Жыл сайын еріктілер қызметі шетелмен қатар, өз елімізде де өте танымалдылыққа ие болып келеді. Әсіресе, жас буынның бұған деген қадамы көпшілікті қуантып тұр. Қайырымды іске ұмтылғандардың қатарында көбіне-көп осы буын десек, артық айтпаспыз. Бүгінгі күні әр еріктінің қалауы бойынша өз қабілетін жүзеге асыра алатын көптеген қайырымдылық бағыттары бар.
Соның ішінде ең кең таралған бағыт – әлеуметтік еріктілік. Бұл – мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен балаларға, қарттарға, жалғызбасты адамдарға, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға және халықтың басқа санаттарына көмек көрсету болатын. Ал жақында ғана Ақмола облысы бойынша «Мeyirimdilik mekeni» тақырыбында қарияларға, сонымен қатар, балалар үйлеріне қайырымдылық акцияларын өткізу басталып кетті. Аталған шара аясында облыстық жастар ресурстық орталығы мен «Доброе сердце. Лидер кз» қоғамдық қоры бірлесіп, игі бастамаларды атқарып жүр. Олар жалғызбасты қарт адамдардың және көпбалалы ананың үйіне барып, азық-түлік себеттерін таратуға белсене араласуда. Жалпы, қоғамда адамдар әртүрлі көмекке мұқтаж екені белгілі. Мысалы, жалғыз өмір сүретін адамдар көбіне жай ғана бірге уақыт өткізуді, кейде пәтерді жинау мен аула тазалау мен тағы да басқа көмектерге өте зәру. Әрине, мұндай санаттағылардың басым көпшілігі жалғызбасты зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі азаматтар екені де рас. Мұндайда әу бастан Президентіміздің бастамасымен қолға алынған еріктілік жұмыстары қоғам тәрбиесіне, әсіресе, мектеп оқушылары мен жас студенттердің дұрыс тұлға болып қалыптасуына үлкен әсер етуде. Себебі, мұндай қайырымдылыққа араласу олардағы белсенді өмірлік ұстанымның және интеллектуалды даму деңгейінің жақсаруына ықпал етеді. Ал жалпы қайырымдылық жасауда жас буынмен бірге үлкендердің де белсенді араласып жүргені белгілі. «Қарттар – біздің асыл қазынамыз. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» деп дана халқымыз әу бастан-ақ айтып кеткені бәрімізге аян. Өмірдің бұралаң жолында, даналық соқпағын қалдырған қарттарымыз біздің баға жетпес асыл қазынамыз емес пе?! Өйткені өткен шақты екшеп, ертеңіңді болжап беретін, ақыл да, өнеге де осы жандардың бойында тұнып тұр. Сондықтан оларға деген сый-құрмет ешқашан бітпесі анық. Бүгін біз, алдағы Жастар күні қарсаңында ұйымдастырылып жатқан Ұлттық жастар онкүндігі аясында қаламыздағы жалғыз басты қарттарымыз, тыл ардагері және көпбалалы ананың үйіне барып азық-түлік себеттерімен гуманитарлық көмек көрсетуді жөн көрдік. Аталмыш акция волонтерлермен бірлесе жыл сайын өткізіліп отырады» дейді өз сөзінде Ақмола облысындағы «Волонтерлерді қолдау орталығы» фронт-кеңсесінің маманы Дидар Хамзин. Расы сол, мұндай қайырымдылық акциялары қоғамға пайдасы бар ізгі іс. Өңірдегі ерікті жастар мен мейірімді жандарымыздың арқасында көптеген мүмкіндігі шектеулі адамдарға, қарттарға, өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға үлкен көмек пен қолдау көрсетілуде. Мұндай қайырлы істен аймақтағы кәсіпкерлер мен бизнес өкілдері де бас тартқан емес. Өскелең ұрпаққа мұның берер өнегесі мол екені ақиқат.
Шернияз ЖАЛҒАСБЕКҰЛЫ


