Бүгінгі таңда өзекті мәселелердің бірі – ол, жастар арасындағы алыс-беріс, таныстық пен сыбайластықтың көптеп орын алуы болып отыр. Байлық пен мансапқа құмартып өсіп келе жатқан жастарымыз аз емес. Есірткінің дәмін татқан адам бұл дерттен құтыла алмай әуре болатынын білеміз. Міне сол сияқты сыбайластық пен жемқорлықтың жолына түскен адам мүлдем осы аурудың шырмауынан құтыла алмайды.
Сыбайлас жемқорлықтың түрлері өте көп. Адам баласы табиғатынан байлыққа, дүниеге құмар болады. Қай жерден пайда көрсем, кімді сазға отырғызсам, затымды қалай қымбатқа өткізсем қалай арбап, қалай алдасам екен деп шыж-пыж болады да жүреді. Бұлар тек қоғамда еленер-еленбес жағдайда орын алатын құбылыс. Ал, жас мемлекетімізге зор қатер төндіріп отырған нәубет – ол, мемлекеттік деңгейдегі сыбайлас жемқорлықтың түрлері.
Мысалға алар болсақ: Корпоративті сыбайлас жемқорлық – капиталдың елден шығарылуы, салық төлеуден жалтару, кәсіпкерлігін жүргізу үшін шенеуніктерге пара беру, үстемақы алу үшін монополиялық жағдайды пайдалану, келісім, сараптама мен сертификат алу үшін пара беру.
Саяси сыбайлас жемқорлық деген бар, ол – ақша алып, мемлекеттік сатып алудың бюджеттік қаржысын заңсыз бөлу, түрлі мемлекеттік қызметтердің орындалуын тездету үшін пара алу, түрлі заңбұзушылықтарды жасыру үшін ақша бопсалау, қаржының депозит не облигация ретінде қаржы ұйымдарына жіберілуі, инвесторларға заңсыз түрде қолайлы жағдай жасау. Одан әрі — Тұрмыстық сыбайлас жемқорлық – түрлі әлеуметтік жеңілдіктер мен қызмет үшін тұрғындардан пара алу, заңның бұзылуын жасыру, түрлі рұқсатнамалар алу. Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа жататын қылмыс: — қызмет орнын, өкілеттігін пайдалану; — билігін не қызмет өкілеттігін пайдалану; — лауазымды тұлғаның өкілеттігін пайдалану; — заңсыз түрде кәсіпкерлікпен айналысу; — заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі болу; — пара алу; — пара беру; — бопсалауда арада жүру; — қызмет орнында алдау; — қызмет орнындағы әрекетсіздік; — немқұрайлылық. Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасағандар үшін ескі мерзім болмайды, шартты түрде сотталуға тыйым салынған, өмір бойы мемлекеттік қызметпен айналысуға тыйым салынады. Жыл сайын мыңдаған адам (шенеуніктер де, азаматтар да) сыбайлас жемқорлықпен айналысқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Ең жоғары деңгейдегі шенеуніктер де, тіпті министрлер мен облыс әкімдері де сыбайлас жемқорлықпен айналысқаны үшін қамауға алынып, сотталады.
Егер сіз қандай да бір ұйым, мекемеде жемқорлық, бопсалаушылық, пара алу, пара беру және т.б. сыбайлас жемқорлық көрінісіне тап болсаңыз, бұл проблемаға немқұрайлы қарамаңыз. ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюросының орталығына хабарлассаңыз құба-құп болады. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, қай жерде болмасын, қандай мекемеде болмасын, ешкімнен тайсалмай әділдік үшін күресіңіз. Жеңесіз. Бір құмалақ бір қарын майды шірітетінін білесіз. Бұл елімізде әділдік жоқ дегенді білдірмейді. Ары таза, көкірегі ояу, өз ісіне берік заңгерлер аз емес. Қол ұшын беріп, көмек жасайтынына күмән келтірмеңіздер. Бүгінде сенімді телефондар бар, еш тартынбай алдыңыздан шыққан «пара – парасыз не шара» дейтін көзқалталы шенеуніктердің жемі болудан сақтаныңыз. Сыбайлас жемқорлыққа жәй қарауға болмайды. Болашағымызға қаяу түсіретін дерттің бірі осы.
Түркістан облысының кәмелетке
толмағандардың істері жөніндегі
мамандандырылған ауданаралық
соты қызметкері
Балтабаева Аида Ғабитқызы