(Ертегі)
Ертеде айналасы көгорай шалғын, тауы мен тасы, орманы мен көлі, асуы мен белі, жусаны мен шөбі бір-бірімен астасқан, кілемге өрнек салғандай көрікті жер- Шалқыған елінде адамдар шаттық пен бақытта өмір сүріпті. Олар бір-бірімен тату-тәтті болып, береке мен байлықта күн кешіп, өз армандарын іске асырып жататын. Әлі де жақсы күндерінің алда екеніне зор үмітпен қарайтын. Бұл елге өзге елдер қызыға да, қызғана да қарайтын. Осындай көзі түскен елдің бірі -Түнек Патшалығы болды. Бұл патшалықтың әміршісі – Наркос болатын. Оның елдерді жаулаудағы мақсаты- жарықта өмір сүретін адамдарды ұнатпайтын, адамдардың үміт отын өшіріп, армандарын ұрлап, оларды қараңғылық пен тұманға батырғанды жаны сүйетін. Оның тұманына шалдыққан ел есінен айрылып, бар арман-мақсаттарынан айрылып, дел-сал күйге түседі екен. Патшалығында ондай адамдардың біразы тұтқында қамаулы екен.
Бір күні Наркос Шалқыған елдің ортасына сиқырлы тұман жібереді. Бұл тұман адамдардың басын айналдырып, оларға жалған бақыт пен байлық береді. Жалған бақыт пен байлыққа мас болған халық естерінен адасып, торға түскен торғайдай армандарынан айырыла бастайды. Бозбала Арманжан да тұманның әсеріне түсе жаздайды. Барынша аз бақытқа мас болғысы келмей, байлықтан бас тартады. Бірақ жан досының жалған бақыт пен байлықтың құрбаны болып қалғанын байқап, бұл жолдан құтқарудың амалын ойластыра бастайды.
-Бұл тұман неге менің достарымды өзгертіп жатыр? Олар бұрын армандары туралы сөйлейтін еді, ал қазір өздерін жоғалтқандай, – деп ойлады ол. Арманжан үлкендердің әңгімесін есіне түсірді. Түнек Патшалығына қарсы тұратын сиқырлы шам бар екен. Ол «Үміт Шамы» деп аталады. Бұл шамды тапқан адам тұманды сейілтіп, елді құтқара алады. Арманжан шамды іздеп, жолға шықты.Ол ұзақ жол жүріп, Қараңғы Тас Орманға жетті. Бұл – Түнек Патшалығының кіреберісі болатын. Орман ішінде Арманжанның алдынан улы сөздер айтатын қара құс шығады.
– Сен бекер тырысасың! Түнек мәңгілік. Керісінше, бізбен бірге бол. Бос армандардың соңынан жүрудің қажеті жоқ! – деп азғырды құс.
Бірақ Арманжан батылданып:
– Менің жүрегімдегі үміт отын сен өшіре алмайсың! – деп жауап берді. Арманжан қалың орманның ішінде адасып кеткендей еді. Бірақ сол кезде оның жолын сиқырлы Үміт Жұлдызы жарықтандырды. Үміт Жұлдызы:
-Батырым, еліңді құтқаруға келдің бе? Санасы мен миы уланған адамдарды түнектен құтқару саған оңай болмайды, бірақ әр нәрсенің шешімі бар екенін білесің, бұның да жолы бар, менімен еріп жүр,-деді. Арманжанның қуаныштан көкірегінде үміт сәулесі қайта жана бастады. Үміт Жұлдызы оны жасырылған Үміт Шамына алып барды. Шамның жарығы сондай күшті еді, оны тек шын жүрегімен сенген адам ғана ұстай алатын. Арманжан шамды қолына алып:
– Мен Шалқыған елін құтқарамын! Кеудемдегі үміт отымды ешкім сөндіре алмайды! Рақмет, Үміт Жұлдызы! – деді айқайлап.
Үміт Жұлдызы: -Сау бол, батыр, сендей достарына жанашыр, адал жандар көп болса, алынбайтын қамал жоқ,-деп қолын бұлғап қала берді.
Арманжан тұтқындағы милары уланған қаншама халықты босатып, оларға Үміт шамын бағыттағанда, адамдардың саналары тазара бастайды. Енді ондай уақытша байлыққа жоламайтындарын айтып, қараңғылықтан жарыққа, ашық аспаны мен байтақ даласы шалқыған елдеріне оралатындарына қуанып, мың күндік түнектен, бір күндік жарықтың қадір-қасиетін түсініп, істеген істеріне өкініп, Арманжанға алғыстарын айтып жатты.
Арманжан енді шамды елге алып келіп, оның жарығын тұманға бағыттады. Наркос пен оның тұманы бірте-бірте әлсіреді де, соңында мүлдем жойылды. Ел қайтадан жарыққа толып, адамдардың санасы мен тәні тазарып, бәз баяғыша шалқыған өмірлеріне оралып, мамыражай күндері жаңа парақтан қайта басталды. Содан бері Шалқыған елінің тұрғындары ешқашан үміттерін жоғалтпайтын болды. «Үміттің оты сөнбейді» деген қанатты сөз осыдан қалса керек. Ал Арманжан мәңгіге батыр атанды.
Қызылорда облысы
Қармақшы ауданы
Байқоңыр қаласы
№277мектеп-лицейінің
7-сынып оқушысы
Серикова Жанайым