Гүлнұр Рашева, философия (PhD) докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті заң факультеті кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасы меңгерушісінің ғылыми-инновациялық қызмет және халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары: Ұлттық ғылым академиясына жаңа статус бергені ғылым саласының дамуына жаңа серпін бермек

— Ғылымға деген қызығушылығыңыз қалай оянды? Сіздің жолыңыз білім-ғылым саласы екенін қалай түсіндіңіз?

— -Ғылымға деген қызығушылығым студент кезден басталды. Сонымен қатар, бұл жолға түсуіме әкемнің аманаты себеп болды деп айтсам да болады. Әкем бала күнімнен өзінің ғалым-ұстаздарының өнегесін бойыма сіңіріп, ғалым деген ізгі ұғым екенін түсіндірумен болды. Содан 2011 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетінің магистратурасына түсіп, 2013 жылы заң ғылымдарының магистрі дәрежесін алдым. 2017-2020 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетінің Кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасында докторантурада оқыдым. 2021 жылы «6D030100-Құқықтану» мамандығы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесіне іздену үшін «Фитосанитариялық қауіпсіздікті құқықтық қамтамасыз ету мәселелері (Ұлттық және халықаралық тәжірибе)» тақырыбында докторлық диссертациясын заң ғылымдарының кандидаты, доцент Гүлнар Айгаринованың жетекшілігімен қорғадым. Осылайша философия (PhD) докторы дәрежесін иелендім. Ғылыми бағытта қызығушылық танытқан тақырыбым қоршаған ортаны құқықтық қорғау, фитосанитариялық қауіпсіздік, су қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау саласындағы халықаралық құқықтық ынтымақтастықтың жалпы мәселелерінен қамтиды. 1 монографияның, 1 оқу құралының, Scopus базасында жарияланған 2 ғылыми мақаланың, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынған журналдарда жарияланған ғылыми мақалалардың авторы болып табыламын. Сондай-ақ, Лейден университеті, Роуль Валленберг институты және Стамбул университеті ұйымдастырған «Босфорлық құқық» атты адам құқықтары мәселелері жөніндегі VI Халықаралық жазғы мектебінің қатысушысымын. 2018жылы Стамбул университетінде ғылыми тағыламдамаен өттім. Ғылым жолында С.Сартаев, Ғ. Баймурзин, Л.Қ Еркінбаева, А.Е Жатканбаева, Г.А Куаналиева, Г.Т Айгаринова, Б.У Сман, Д.Л.Байдельдинов және тағы басқа көптеген ұлы ұстаздардан білім, өнеге, тәрбие алдым. Осы жолда білгенін үйретуден жалықпаған ғылыми жетекшім Айгаринова Гулнар Тулеухадировнаның орыны ерекше. Бүгінгі күнге дейін жетекшіммен қоршаған ортаны құқықтық қорғау саласындағы ғылыми мәселелерді талқылап, ғылыми ізденістер жолында бірлесіп жұмыс жасаудамыз.

— ХХІ ғасыр білім мен ғылымның ғасыры деп айтып жатамыз. Бүгінде өзектілігі артып отырған саланың елімізде ашық моделін қалыптастыра алып отырмыз ба?

— Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ғылымды дамытудың бірқатар кешенді жобалары әзірлене бастады. 2024 жылғы 1 шілдедегі «Ғылым және технологиялық саясат туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Заңның маңызды бір жаңалығы – Қазақстан Ұлттық ғылым академиясына арнайы статус берілуі. Бұрын академия қоғамдық ұйым ретінде жұмыс істеген болса, енді ол ғылым саласындағы стратегиялық шешімдер қабылдауға, ұлттық ғылыми саясатты анықтауға тікелей қатысады. Ұлттық ғылым академиясына жаңа статус бергені ғылым саласының дамуына жаңа серпін бермек. Академияның мәртебесінің көтерілуі ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүйелі түрде мемлекет тарапынан қаржылай қолдауға,  ғылыми жобалармен айналысатын ғылыми кадрларды  мен жас зерттеушілерді ынталандыруға ықпал етеді деп ойлаймыз.

— Ол бағытта қандай кешенді шараларды жүзеге асып жатырмыз?

Қазақстанда ғылымның ашық моделін қалыптастыру мақсатында көптеген жүйелі және кешенді шаралар қабылдануда. Мысалы ғылыми зерттеулердің нәтижелерін баршаға қолжетімді ету мақсатында  Ұлттық ғылыми портал мен бірнеше платформалар қызмет жасауда. Бұл цифрлық құралдарда ғылыми қаржыландырылған зерттеу жобаларының нәтижелеімен танысуға болады.

— Ғылыми зерттеулер мен ғылыми әзірлемелердің нәтижелілігін қандай өлшеммен бағалау керек?

— Қазір ғылыми зерттеулердің нәтижиелігі халықаралық импакт факторы жоғары журналдарда және Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті ұсынған журналдарда жарияланған мақалалармен, ғалымның Хирша индексімен, патенттер санымен, коммерциаландыру нәтижелерімен  өлшенеді. Менің ойымша, біздің ғалымдарымыздың халықаралық деңгейде танылуы өте дұрыс. Ғылымның тұрақты дамуы үшін ғалымдарымыз тек мақалалар жариялап қана қоймай, зерттеулерінің сапасына да баса назар аударуы керек. Бұл үшін шетелдік жетекші ғылыми мекемелермен бірлескен зерттеулер жүргізуді одан ары дамытуымыз қажет.

— Қазіргі таңда ғылымға ақшасына, қиындығына қарамай, қызығушылық танытатын жастар бар ма? Ғылымға қадам басқан жастардың бойында қандай қасиет болу керек деп ойлайсыз?

— Магистратураға түскен кезімізде ұстазымыз, заң ғылымдарының кандидаты Ғалирашид Идрисович Баймурзин К.Маркстың: «Ғылымда кең бағаналы жол жоқ, шаршаудан қорықпай, оның жартасты жолдарымен өрмелеген адам ғана оның жарқыраған шыңдарына жете алады», — деген сөзін қызыл қаламсаппен, дәптеріміздің бірінші бетіне жазғызып қойған болатын. Осы сөз маған бағдар болды. Содан бері осы жолдың қиыншылықтарына шыдауға тырысып келеміз. Сапалы әрі терең білім арқылы ғана ғылымға жол табуға болады деп ойлаймын. Айта кету керек, қазір ғылымға келіп жатқан жастар саны аз. Бұл орайда, мемлекет тарапынан көптеген қаржылай қолдаулар қажет деп ойлаймын.

— Сіздің ойыңызша, мемлекет ғылым мен жас ғалымдарды қолдау үшін тағы қандай қадамдар жасауы керек?

Жастарға ынталандыру үшін жалақыларын көтеру керек. Ол жастардың да отбасылары бар. Тұрғын үймен қамтамасыз етуде «Жас ғалым»  тұрғын үй бағдарламасының шарттарын жеңілдету қажет. Осы бағдарлама аясында арнайы тұрғын үй кешендері салынса, бұл ғалымдарға және ғылыми қызметкерлерге арналған тұрғын үйлердің қолжетімділігін арттырады деп ойлаймын.

— Ғылымды дамытудың жаңа жолы қандай? Қазіргі таңда қандай жұмыстармен шұғылданып жатырсыз?

— 2017-2020 жылдарға арналған ҚР БҒМ қаржыландырылған  «Қазақстанның трансшекаралық су ағындары елдің су қауіпсіздігін анықтайтын элемент ретінде» тақырыбындағы зерттеу тобының мүшесі болдым, қазіргі кезде Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитетімен қаржыландырылған «Цифрлық трансформация жағдайындағы қазақстандық қоғам: перспективалар мен тәуекелдер» тақырыбындағы зерттеудің орындаушысымын. Цифрландыру жағдайында мемлекет пен құқықтық институттардың өзара әрекеттесуінің құқықтық реттелуін, оның ішінде қазіргі қолданыстағы заңнаманы және құқық қолдану практикасын талдау тұрғысынан мемлекеттік органдардың цифрлық құқық нормаларын қолданудағы қызметін зерттеп жатырмын.

Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Ақбота Ерболқызы

Мемлекеттік қызметкердің әдеп және мінез-құлық нормалары

Қоғамның мемлекетке деген сенімі көбінесе мемлекеттік қызметкерлердің кәсіби біліктілігіне...

Сот жүйесіндегі жасанды интеллекттің рөлі

Қазіргі уақытта ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуы мемлекеттік басқарудың барлық...

Сотқа шақыру қағаздарын жіберу тәртібі

Сотқа шақыру қағазы — соттың тараптарды (талапкер, жауапкер, куә,...

АБАЙ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ҒЫЛЫМИ ЖОБАЛАРЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ САММИТ КӨРМЕСІНЕ ҚОЙЫЛДЫ

Бүгін Астана қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Өңірлік...

АПОСТИЛЬ – ҚҰЖАТТАРДЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДЕҢГЕЙДЕ ТАНУДЫҢ ТИІМДІ ҚҰРАЛЫ

Қазіргі жаһандану дәуірінде азаматтардың шетелде білім алуы, жұмыс істеуі,...