Дана халқымыз әрқашан неке қию рәсіміне жоғары деңгейде көңіл бөлген. Оның себебі де жоқ емес. Отбасын құрудың негізі – ол, неке. Мұның заңмен бекітілуі де жәйдан-жай емес. Заңда белгіленген тәртіппен тараптардың ерікті және толық келісімі жағдайында жасалған еркек пен әйелдің арасындағы тең құқықтық одақты – неке деп атайтынымыз да содан. Кейінгі кездері көптеп кездесетін бір жәйт – ол, азаматтық неке. Бұл жағдайда неке тіркелмесе де, бірақ еркек пен әйел бірге тұрып, балаларын тәрбиелеумен айналысып жатса, мұны да отбасы деп айтуға болады. Егер кәмелетке толған балалары ата-анасымен бірге тұрып, оларға қамқорлық жасап, материалдық көмек көрсетсе – бұл да отбасы. Кәмелетке толған ағалары мен қарындастары ата-анасыз бірге тұрып, бір-біріне қамқорлық жасайтын болса – бұл да отбасы. Адамдар арасында некеден, туыстықтан, бала асырап алудан, отбасына тәрбиелеу үшін бала алудан туындайтын қатынастар- отбасылық қатынастар деп аталады. Бірақ отбасындағы қатынастардың бәрі бірдей құқық жөнімен реттеле бермейді. Отбасындағы қатынастар, негізінен, адамгершілік, ізгілік, өнегелік нормалары негізінде реттеледі. Бұл өзара құрмет, сүйіспеншілік, қамқорлық және имандылық қолдаудың көрінісі. Отбасылық өмір қалыбы, көбінесе ұлттық дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарға сүйенетінін жақсы білеміз.
Өз құқығын білетін, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар көп. Ақпарат көздерінің дамығаны соншалық, бүгінде ешкім заң білуден кенде емес. Ненің әсері екеніне толық көз жеткізіп, кесіп айту қиын. Десек те қаншама отбасының ойраны шығып, неке бұзылып, балалар әбігерге түсіп жатқанын көзбен көріп жүргеніміз ақиқат.
Былтыр қыркүйек айынан бастап некені бұзу, алимент өндіру, жас балалары бар ерлі-зайыптылардың дүние мүлікті бөлісу туралы талап қоюларымен сотқа берілетін істер санаттары кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттардың соттылығына өткен кезден бастап істер саны едәуір көбейді. Өйткені Түркістан облысында 2 миллион 100 мыңнан астам тұрғын бар.
Статистикаға сүйеніп айтар болсақ, егер 2023 жылдың соңына дейін 572 неке бұзу ісі түскен болса, биыл он бір айда 1552 іс түсіп, қаралуда.Әр істің артында кемінде үш адам тұрады. қаймағы бұзылмаған киелі өңірде, баршаға аян, отбасылар көпбалалы болады.Сондықтан судьяларға жүкетлетін міндет зор.
Бұл орайда судьяларға қлйылған ең басты мақсат – ол отбасыны сақтау, әр бір жас шаңырақтың шайқалмауына еңбек ету деп түсінеміз біз.
Махаббат — ұлы сезіммен басталып, кішкентай ғана ұрыспен аяқталатыны баршаға аян. Әр отбасының өзіндік сыры бар. Кейде оларды тұз-дәмі жараспады, мінездері сәйкес келмеді деп жатамыз. Қалай айтқанда да бұл бір отбасы үшін үлкен қасірет екенін білеміз.
Ерлі-зайыптылардың көзі тірі кезінде неке олар ажырасса ғана тоқтатылады. Ажырасу арқылы некенің тоқтатылуы АХАТ органдары немесе сотта заңда белгіленген тәртіп бойынша іске асырылуы мүмкін. Некені бұзу АХАТ органдарында ерлі-зайыптылардың біріккен және жекелеген ерекше жағдайларында жұбайлардың біреуінің өтініші бойынша жүргізіледі. Ал сотта некені бұзу ерлі-зайыптылардың екеуінің бірлескен, сондай-ақ жұбайлардың біреуінің өтініші бойынша жүргізіле береді. Некені бұзу үшін мынадай үш шарттың болуы қажет: АХАТ органдарында ерлі-зайыптылардың некені бұзу жөніндегі өзара келісімі; кәмелетке толмаған балаларының болмауы; бір-біріне мүліктік және өзге де талаптарының болмауы.
Некені бұзу АХАТ органдарында мемлекеттік тіркеуден өтуді қажет етеді. Тіркеу некені бұзу жөніндегі өтініш берілген күннен бастап бір ай өткенде жүзеге асырылады. Бір ай мерзім ерлі-зайыптыларға қабылдаған шешім туралы тағы да әбден ойланып-толғану үшін беріледі. Некені тіркеу үшін берілетін мерзімнен айырмашылығы — некені бұзған кезде оның мерзімі ұзартылып не қысқартымайды. Ерлі-зайыптылардың өзара келісімі бойынша некені АХАТ органдарында бұзумен қатар, заң жұбайлардың біреуінің өтініші бойынша некені бұзудың қарабайыр оңайлатылған тәртібін де белгілейді. Татуластыру — мақсат емес, отбасын сақтаудың амалы ғана. Сондықтан да бұл міндетті орындау мүмкін болмаса және балаларды не жұбайларды қорғау мүдделеріне қайшы келетін болса, онда сот некені бұзады.
Егер айырылысатын ерлі-зайыптылардың кәмелетке толмаған балалары болып және жұбайлар ол балалардың кіммен қалатындығы жөнінде келіспеген жағдайда, бұл мәселені сот шешеді. Сот балалардың ата-анасының біреуімен қалатындығы жөнінде не баланың ата-анасының әрқайсысымен қалатындығы жөнінде (егер екі бала не одан көп болса) шешім шығара алады. Соның өзінде сот кәмелетке толмаған балалардың мүдделерін ғана еске алу керек. Сондай-ақ балалардың мүдделерін және болашақ ананың денсаулығын қорғау мақсатында заңның 15-бабында мынадай қағида көзделген: «Әйелдің жүкті кезінде және нәрестенің бір жасқа толмаған кезінде әйелдің келісімінсіз некені бұзуға болмайды». Айырылысатын жұбайлар ортақ мүліктерді бөлісу жөніндегі мәселені кейбір жағдайларда өздері дербес шешеді. Бірақ ерлі-зайыптылар келісімге келмеген жағдайда мүліктерді бөлуді сот іске асырады және әдетте, оларды тең бөледі. Егерде некелік шартта мүліктерді бөлісу мәселесі қарастырылған болса, онда сот мүлікті екі жақтың не бір жағының талабы бойынша осы келісімшартқа сәйкес бөледі.
Неке, бір отбасының кішкене ғана одағы. Қай-қайсымыз болсақ та шаңырақтың шайқалмауын қалаймыз. Жарасымды жан-ұя бұзылмаса, жас балалар жыламаса дейміз. Жеті өлшеп бір кес демей ме халық. Халық айтса қалып айтпайтынын ескере жүрейік құрметті оқырман.
Сәкен Бәкірұлы Абсаматов, Түркістан облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы