Әдина Жүсіпова балалар шығармашылығында, оның ішінде ертегі жазуда өзіндік қолтаңбасы бар автор. Оның ертегілерінен балалардың өздеріне үлгі етер, өмірлік сабақ алар тұстары жетерлік. Ертегілері жеңіл, балаларға нанымды жазылады. Бірнеше рет жүлделі орындарға ие болған ертегілеріне сұраныс та жоғары. «Ертегілер елінде» журналының редакторы қызметін атқаратын Әдина Жүсіпова балаларға арнап жазылатын ертегілердің сапасын жоғарылату мен санын көбейтуге бар күш жігерін жұмсап жүрген авторлардың бірі. Бұл жолы автордың 2 бірдей ертегісін ұсынып отырмыз.
БАҚЫТСЫЗ БАЙ
Ертеде жалғыз басты бір бай өмір сүрді. Оның туысқаны да, баласы да жинаған мал мүлкі мен ақшасы еді. Соларды баладай мәпелеп күтетін. Бір күні ол жалшысының көңілді күлкісін естіп оның үйін айналшықтап тың тыңдады. Бірақ мардымды ештеңе ести алмады. Ол ертесіне жалшыны түннің ортасына дейін босатпай әбден жұмысқа салды. Бірақ кешегі күлкі тағы қайталанды. Дегбірі қашып шыдамсызданған бай енді «мынау менің қазынамнан ұрлап жүр, сол үшін үйіне барып мәз болып жатыр» деген жаман ойға кетті. Ол жалшысының есігін бір теуіп кіріп барды. Сөйтсе жалшысы екі баласын арқасына мінгізіп алып, өзі ат болып ойнап жүр екен.
– Ақымақ, бүгін қиралаңдап дұрыс жұмыс істемедің! Түнімен мына мұрынбоқтарыңды ойнатамын деп шаршайды екенсің ғой! – деп ақырды.
– Қожайын, осы екі балапанымды көргенде шаршау, уайым дегенді ұмытып, тыңайып, сергіп қалам, – деп байыпты қалпынан жазбай жауап берді малайы.
– Нағыз ақымақ екен! – деп үйден атып шыққан бай енді «мен кеш кіріп қалдым ба екен, ол ұрлаған ақшасын тығып үлгерді де, маған сыр бермей отыр сұмпайы» деп күдігінен арыла алмай-ақ қойды.
Екінші күні жалшы таң атқанша жұмыс жасады. Бірақ ол еш реніш білдірмей үйіне қайтты. Бай соңынан бұқпантайлап барып тағы тың тыңдады. Құлағына шықырлаған ақша мен сылдырлаған күміс теңгені жалшысы санап жатқандай естіліп кетті. Ол тағы да есікті бір теуіп кіріп барды. Екі баласын екі жағына алып қаннен қаперсіз рахаттанып ұйықтап жатқан жалшысын көргенде не істерін білмей қалды. Үн-түнсіз білдіртпей үйден шығып кетті. Сонда да күдігі сейілер емес.
Ертесіне жалшысының көңілді, сергек қалпы байға өзін мазақ қылып тұрғандай көрініп кетті. Бай ақыры:
– Менің қазынамнан біраз қаражат жоғалды. Соны сенен басқа ешкім алған жоқ. Себебі сен үнемі көңілді жүресің, тыққан ақшаң болған соң көңілің тоқ боп жүр, – деді.
Сонда жалшысы:
– Қожайын, жағдайың сорлы құлдан да жаман-ау. Күнде кешке үйімді торауылдайсың. Менің байлығым екі балам мен жан жарым және денсаулығым мен қара күшім. Құланиектеніп таң атқаннан кеш батқанша тәңірімнен осы байлығымнан айыра көрме деп тілеймін. Сондықтан мен бақыттымын, көңілдімін, – деп жауап берді.
Не дерін білмеген бай үн-түнсіз қалды. «Япырмай, шынында да мына қара құл бақытты. Мен сияқты қызғанатын байлығы да жоқ. Байлық маған бақытсыздық үшін біткен бе? Басым ауырып кетті».
Осы күні жалшы үйіне ерте қайтты. Оның сыртынан қарап тұрған бай алдынан жүгіріп шыққан екі баласына қызыға қарап қалды…
ДӘН
Көктем келді. Барлық тіршілік оянды. Құмырсқалар да жан-жаққа азық іздеп кетіп жатты. Бір Құмырсқа үй маңынан үлкен дән тауып алды. Қуанып дәу дәнді арқасына жеп-жеңіл артып ап ұясына қарай асықты. Бірақ дән ұя аузына сыймады. Жұмысшы Құмырсқаның әуреленіп жатқанын көрген қарт Құмырсқа:
– Ұяның аузын үлкейту керек, – деді.
– Онда дәнді жерге көме тұрайық, әйтпесе Торғай алып кетеді, – деді тапқан Құмырсқа.
Әп сәтте-ақ екеуі дәнді көміп тастады. Сол сәтте жаңбыр жауып кетті. Құмырсқалар ұяға жүгірді. Көктемгі жаңбыр бірнеше күннен кейін толастады. Күн ашылғанда Құмырсқалар тағы да жан-жаққа азық іздеп кете бастады. Екі Құмырсқа дәу дәнді көмген жерге келсе, ол жерден дәу екі жапырақтың шығып тұрғанын көрді. Жапырақтың бірі ұяға көлеңке түсіріп тұр екен. Қарт Құмырсқа:
– Мына жапырақ ұямызды жаңбырдан, әрі күннің ыстығынан қорғайды. Өсе берсін, біз тиіспейік, – деді.
Көп ұзамай екі жапырақтың қақ ортасынан бұлардан да дәу жапырақ өсіп шықты. Барлық Құмырсқа оған таңдана қарады. Көп ұзамай оның үстіне тағы бірі шықты. Күннен күнге бұтақ іріленіп, жапырағы көбейіп, ұзарып өсе берді. Ақыр соңында бұтақ басына табақтай сары гүл пайда болып, алып гүлдің өсуі тоқтады.
Құмырсқалар дәу гүлден өзгеше белгі байқалмаған соң оны ұмытып та кетті.
Бір күні жұмысшы Құмырсқа нан қиқымын тауып алды. Қиқымды арқалап алып, ұясына жүгірді. Жете бергенде алдына бірдеңе сарт етіп түсті. Қараса баяғы өзі көміп тастаған дәу дән. Дереу қарт Құмырсқаға айтуға асықты. Оны шақырып келсе дәу дәндер тау боп үйіліп қалыпты. Екеуі таң қап тұрып қалды.
– Бұлар қайдан келген? – деді жұмысшы Құмырсқа.
Сол кезде тағы бірнеше дән сарт-сарт етіп түсті. Қараса алып сары гүлден төгіліп жатыр екен.
Қарт Құмырсқа жан-жаққа кеткен Құмырсқаларды шақырып, дәндерді лезде-ақ ұясына тасып алды. Қарт Құмырсқа:
– Бір дәнді келесі көктемде тағы да көміп тастаймыз, – деді. Қалғандары оны құптай кетті.