Бүгінде сот жұмысының сапасын арттыру мемлекеттің басты міндеттерінің бірі екені белгілі. Дауларды шешудің баламалы тәсілдерін енгізу, сот актілерін түсіндіру, сот отырыстарын дыбыс-бейнетаспаға жазу бойынша қолға алынған шаралар сот жұмысына деген наразылықты бір шама төмендеткен.
Жоғарғы Сот бұл нәтижемен тоқтап қалмай, төрелікке деген сенімді қалыптастыруға түрткі болатын тетіктерді жан-жақты қарастыруда. Мәселен, келер жылы елімізде кассациялық сот құрылады. Кассациялық соттарды құру мәселесі сот саласының ортасында ғана емес, қоғамда талқылған. Бастама Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың кассациялық соты жасақтау жөніндегі тапсырмасынан соң жүзеге асырылды.
Өз кезегінде тәуелсіз кассациялық сот құру сот төрелігінің сапасын және азаматтардың жалпы соттарға деген сенім деңгейін арттыруға ықпал етеді. Сондай-ақ кассациялық соты тәжірибеге енгізу сотқа кететін қаржыға нұқсан келтірмей, азаматтардың ұсыныс-талабын ескере отырып шешім шығаруға жол ашады.
Осы орайда кассациялық соттың мәртебесі және маңыздылығы туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың қыркүйек айында отандық бизнес өкілдерімен өткен кездесуде айтып, азаматтардың құқықтарын сапалы қорғауды қамтамасыз ету үшін жекелеген кассациялық соттар құрудың ерекшеліктерін атап өтті. Сондай-ақ әкімшілік әділет институтының қолданыс аясын барынша кеңейтуге басымдық берілетінін, қылмыстық және азаматтық істердің небәрі 5 пайызы ғана кассацияға жолданатынын, мұның өте аз әрі азаматтардың сұранысына сәйкес келмейтінін жеткізіп, өз алдына бөлек кассациялық соттар құру мәселесі қоғам қажеттілігі туралы пікір білдірген еді.
Кассациялық сот құрудың тиімділігі неде?
Кассациялық сот — бірінші және екінші сатылы соттар шығарған сот шешімдерін қадағалайтын және түзететін сот жүйесінің құрылымдық бөлімі. Істерді кассациялық сатыдағы сотта қарау белгілі бір негіздер бойынша ғана мүмкін болады.
Кассациялық соттың негізгі міндеті- сот шешімдерін қабылдау кезінде заңдардың дұрыс қолданылуы мен түсіндірілуінің сақталуын қамтамасыз ету.
Кассациялық сот құқықтық жүйенің дамуына ықпал етеді. Соған сәйкес, елімізде тәуелсіз кассациялық сот құру сот төрелігінің сапасын және азаматтардың жалпы соттарға деген сенім деңгейін арттырады. Сондай-ақ кассациялық сотты тәжірибеге енгізу сотқа кететін қаржыға нұқсан келтірмей, азаматтардың ұсыныс-талабын ескере отырып шешім шығаруға жол ашады.
Алдағы уақытта Астана қаласында құрылатын азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істер бойынша үш жеке кассациялық сот толық дербес қызмет атқарады.
Сонымен бірге істердің барлық санаттары бойынша арыздарды кассациялық сатыда алдын ала қарау сатысы алынып тасталуы да басты мәселе. Себебі бүгінге дейін істерді бір судьяның қарап, алқа қарауына жіберу мәселесі соның пайымдауымен шешіліп келгені белгілі. Бұл азаматтар мен кәсіпкерлердің ренішін туындатты. Бұл мәселе оңынан шешімін тапқан сияқты. Сондай-ақ, адвокаттар қауымы барлық санаттағы істерді қарауға тараптар міндетті түрде қатысуы керек, әрі істі алқалы құрам жүргізуі тиіс деген ұсыныстары да жүзеге асырылды.
Кассациялық соттардың құрылуымен Жоғарғы Соттың рөлі де өзгереді. Ұсынылып отырған жаңа тетік Жоғарғы Сот төрағасының ұсыным енгізу институтын ауыртпалықсыз жоюға мүмкіндік береді. Өзгерістер 2025 жылдың 1 шілдесінен бастап енгізіледі деп жоспарлануда.
Астана қаласында азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істер бойынша үш жеке кассациялық сот инстанциясы құрылады. Ең бастысы, бұл кассациялық орган толық тәуелсіз болады.
Түркістан облысының мамандандырылған әкімшілік соты