Бір кәсіпті игеріп, оның шын майталман шеберіне айналғанымен қоймай, ұрпақтарына үлгі болып сол істі одан әрі жалғап отырған отбасылар көп-ақ. Оның ішінде, әсіресе еңбек адамдарының көбейіп келе жатқаны қуантады. Мәселен Атбасар ауданына қарасты Новосельское селосындағы Сафоновтар әулетінде темір жонушы – токарьлар династиясы үш ұрпаққа дейін жалғасып келеді. Бұл әулеттің аталған саладағы жалпы ортақ еңбек өтілі бүгінде 85 жылға жетіп жығылыпты.
Токарьлар әулетінің негізін қалаушы – Леонид Сафонов өзінің сүйікті кәсібін осыдан жарты ғасыр бұрын бастаған. Кезінде болашағын пойыз машинисі яки жүргізушілік мамандығымен байланыстырмақ болған балаң жігіт ойда жоқта сол кездегі кеңшарлардың бірінде электрлі механикалық цехқа тап болып, болашағы бір-ақ сәтте күрт өзгеретінін білмепті. Алғаш рет металлдан жіп-жіңішке әрі ұсақ-ұсақ жоңқалардың түсіп жатқанын көрген жігіт металл жону станогында жұмыс істеп үйренбек болады. Күні бойы механиктердің жанынан шықпай бәрін көңіліне тоқып, өзі де ақырындап жуандығы білектей сом темірлерді жонып көрген жігіттің бойын қызығушылық билеп кетеді. Содан келер күні мектеп бітіру кешіне барып келген жігіт ойланбастан бірден механикалық цехқа жұмысқа келеді. Бұл сонау 1973 жылдың көктемі болатын. Станоктағы тынымсыз жұмысын бұзбастан жігерлі жігіт бір мезгілде механизаторлық оқу курсын да тәмамдап алады. Кеңшарда егін орағы мен көктемгі егіс науқаны кезінде жұмыс күші тапшы болып жатқан кезде көмекке де шығып жүреді. Егін орағы аяқталған соң бірден өзінің сүйікті жұмыс орны – токарьлық шеберханаға қайтып оралатын. Леонид жұмыс қолының тапшылығынан темір жонушылықпен қатар фрезершілік пен тегістеушілікке де жылдам машықтанып алады. Бірақ өз өмірінде басты кәсіп ретінде нағыз майталман маманға айналған токарьлықты өз кәсібім деп санайтынын айтады. Тіпті, кезінде Леонид Тимофеевич жалғыз өзі бір кеште АН-2 ұшағының тұтас бөлшегін істеп шыққаны көпшіліктің көңілінен шығып, таң-тамаша етіпті. – Бірде жүгері өңдейтін техниканың білік темірін бөліп алған жұмысшылар менің көмегіме жүгінеді. Бөлшек кішкентай ғана болғанымен, техниканың жүруі үшін аса маңызды болатын. Жұмыстың нағыз қызған жазғыгүні қосалқы бөлшекті әкеліп береді-ау деп күтуге уақыт та тапшы. Жігіттер бірден цехке келіп білікті істеп беруімді өтінді. Қосалқы бөлшекті өз қолыммен жасай алатыныма сенімді. Дәл солай болды да. Көп ойланып жатпастан сынған біліктің көлемін өлшеп алып, цехқа барып жаңасын жонуға құлшына кірісіп кеттім. Білік темір техникаға қайта салғанда құйып қойғандай келе кетті, – дейді Леонид Сафонов. Мұқият дәлдік пен нақтылықты талап ететін кәсібін шынайы сүйетін Сафонов өзінің өміріне азық болған ісін мақтан етеді. Алғашқы тәлімгері Адам Бауэрді де үнемі есіне алып алғысын жаудырып әрі құрмет тұтады. Бүгінде зейнет жасына келген Леонид Тимофеевич кеңес сұрап келген жерлестеріне қолынан келген көмегін әлі де көрсетуден еш жалыққан емес. Ауылдастарының да көлігі мен техникасы бұзылып қалған жағдайда ең алдымен жүгінетіндері осы – Леонид Тимофеевич. Күні бойы сарт-сұрт еткен балға мен дырылдаған ауыр станоктың үйреншікті дыбысын құлағына құйып өскен ұлы Валентин де ақыры әке ізін жалғап, 1993 жылы тоғыз сыныпты тәмамдай сала ойланбастан әкесінің қасына жұмысқа келеді. Алдымен токарьдың көмекшісі болып орналасқан Леонид Сафоновтың ұлы да кәсіптің шынайы шеберіне айналады. Әке тәлімін көріп өскен жас жігіт аз уақыт ішінде темір жонуда аса қажет сызбаларды бес саусағындай меңгерген, жоғары сапа стандартын білетін, өлшеу саласындағы аса білгір мықты маманға айналады. Өзінің сыныптастары 11 сыныпты енді тәмамдап жатқанда шаруашылық жұмыстарына бел шеше кіріскен Валентин токарьлық мамандықпен қатар фрезерші және жүргізуші сияқты үш бірдей мамандықты игеріп үлгерген білікті маман болатын. Валентин Сафоновтың айтуынша, ол кәсіби шеберлікті тоқсаныншы жылдарда тереңірек меңгереді. Өйткені, балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен тоқырау тұсында қолда бар техникаға қандай да бір бұрандалар мен бөлшектерді сатып алу тіпті оны іздеп табу да мүмкін болмайтын еді. Сондықтан токарьлық цехтағы жұмыс әрқашан қызып жататын. Шаруашылықтағы механизаторлар мен ауылдас адамдар токарьға ең соңғы үмітпен жүгінеді. – Әбден тозығы жеткен бөлшектерді әкеліп «бірдеңе ойластыруға болмай ма?» деп қолыңа ұстатқанда қалай көмектесудің жолын іздеп ойлана бастайсың ғой. Ұзақ ойланып жатқанда бас тартар ма екен деп қауіптенгендер басқа амалға да көше бастайды. «Сіздер Сафоновтарсыз ғой! Бірдеңе қыларсыз! Көмектесіңізші!» деп қиылып сұрағаннан кейін бар идея мен қиялымды салып, темірдің тат басқан тұстарын айнадай жалтыратып, қажетті қалыпқа сай келетіндей етіп өлшеп жұмысты тиянақты әрі нәтижелі аяқтауға тырысамын. Бір ауыл емес тұтас округтағы халық күн сайын ағылып келіп жатады. Қалай дегенмен жүгініп келген жерлестеріміздің көңілін жықпай қолымыздан келгенше көмек бердік, – дейді Валентин Сафонов. 30 жылдан астам токарь болып еңбек еткен Валентин Сафонов қазір қызмет саласын өзгерткен. Қазіргі уақытта механизаторлық жұмысқа ауысып өз ісін ұлы Евгенийге тапсырған. Қазір кіші Сафонов та токарьлық істі толыққанды меңгеріп алған білікті маман. Күні бүгінге дейін атасы Леонид Сафонов жұмысын бастаған дәл сол цехта қазіргі «Новосельское» ЖШС-де токарь болып алты жылдан бері еңбек етіп келеді. Евгений Сафонов Қостанай қаласындағы колледжде автослесарь мамандығын бітірген соң бірден үйіне оралған. Евгенийдің әкесі мен атасының қасында токарьлық кәсіпті балалық шағынан меңгере бастағанын әрі станокта жақсы жұмыс істей алатынын білетін серіктестік басшылығы оқу бітіріп келген жас жігітті бірден жұмысқа шақырыпты. Евгений мектеп қабырғасында жүрген он жасынан-ақ әкесі мен атасы жұмыс істейтін цехқа жүгіріп келіп, олардың қалай жұмыс істейтінін мұқият бақылағанын еске алды. Балаң жігіт бұрандалар мен сом темірлерді өзі жонып көруді қатты қалағанын жеткізді. Алайда аса қатал атасы немересін ауыр станокқа колледжден іс-тәжірибе жинауға келген кезде ғана жіберіпті. Бүгінде мол тәжірибе жинақтаған Евгений Сафонов серіктестіктің үлкен көлемде түсетін жұмысын бір өзі ұршықша иіріп отыр. Ізін жалғаған немересінің қолынан шыққан дүниелерді көзімен көрген Леонид Тимофеевич Евгенийдің шеберлік жағынан әкесін де, атасын да басып озғанын мақтанышпен жеткізді. Мәселен, кіші Сафонов қазір екікірмелі және үшкірмелі бұрандаларды опоңай істесе, кеңестік заман токарьлары мұндайды мүлде көрмеген. Мұнымен қоса токарьлық станоктар сол кезден бері аздап қана өзгергенімен, заманға сай өскен жастар аға буынға қарағанда көбірек білетіні сөзсіз. Бұл орайда токарьлық қызмет пен шеберліктің де болашағы ең алдымен заманауи технологиялар мен цифрлық шешімдер екені рас. Бүгінде қоныс аударуды көздеген Евгений Сафоновтың шешіміне әкесі мен атасы құрметпен қарайды. Олар ең бастысы өздері бастаған токарьлық істің нағыз кәсіби шеберіне айналған ұлдың биік мақсатты бағындыратынына нық сенімді. Ал өз ісін жақсы білетін майталман маман қай жерде болсын құрметке ие болары анық.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ АҚМОЛА ОБЛЫСЫ


