– Нұртай Салихұлы, Парламент Мəжілісіндегі Экономикалық реформа жəне өңірлер комитетін басқарасыз. Аты айтып тұрғандай, еліміздің бүкіл өзекті мəселелеріне қатысты заң жобалары cіздер арқылы өтетін сияқты. Өткен жылда бірқатар маңызды құжаттар қабылданған болар?
– Жалпы Парламент Мəжілісінде 7 комитет бар. Негізінде олардың əрбірін жеке-дара бөліп алып, жұмысы ауқымды, маңызды заңдар осы комитеттен өтеді деп айту артықтау. Қаралатын барлық заңдар маңызды болғандықтан, қай комитеттің болмасын жұмысы күрделі, жауапты. Барлық комитеттерде заң шығару үрдісі қызу түрде жүріп жатыр. Десе де біздің комитетте ауылдан авиацияға дейінгі мəселені қамтитын заңдар қаралатынын айту айып болмас. Оның ішінде тұрғын үй, ғаламтор, жол-көлік, экономика, өңірлерді дамыту, жергілікті өзінөзі басқару секілді маңызды мəселелер бар. Осы бағытта заңдар жасалып немесе қолданыстағы құжаттарға өзгерістер енгізілетін болса, Мəжілістегі Экономикалық реформа жəне өңірлерді дамыту комитеті бас комитет болып есептеледі. Яғни, ұсыныстардың ең көбі бізге түседі. Өткен жылы еліміздің экономикасы мен əлеуметтік жағдайына қатысты өте маңызды заңдар қабылданды.
– Атап айтқанда…
– Мəселен, «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңды қабылдадық. Бұл құжат биыл 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді. Мұндай заң бұрын болған. Бірақ қоғам болғаннан кейін əртүрлі адами факторлар əсер етіп, сонымен қатар технология да дамып жатқандықтан, заңға өзгерістер қажет болды. Көп жағдайда мəселе заңға емес, оны орындайтын адамдарға байланысты туындайды. Сондықтан Президенттің тапсырмасына сəйкес «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң жобасы дайындалды. Заңның басты мақсаты – мемлекеттік сатып алуды сапалы өткізуге ықпал ететін тетіктердің тиімділігін арттыру. Бұл заң экономика үшін өте өзекті. Тіпті оны республикалық бюджеттен кейінгі маңызды құжат десек болады. Өйткені, осы «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң арқылы біз бюджеттің 7,5 трлн теңге қаражатын жұмсауды жүзеге асырады екенбіз. Құжатты ұзақ талқыладық. Соның нəтижесінде сапалы заң қабылданды деп батыл түрде айтуға болады.
Сөзіме дəлел ретінде кейбір нормаларына тоқталып өтейін. Мысалы, бұрын конкурстар 2 айда бір өтетін еді. Оны жаңа құжатта бір айға қысқарттық. Сонымен қатар, қолданыстағы құжаттағы бас мердігердің қосалқы мердігерді тартып алып, барлық жауапкершілікті соған артуына шектеу қойдық. Бұл заң бойынша обьект құрылысын ұтып алған бас мердігер құрылыстың 70 пайызын өзі жүргізіп, 30 пайызын ғана қосалқы мердігерге бере алады. Осы жерде бас мердігерге де, қосалқы мердігерге де қойылатын талапты бірдей қылдық. Егер ол талаптарды орындамайтын болса, онда мемлекеттік сатып алу шарты бұзылатын болады. Ең басты мəселе – мемлекеттік сатып алу дұрыс жүргізілмеді деп шағым түсіреді. Мұндай шағымды бұрын мемлекеттік ішкі аудит департаменті қарайтын. Ол мұны екі жарым ай қарайды. Уақыт көп кетіп қалады. Одан соң сотқа беру керек болады. Осы жерде ішкі мемлекеттік аудитке шағым түсіруді алып тастадық. Ұтылған компания ұйымдастырушыларға шағым түсіріп, ол бес күн ішінде толық жауап беретін болады. Соттың да қарайтын мерзімін қысқарттық. Бірінші соттың шешімін апеляциялық сотқа шағым түсіру арқылы қайта қарауға мүмкіндік болады, одан соң заңды күшіне енеді. Бұрын кассациялық соттан соң ғана шешім заңды күшіне енетін. Осы жағына басты назар аударылды. Сонымен қатар, дұрыс жұмыс істемейтіндер жосықсыз қатысушылар тізіміне енгізіліп, конкурсқа қатыстырылмайтын болады. Тағы бір жаңалық – жергілікті компанияларға басымдық берілмек. Бұл еңбек ресурсы жоқ, техникасы жоқ басқа өңірден келетіндердің құрылысты ұтып алып, көбіне аяқтамайтындығына орай қабылданған шешім. Ауылдық мекендер үшін жеңілдіктер қарастырдық. Енді ауыл əкімдері егер өздеріне қажетті тауарларды немесе жұмыстарды атқару керек болса, оларды бір көзден сатып ала алады. Нақтырақ айтқанда, 4 мың АЕК, яғни 16 млн теңгеге дейін конкурс жарияламай-ақ ауылға қажет жерді тазалау, жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін компаниялармен шартқа отыра алады. Бұрын бұл тек қана конкурстық негізде жүзеге асырылатын. Яғни, қар күреу қажет болса, Шығыс Қазақстанға жұмысты ұтып алған Оңтүстік Қазақстанның компаниялары келеді. Оларда көбіне техника, еңбек ресурсы болмайды. Ал жергілікті компания ұтылып қалады. Сондықтан осы мəселені реттедік.
– Халықты баспанамен қамтамасыз етуге қатысты да заң қабылданғанын білеміз. Бұл да бүгінде өзекті мəселе болып тұр. Аталмыш құжатта көптің мүддесі қаншалықты қамтылды?
– Иə, аймақтарда тұрғындармен кездескен кезде баспана өте жиі көтерілетін мəселе. Бүгінде Қазақстанда 650 мың адам тұрғын үй кезегінде тұр. Бұл мəселені шешу үшін қаражат керек. Тұрғын үй сапалы əрі арзан болу керек. Сондықтан да осы мəселені де заң арқылы шешуге тырыстық. Осы орайда алдымен əкімдерге сапалы салынған дайын үйлерді сатып алуға мүмкіндік бердік. Бұрын əкімдіктер ақша алып, тұрғын үйді өздері конкурс арқылы салғызып, одан соң қабылдап алып, халыққа беретін. Қазір нарықта жаңа тұрғын үй болса, жер үйлер болса қажеттілікке орай сапасына қарап сатып алып, халыққа беріп жатыр. Бұл жұмыс былтырғы жылдың 8 маусымынан басталды. Осының арқасында тұрғын үй кезегі жылдам жылжып, халық баспанаға қол жеткізіп жатыр.
– Бұл баспаналар сатып алу құқығымен беріле ме? Яғни, тұрғындар оларды жекешелендіре ала ма?
– Иə, сатып алу құқығымен беріледі. Осы жылдың 4 қаңтарында қолданысқа енгізілген «Тұрғын үй саясаты туралы» заңда жекешелендіруге қатысты нормалар бар. Олар бұрын сатып алу құқығынсыз, жалға берілген үйлерге қатысты. Мұндай пəтерлер саны 60 мың екен. Жаңа құжат бойынша сонда тұрып жатқан адамдар оларды толықтай жекешелендіру құқына ие болып отыр. Өздерінің апатты жағдайда болған үйлерінің орнына баспана алғандар да осындай құқыққа ие болды. Кезінде көптеген мемлекеттік емес ұйымдарда немесе бұқаралық ақпарат құралдарында, қоғамдық бірлестіктерде жұмыс істеген азаматтар үйді арендаға алғанын білеміз. Олар да баспаналарын жекешелендіре алмай жүр. Өйткені, мемлекеттік қызметте он жылдық өтілі қажет деген талап болды. Аталмыш заңда бұл кедергіні де алып тастап, кез келген салада тұрақты он жыл жұмыс өтілі бар азаматтың баспанасын жекешелендіре алатын мүмкіндік жасадық. Үкімет тегін жекешелендіруді алып тастау туралы ұсыныс енгізген болатын. Яғни, аталмыш заң жобасында азаматтардың 11 санатына тиесілі осы мүмкіндікті жоюды ұсынды. Біз бұл талапты қолдаған жоқпыз. Бұл санатқа жатпайтындар 30 пайыз алғашқы жарнасын төлеп, қалған 70 пайызын 10 жылда төлеуге мүмкіндік алып отыр. Мұны да өзгертіп, баспананың 10 пайызын төлеп, қалған 90 пайызын 15 жылда өтесін деген ұсыныс жасадық. Оны қазір ережеге енгізіп жатыр. Бірінші ақпанға дейін бұл норма қабылдану керек. Бұл халыққа үлкен қолдау. Өйткені, олар тұрып жатқан пəтерлерін бұрынғы бағамен сатып алады. Осының бəрі халықтың көп көтерген мəселесі. Өйт кені, көбі бір бөлмесін сатып, екі-үш бөлмелі пəтер немесе жер үй алғысы келеді. Енді осыған мүмкіндік туды.
– Тағы қандай мəселелер шешімін тапты?
– Тиімділік күтіп отырған заңдардың бірі «Қоғамдық бақылау туралы» заң. Бұл құжат аясында азаматтар коммерциялық емес ұйымдар, мемлекеттік кəсіпорындар, квазимемлекеттік ұйымдар субьектілеріне, бюджет есебінен қаржыландырылатын мекемелерге қоғамдық бақылау жасауға тартылады. Яғни, азаматтар дербес ұйымдарға бірігіп, мемлекет қаражатының тиімді жұмсалуын қадағалап, егер қандай да бір бұзушылық орын алса, құқық қорғау органдарына хабарлап, тиісті шараның қабылдануына ұсыныс жасай алады. Бұл заң жаңадан қабылданғандықтан, бірден толық жүзеге аспауы мүмкін. Бірақ алдағы уақытта осы құжат негізінде жергілікті жерде көп мəселені реттеуге болатыны анық. Сонымен қатар, соңғы жылдары ұлттық қорға байланысты көптеген мəселелер көтерілді. Қоғам тарапынан «Неге ұлттық қордан балалар қаражат алмайды?» деген сұрақ болды. Осыған орай Президент бірнеше тапсырма берді. Сол тапсырмаларды жүзеге асыру барысында біз заңдарға өзгерістер енгізіп, қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызы он сегіз жасқа дейінгі балаларға аударыла басталды. Аз болсын, көп болсын, ең бастысы бұл іс жүзеге асты. Халық осы шара арқылы Ұлттық қордағы қаражатты бақылауға мүмкіндік алды. Бүгінде қорға қанша ақша түсті, инвестициялық табысы қанша, қайда жұмсалуда деген сұрақтарға толық жауап алып отыр. Электронды сигареттер, вейптерді өндіруге тыйым салу мəселесі арнайы заңнама аясында шешілді. Ұрпақ денсаулығына зиян келтіретін бұл заттар Қазақстанда өндірілмейді, сырттан да əкелінбейді. Бұған қатысты əкімшілік жəне қылмыстық жауапкершілік күшейтілді.
– Тəуелсіздік алған уақыттан бері заң шығару қызметі қандай деңгейге жетті? Парламент кəсібилік тұрғыда өсті деп айта аласыз ба?
– Жалпы, Парламент – заң шығаруды жүзеге асыратын Қазақстандағы ең жоғарғы өкілді орган. Заңдар үкіметтен келіп түседі жəне депутаттардың өз бастамасымен əзірленеді. Депутаттар мүмкіндігінше заңдардың сапалы болуына күш салады. Сондықтан да заң жобалары кей кезде бір жарым, екі жылға дейін талқыланып кетеді. Көп ұсыныстар келеді. Сол ұсыныстардың əрбіреуіне жіті назар аударылады. Барлығын мүдделі мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктер, өңірлердегі атқарушы органдар өкілдерімен бірлесіп, жанжақты қарастырып, қабылдаймыз. Елдегі өзекті мəселелерді, қоғам тарапынан туындап жатқан сұрақтарды осы заңдар арқылы зерделеп, шешімін ұсынамыз. Шешіліп те, шешілмей жатқаны да бар. Кейбіреулері Парламентке де байланысты емес. Үкімет өзі қаулы шығарып, сол арқылы бірқатар мəселелерді реттеп жатыр. Парламент Мəжілісінің депутаттары 2007 жыл мен 2021 жыл аралығында тек партиялық тізіммен сайланған болатын. 2021 жылы өткен конституциялық реформаның арқасында Парламент Мəжілісіне партиялық тізіммен бірге бір мандатты округтардан сайланатын болды. Қазіргі кезде Парламент Мəжілісінде 98 депутат бар болса, оның 69-ы алты саяси ұйымнан партиялық тізіммен сайланған, 29-ы бір мандатты округ арқылы шыққан депутаттар. Міне, мұның өзі көп мəселені аңғартады. Өйткені, бір мандатты депутаттар міндетті түрде өз округтарына барып, халықпен кездеседі. Мен мысалы Абай облысынан сайланғандықтан, өңірге шыққанда тек осы аймаққа барып, əр ауылдағы, қаладағы халықпен ашық кездесу өткізіп, бəрінің мұң-мұқтажын тыңдауға міндеттімін жəне маған дауыс беріп, мені сайлаған халықтың сенімін ақтауым керек. Соған тырысып жұмыс істеуге тиіспін. Бұл сайлаушылар үшін өте тиімді. Олар өз мұң-мұқтажадарын белгілі бір депутатқа айтып, содан сұрай алады. Ал, партиялық тізіммен сайланғандарда мұндай халықпен етене жақын болу мүкіндігі туа бермейді. Олар бірнеше өңірлерде болатындықтан, көп жағдайда жекелеген аймақтардың мəселелерін жеткілікті зерделей алмайды. Өз басым осымен Парламент Мəжілісіне бесінші рет депутат болып сайландым. Депутаттық корпус құрамында 2021–2023 жылдар аралығында ғана болған жоқ екенмін. Соңғы рет Абай облысының халқы мені қолдап, бір мандатты округтен депутат болып сайландым. Жалпы, сайлауға 8 рет қатыстым. Алғаш 32 жасымда Жоғарғы Кеңестің депутаттығына түстім. Оған өте алмадым. Одан соң Мəжіліске түсіп, тағы жолым болмады. Сайлауға тек төртінші рет қатысқанда ғана, тек 2004 жылы алғаш рет бір мандатты округтен депутаттыққа өттім. Шығыс Қазақстан облысы Аягөз, Үржар, Жарма ауданының халқы сайлады. Жалпы депутаттық стажыма 18 жыл болады. Халық əкімдердің, үкіметтің құзыретіндегі мəселелерді депутаттарға айтады. Аймақтардағы көп мəселелер, мысалы ауылдың ішіне жол салу, қаланы абаттандыру, олардың инфрақұрылымын жасау жұмыстарын жергілікті бюджеттен қарастырып, əкімдер іске асыру керек. Ал енді біз өңірлерде кездесу болғанда жұртшылық көтерген мəселелерді тыңдап, оларды өз жұмысымыздың барысында заңға енгізіп, сонымен қатар үкіметке жіберу немесе атқарушы органмен бірге жұмыс істеу арқылы шешуге атсалысамыз. Депутаттардың негізгі жұмысы – осы.
– Партиялық тізіммен де сайландыңыз. Қайсысы тиімді?
– Анау артық, мынау тиімді деп айтуға болмас, дегенмен де жаңа айтып кеткенімдей бір мандатты округқа байланған адам, өз округына қайта-қайта бара беретін болса, азаматтардың белгілі бір депутатпен жиі кездесіп, шағымдарды тек соған ғана жазу мүмкіндігі пайда болады. Мысалы, партиялық тізіммен сайланған депутаттар бір күні бір өңірде, келесі күні басқа аймақта болатындықтан, олармен қоян-қолтық байланыс жасау қиындау. Десе де, ең бастысы, бір мандатпен сайланса да, партиялық тізіммен сайланса да депутаттар заңның қаралуында белсенділік көрсетуі керек. Депутаттық сауалдарымыз бар үкіметке жолдайтын. Хаттарымыз бар, кей мəселені көтеретін. Көп жағдайда депутаттық сауалдар мен көтерген мəселелер шешімін табу үшін атқарушы органмен бірігіп жұмыс істейміз. Одан кейін оны қаралып жатқан заңдарымызға енгізіп, сол арқылы шешуге тырысамыз. Бəрін депутаттар шешіп тастайды деп айтуға да болмайды. Өйткені қоғам, мемлекет болғаннан кейін мəселелер күнделікті туындап тұрады ғой. Ең бастысы халықтың хаттарына уақытында жауап беріп жəне бұл мəселелермен жүйелі айналысу керек.
– Депутаттар соңғы кезде заңдарға жиі бастамашылық ететін болды. Үкімет тарапынан бұл үрдіске қарсылық та байқалатындай. Əлде біз қателесеміз бе?
– Қарсылық емес, ол депутаттар бастамашылығымен жасалатын бизнеске, кəсіпкерлік мəселелері қамтылатын заң жобаларының реттеушілік əсеріне талдау жасауға қатысты ұсыныс болды. Егер үкімет кəсіпкерлерге байланысты заңды қатайту шаралары бойынша заң əзірлейтін болса, міндетті түрде олардың реттеушілік əсеріне талдау жүргізіледі. Ал депутаттар тарапынан ұсыныс болса, оған мұндай шара қолданылмайды. Осыған байланысты депутаттар бастамасына реттеушілік əсер талдауын жүргізу ұсынылды. Көп мəселе кəсіпкерлік субьектілерінсіз талқыланып жатыр деген əңгімелер айтылды. Бірақ бұл тереңдеп қарағанда шындыққа сай келмейді. Өйткені біз заң жобасын жұмысқа алып, талқылауды бастаған кезде арнайы жұмыс тобы құрылады. Мысалы мен басқаратын комитет бас комитет болса, төраға ретінде жұмыс тобын құру туралы қаулы қабылдаймын. Оған мемлекеттік органдар, ведомстволар, өңірдегі атқарушы органдар, «Атамекен» кəсіпкерлік палатасының өкілдері, сонымен қатар сарапшылар, мамандар, қоғамдық бірлестіктердің мүшелері, қауымдастық өкілдері кіргізіледі. Мысалы «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң бойынша құрылған жұмыс тобына 200-ге жуық азамат қатысты. Үлкен талқылау болды. «Тұрғын үй қатынастары туралы» заң талқыланған кезде көп балалы аналардың бірлестіктері өкілдерінің ұсыныстарын айтуына мүмкіндік бердік. Соның арқасында көптің көкейіндегі мəселелер шешімін тапты. Шалғай жəне шекаралық аудандарға дейін барып, кездесу өткізіп, заңдардың барынша сапалы болуына күш салып жатырмыз. Сондықтан депутаттар бастамасымен дайындалатын заңдардың реттеу əсеріне талдау жасау қажет емес деп ойлаймын.
– Жалпы, алдағы уақытта қандай заңдар қабылданбақ?
– Біз бүгін де Парламент Мəжілісінде Құрылыс кодексін қарап жатырмыз. Қолданыстағы құрылыс туралы заңды кодекске ауыстырып, оның реттеуші əсерін, қамтитын ауқымын барынша арттырмақпыз. Нақтырақ айтқанда, осы құжат арқылы елімізде жүргізіліп жатқан құрылыстардың сапасын қамтамасыз етпекпіз. Қазір қарап отырсақ, қандай құрылыс салынса да, оған берілетін кепілдік екі-ақ жыл екен. Екі жылдан кейін оған ешкім жауап бермейді. Біз осы мерзімді 5-тен 7 жылға дейін көбейтуді ұсынып жатырмыз. Екіншіден, бүкіл құрылыс салатын компанияларда кімнің лицензиясы бар, ол қандай лицензия алды, соның бəрін бір ақпараттық жүйеге енгізудеміз. Бұл мəселелер өте өзекті. Қазір сапасыз құрылыс үшін ешкім өз мойнына жауапкершілік алмайды. Сондықтан осы заң негізінде жауапкершілік те қатайтылады. Ең өзекті мəселенің бірі – сіздер мен біздердің, яғни, «Тұтынушылар құқын қорғау туралы» заң жан-жақты талқыланып жатыр. Құжаттың басты мақсаты – тұтынушылар құқына тиісті қолдау көрсету. Бұл үшін мемлекет тарапынан омбудсмен тағайындалады. Үкімет басшысы бұл талапты қолдады. Ол омбудсменді тағайындап, бұл институттың жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар ғаламтор арқылы тауар сатушыларды да міндеттеп жатырмыз. Енді олар сізбен электронды шарт жасасады, соның негізінде тауар сапасыз болса, оны 14 күн ішінде не қайтарады, не ауыстырып береді.
– Парламентке қосымша құзырет керек емес пе?
– Конституциялық реформа аясында Парламентке жақсы құзыреттер берілді. Соның бірі əрі маңыздысы – Жоғарғы аудиторлық палата есебін жылына екі рет қарау. Жуырда көлік саласы, темір жол бойынша есеп берілді. Соның арқасында өз ұсынысымызды қосып, заңдарға өзгеріс енгізуге мүмкіндік алдық. Екінішіден, біз жақында бюджет кодексін қабылдадық. Енді квазимемлекеттік секторлар жайлы есеп тыңдамақпыз. Бұл құзыретті дұрыс пайдалана алсақ, тиімді нəтиже болады деп ойлаймын. Өкінішке қарай, кейбір министрліктер ереже шығарады. Үкімет бірқатар қаулыға қол қойып жатады. Солардың кейбірі халықтың наразылығын тудырады. Мысалы, сағат ауыстыруға байланыс ты үкімет шешімі шықты. Ол жөнінде төрт өңірде ғана кездесу болған. Арнайы құрылған жұмыс тобында бір де бір депутат жоқ. Қазір көп өңір тұрғындары оған наразы болып жатыр. Бізге 11 мың тұрғыннан осындай сипаттағы хат келді. Бұл мəселені біз екі рет қарадық. Бүгінде оның шешімі жайлы жауап күтіп отырмыз. Жалпы, менің ойымша бұрынғы уақыт белдеуі қайтарылуы керек. Негізі осындай шешімді үкімет халықпен бірге талқылау керек. Тек белсенді адамдар айтты екен деп бірден қабылдай салуға болмайды. Жалпы, депутат болайық, министр болайық халыққа жақын болуымыз керек қой. Егер елге жақын болып, олардың дауысына құлақ салатын болсақ, қаншама мəселелерді зерделеп, оңынан шешу жолын таба аламыз.
– Уақыт тауып, пікірлескеніңізге рақмет.
Сұхбаттасқан Айша ҚҰРМАНҒАЛИ, «Заң газеті»