кандидаты
«әл-Фараби атындағы ҚазҰУ» қылмыстық құқық,
қылмыстық іс жүргізу кафедрасының доценті
Джумабаева Карлыгаш Асильхановна
«Тұран» Университеті, Жоғары құқық мектебінің директоры
қауымдастырылған профессор, PhD докторы