Сыбайлас жемқорлық – тәуелсіз Қазақстанның, бүгінгі қоғамның өзекті де күрделі мәселелерінің бірі. Тек Қазақстан емес, бұл індет әлемнің қай-қайсы елінде болса, сол елдің қасірет шегері хақ. Сыбайлас жемқорлық қоғамды әділетсіздікке ғана ұрындырып қоймай, елдің экономикалық жүйесінің қауіпсіздігіне, тұрақтылығына, экономикамыздың дамып, жетілуіне кереғар әсерін тигізеді, халықаралық деңгейде елдің жағымсыз иммиджін қалыптастырады. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдар туралы» Заң талабының аясында жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер әр салада жүзеге асырылып келеді. Соның ішінде, халық парақорлық дертімен жиі бетпе-бет келеді. Сондықтан кез-келген ортада пара беру мен пара алудың жолын кесуде қоғам болып белсенділік танытуымыз керек. Парақорлық мемлекеттік органдардың тиісті қызмет атқаруына кері әсерін тигізіп, беделіне абыройсыздық ұялатады, заңды қағидаларды теріске шығарып, азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына түрткі болады. Қазіргі таңда қоғамымызға қауіп төндіріп, орасан кесел келтіретін осынау келеңсіз әлеуметтік құбылысқа қарсы шаралар қатаң қолға алынып жатыр. Жемқорлықпен күрес арнайы дайындалған мемлекеттік бағдарлама негізінде жүзеге асырылуда. Еліміздің өркениетін дамытқысы келетін, өз ортасын құрметтейтін әрбір азамат мемлекеттің ішіндегі тәртіпті белгілі бір жүйеге келтіруге, ел ішіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүдделі және оның алдындағы басты парызы. Қоғаммен бірге өркендеп, етек жайып, етене сіңісіп келе жатқан бұл кеселдің тереңнен құлаш жаймауына өз үлесімізді қосу және оған тосқауыл болу-біздің басты міндетіміз. Сыбайлас жемқорлықпен қарсы күрес жасап жатқан барша ұйым, мекеме, т.б жұмысына жаңа серпін беру қажет. Жемқорлықпен күрестегі бейқамдық пен әрекетсіздік халық наразылығын тудырушы маңызды факторлар болып табылады. Сонымен, сыбайлас жемқорлық қоғамға тек зиянын тигізіп қана қоймай, қоғамға мүлде пайда әкелмейтінін естен шығармағанымыз абзал. 2014 жылдың 26 желтоқсанында Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа стратегиясы бекітілді. Стратегияның негізгі мақсаты – мемлекет ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүргізіліп жатқан саясаттың тиімділігін арттыру және Қазақстанда сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету болып табылады. Стратегияда белгіленген сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдардың басты бағыттары:
- мемлекеттік қызмет саласындағы жемқорлыққа қарсы іс-қимылдар қолдану;
- қоғамдық бақылау институттарын енгізу;
- құқық қорғау және сот органдарында сыбайлас жемқорлықты болдырмау;
- жемқорлыққа қарсы мәдениет деңгейін қалыптастыру,т.б бағыттарды қамтиды.
Сөзімді түйіндей келе, сыбайлас жемқорлық – індет, оны жою міндет екендігін әрбір азамат пен азаматшалар түсініп, қазақ қоғамының әлеуметтік- экономикалық дамуының деңгейін арттыру үшін сыбайлас жемқорлықпен күресті әр адам өзінен бастауы қажет деп ойлаймын.
Түркістан облысының мамандандырылған әкімшілік сотының бас маманы К.Утебаева