Елімізде өндіріс орнына қойылатын қарапайым талаптар мен өнім сапасының стандарттары толық сақталмайды. Қазақстанда азық-түлік өнімдерінің санитарлық талаптарға сай келмейтін орында шығарылатын жағдайлары тіркелуде. Сонымен қатар штатында бірде-бір қызметкері жоқ, тек қазақстандық үлгідегі мөрі мен жапсырмалары бар жай пәтерде миллиондаған тауар өндіретін жалған өндірістер бар екен. Осындай ұйымдар мемлекеттің жыл сайын қазақстандық өндірушілерді қолдауға бөлетін триллиондаған теңгесінен енші алып, салықтық жеңілдіктерді иеленуде.
2023 жылы Бас прокуратура осындай 206 бұзушылықты анықтапты. Бұдан басқа, уəкілетті орган жүргізген 42 тексерудің қорытындысы бойынша 40-тан астам əкімшілік іс қозғалған. Анықталмай, судан құрғақ шығып жүргендері қаншама?! Енді осындай ауырдың үсті, жеңілдің астымен үріп ішіп, шайқап төккендердің жолы жабылмақ. Парламент Мəжілісінің жалпы отырысында бірінші оқылымда мақұлданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тауарлардың шығарылған елін айқындау мəселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша енгізіліп отырған қазақстандық тауар өндірушілердің толыққанды тізілімін құру тетігі сертификаттау процесінің ашықтығы мен сенімділігін қамтамасыз етеді. Ал бұл – өндіріс орнына қойылатын талаптар мен өнім сапасының стандарттары сақталуының толыққанды кепілдігі. Жаңа құжат 2023 жылдың бірінші қыркүйегіндегі ҚР Президентінің Жолдауын іске асыру аясында Мəжіліс пен Сенат депутаттарының бастамашылығымен əзірленіпті. Заң жобасының мақсаты – импорттық тауарларға тəуелділікті төмендету, жоғары локализация деңгейі бар өндірістік циклды қалыптастыру, заманауи технологияларды жеткізу, олардың трансферті мен жаңа өндірістерді локализациялау. Құжатты жалпы отырыста Мəжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғанов таныстырды. Қазіргі таңда үш түрдегі яғни, «СТ-KZ», индустриалды сертификат жəне экспорттық тауар шығу сертификаттары бар. Бұл сертификаттарды «Атамекен» кəсіпкерлердің ұлттық палатасы береді. Заң жобасы аясында қолданыстағы барлық өндірушілер бір тізімге қосылып, бұл «СТ-KZ» сертификаттары мен индустриалды сертификаттарды функционалды түрде алмастыратын болады. Баяндамашының айтуынша, қазіргі уақытта сертификаттау процесі едəуір уақытты алуымен қатар қаржылық шығындарды талап етіп, шағын жəне орта бизнес үшін қиындық тудырып келеді. Сонымен қатар бұл құжаттар ақылы жəне жеке сарапшылардың қорытындысы негізінде берілетіндіктен, адами фактор ықпалына айрықша ие жəне мемлекеттің ақпараттық жүйелері, өндірушілердің бірыңғай дерекқорымен интеграцияланбаған. Осының бəрі сертификаттау процедураларының объективтілігі мен ашықтығына қауіп төндіреді. Қаралып отырған заң жобасы бойынша ұсынылған тізілімге кəсіпорындар ақысыз енгізіледі жəне оған қосылу мерзімі бойынша шектеулер болмайды, бұл бизнес үшін уақыт пен қаражатты үнемдеуге мүмкіндік береді.
Құжат СТ-KZ сертификаттары мен өнеркəсіптік сертификатты беру барысында анықталған кемшіліктерді жойып, тауар өндірісін растау жүйесін жетілдіруге бағытталған. Жаңа тізілім толыққанды ақпараттық жүйе болады жəне ол қажетті құжаттарға сараптама жүргізу үшін басқа мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграцияланады. Тізілім өтініш беруші мен əкімші арасындағы байланыстарды азайтуға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек тізілімді əзірлеу барысында жеке сараптамадан мемлекеттік сараптамаға көшу ұсынылып отыр. Бұл шараға бизнес өкілдері де қатысатын болады.Тізілімді жүргізуге жауапты уəкілетті мемлекеттік орган – Индустрия жəне құрылыс министрлігі болмақ. Оны қалыптастыру жəне жүргізу өтініш беру, цифрлық верификациялау, өндірісті бағалау жəне тізілімге қосу немесе қоспау туралы шешім қабылдау секілді бірнеше кезеңнен тұрады: Тізілім сонымен қатар Қазақстанда жұмыс істейтін тауар өндірушілері туралы өзекті ақпаратқа қол жеткізудің бірегей жүйесін құруға мүмкіндік береді. Экономиканы дамыту жəне əртараптандыру бағытындағы мемлекеттік саясатты іске асыру шеңберінде мемлекеттік қолдауды тек қазақстандық тауар өндірушілерге бағыттау мүмкіндігін арттырады. Бұл тəсіл ресурстарды мақсатты пайдалану, жергілікті өндірісті ынталандыру жəне Қазақстанда өндірілетін тауарлар мен олардың өндірушілері туралы ақпаратқа бірегей қол жеткізуге жол ашады. Осының бəрі ұлттық экономиканың дамуына ықпал жасайды. Депутаттар бұл құжатты бірауыздан қолдады. Жиында сөз алған депутаттардың қай-қайсы да оның отандық өндірісті қолдауға жəне мемлекеттік ресурстарды пайдалану тиімділігін арттыруға бағытталған заң екенін айтып жатты. Депутат Нұртай Сабильяновтың сөзінен түйгеніміз, отандық өндірушілердің шынымен кімдер екенін анықтап алмайынша, біз өз бюджетіміздің қаражаты есебінен өзгелерді байытып, олардың экономикасын өсіре беретін боламыз. Бұл қаражатты өте тиімсіз пайдаланудың белгісі. «СТ-KZ» жəне индустриялық сертификаттар бастапқыда отандық өндірушілерді нақты қолдау үшін құрылды. Олардың негізінде мемлекеттік сатып алуға қатысу кезінде преференциялар беріледі, жеңілд іктер мен субсидиялар алуға мүмкіндік жасалады. Алайда, тəжірибе көрсетіп отырғандай, қолданыстағы сертификаттау жүйесінде оның сенімділігіне нұқсан келтіретін елеулі бұзушылықтар мен кемшіліктер болуда. Мəселен, жалған өндірістерді тіркеу жағдайлары орын алып жатыр. Мысалы, Атырауда «Исатай мен Махамбет» ескерткішінің орналасқан жеріне өндіріс бар деп сертификат берілген. Талдықорғанда сертификат алған субьекті өндірісінің мекенжайы ретінде монша кешені көрсетілген. Сондай-ақ Қазақстанда жасалған өнім ретінде сертификаттар импорттық тауарларға, атап айтқанда: латекс қолғаптарына, LG теледидарларына, жасанды көгалдарға жəне б а с қ а л а р ғ а берілген. Бұл жағдай адал кəс і п к е р л е р д і тең шарттарда бəсекелесу мүмкіндігінен айырып, экономикамызға кері əсерін тигізуде. Бюджетіміз өзгелердің экономикасына жұмыс істейді. Ең бастысы – бүкіл мемлекеттік қолдау жүйесіне деген сенім азаяды. Ал, қаралып отырған заң жобасында ұсынылып отырған қазақстандық тауар өндірушілердің толыққанды тізілімін құру осы түйт кілдерді жоюдың бірден бір тиімді тетігі. Оның нəтижесі жалған өндірушілерді жою, нақты зауыттар мен жұмыс орындарын құру, мемлекеттік қолдау жүйесіне деген сенімді арттыру, бюджет қаражатын пайдалануды оңтайландыру болуға тиіс. Ал, депутат Екатерина Смышляева ның айтуынша, енгізіліп отырған шара əлемдегі ең жақсы тəжірибеге сəйкес келеді. Көптеген елдер өндірушілерді сертификаттау үшін электронды платформаларды қолданады. Оңтүстік Корея мен Австралия бизнесті тексеру үшін, АҚШ салық жəне кедендік деректерді талдау үшін блокчейн технологиялары мен жасанды интеллектіні белсенді түрде енгізуде. Бүгінде біздің еліміз жасанды интеллект пен сабақтас технологияларды енгізуге дайындық бойынша ТОП-50-ге кіреді. Отандық өндірушілерді бағалаудың жаңа жүйесін қалыптастыру үшін арнайы алгоритм пайдаланылатын болады. Бизнес-процестерді цифрландырудың жақсы деңгейінің арқасында мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі кəсіпорындардың ақпараттық ізі сапалы деректердің жеткілікті көлемін жинақтауға мүмкіндік берді. Ал, бұл болашақта тиімді шешім қабылдаудың мүмкіндігі. Сондықтан жаңа тетік – модернизацияға жасалған қадам ғана емес, нақты кəсіпорындардың ашықтығына, тиімділігіне жəне қолдауына бағытталған реформаның негізгі элементі. Адами факторды алып тастау бағалау процесін іс жүзінде өтеусіз етеді жəне сыбайлас жемқорлық тəуекелдерін жояды. Десе де, машина көре алмайтын жəне бағалай алмайтын жағдайлар болады. Сондықтан отандық өндірушінің мəртебесін анықтаудың жаңа тəртібін іске асыру барысында бірқатар міндетті шаралар мен шарттарға назар аудару керек. Мəселен, сандық тексеру алгоритмінің ашықтығы мен түсіндірілуі, объективті жағдайларды ескеру жəне дербес деректерге қатысты келісімдер мен оларды қорғау ережелерін алудың қатаң тəртібін сақтау қажет. Сонымен қатар алгоритммен қабылданған шешімдер соңғы сатыда шындыққа айналмауы керек. Кəсіпкерлер олар бойынша дауласуға жəне адамның қатысуымен қайта қарауды талап етуге мүмкіндік алуы керек. Ол үшін депутаттар уəкілетті органның жанынан салалық реттеушілердің, бизнес өкілдерінің, сарапшылар мен қоғам қайраткерлерінің қатысуымен апелляциялық комиссия құруды ұсынды. Бұл – жаңа технологияларды қолдану этикасы жəне мүдделер тепе-теңдігін сақтау тұрғысынан маңызды инс титут. Депутат Елнұр Бейсенбаев жаңа құжатты бүгінде барша қазақстандықтар күте-күте шаршаған экономикамызға үлкен жүйелі əрі тиімді өзгерістер əкелетін құжат деп мəлімдеді. Елімізге жұмыс орындарын беретін, салық төлейтін, халықты қажетті тауарлармен қамтамасыз ететін мықты өндіріс өздігінен пайда болмайды. Бұл үшін жағдай жасау керек. Бейсенбаев мырзаның айтуынша, қаралып отырған заң – осы бағыттағы үлкен қадам. Құжаттағы қазақстандық тауарлардың тізілімін құру жəне жүргізу үшін адал жəне ашық жағдайлар деген ұғым – бүкіл ел бойынша ашылатын жаңа өндірістер. Заң жобасы қабылданатын болса, салалық қауымдастықтармен бірге «Made in Kazakhstan» өндірісінің нақты жəне түсінікті стандарттары əзірленеді. Оларда барлық процестер мен талаптар жазылады. Өндірістің барлық деңгейлерінде салық төлеуден бастап, қызметкерлерге əлеуметтік аударымдар, жалақы мен коммуналдық төлемдерге дейін цифрлық верификация жүргізілетін болады. Ақпарат жасанды интеллект арқылы тұрақты негізде жүзден астам көрсеткіш бойынша жиналады. Мұның бəрі онлайн режимінде жəне бизнеске ешқандай ауыртпалықсыз жасалады. Бұл экономикалық тəуелсіздікке əкеледі. Біздің еліміз қазірдің өзінде миллиардтаған долларлық бюджет қаражаты тиісті бақылаусыз құмға сіңіп кететін кезеңнен өтті. Тоқетерін айтқанда, аталмыш заң депутаттарды осылай қуантып жатыр. Айтқандары келсін дегеннен өзге не дейміз.
Айша ҚҰРМАНҒАЛИ, «Заң газеті»